Қазақстан • 21 Қазан, 2018

Мәдениет министрі жолдау бағыттарын түсіндірді

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Елбасы Жолдауының негізгі бағыттары мен жүзеге асырылу тетіктерін түсіндіріп, талқылау мақсатында Алматы облысына Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы сапармен келді.

Мәдениет министрі жолдау бағыттарын түсіндірді

Министр жұмыс сапары аясында Талдықорған қаласында жаңадан салынып жатқан мәдени нысандардың құрылысымен танысты. Соның бірі жақын күндері көремендерге есік ашатын қазақ драма театрының ғимараты. Әлемдік үлгіде салынған мәдениет ошағы Жетісу өлкесіндегі сәулетіне салтанаты жарасқан бірегей театр болмақ. Қазір театр ғимаратының құрылысы толық аяқталып, әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Тәуелсіздік күні қарсаңыңда ғимарат пайдалануға берілмекші.

Мұнан кейін Арыстанбек Мұхамедиұлы аймақтың зиялы қауымы мен спорт саңлақтары бас қосқан жиынға қатысып, Мемлекет Басшысының Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының басым бағытарына тоқталды.

– Елімізді ширек ғасырдан астам уақыт аралығында дүние жүзіне таныттық. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында біз өз мақсатымыздың биік межесін бағындырдық. Жаһандану көшінде көш бастаған 50 мемлекеттің ішіне ендік. Енді дамыған елдер санатына енген мемлекеттің халқы да әл-ауқаты жақсарған, тұрмыс сапасы түзелген ел болуы керек. Сол үшін Мемлекет басшысы биылғы Жолдауын жариялады, – дедді министр Салтанат сарайында өткен жиында.

Өз кезегінде сөз алған Алматы облысының әкімі Аманлық Батталов өңірдің мәдени өміріндегі жетістіктер мен экономикалық табыстарына тоқталып, Елбасы Жолдауы алдағы атқарылатын іске зор жауапкершілік жүктейтінін жеткізді.

- Жолдауды жетісулықтар үлкен ықыласпен тыңдады. Бұл – осыған дейін жүзеге асырылып жатқан стратегиялық бастамалардың заңды жалғасы. Елбасы Жолдауында берілген әрбір басымдық халқымыздың әл-ауқатын, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Бұл тұрғыда облыс Мемлекет басшысының әрбір міндеттемесін зор ықыласпен орындайтын болады, – деді аймақ басшысы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы