Саясат • 22 Қазан, 2018

Жолдау міндеттеріне сай Астанада ауқымды шаралар басталды

259 реткөрсетілді

Өткен жұмада Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауын түсіндіру мақсатында еңбек ұжымдары, оқу орындары, зиялы қауым өкілдері және Астана қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесу өтті. Кездесуді қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып, жүргізіп отырды.   

Оған Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов, Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов, Қаржы министрлігінің Ішкі аудит комитетінің төрағасы Азамат Ахметов, Сыртқы істер министрлігі Ха­лықаралық ақпарат комитетінің төр­аға­сы Талғат Жұмағұлов, Страте­гиялық зерт­­­теулер институты директо­рының орын­­басары Санат Көшкімбаев, «Жайна, Ас­тана» қоғамдық бірлестігінің төр­аға­­­­сы Мұх­тар Еркетаев және т.б. қатыс­ты. Олар – Жолдауды түсіндіру жөнін­дегі рес­­публикалық ақпараттық топтың мүшелері. 

Алдымен Ермек Аманшаев сөз сөйлеп, Жолдаудың Астана қаласына қандай өзгерістер мен жаңалықтар әке­летінін жеткізді. «Алдымен айтарым, бюджеттен ақша алатын 10 мың­нан астам азаматтық қызметкердің жала­қысы 30-35 пайызға дейін өсетін бола­ды. Бұған қажетті қаражат бюджеттен тиісінше көзделіп отыр. Ең төмен­гі еңбекақының өсетініне байланыс­ты 80 мыңнан астам жалдамалы жұмыс­шының еңбекақысы да өседі. 2018-2022 жылдарға қала өндірісіне құйылатын инвестициялардың есебінен жаңа 55 мың тұрақты және 100 мың уақытша жұмыс орындары ашылатын болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз еңбек нарығы жүйесін барынша жетілдіріп, барлық жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатын жағдайға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл қатарда жоғары технологияларға қол жеткізу мен цифрландыру жүйелері қатар жүргізілетін болады, дей келіп, ол одан әрі білім беру саласындағы өзгерістерге тоқталды. «Алдымыздағы бес жылда біз 37 жаңа мектеп құрылысы мен 10 қосалқы құрылыстарды аяқтайтын боламыз. Соның ішінде 4 нысан биылғы жылдың аяғына дейін пайдалануға беріледі. Ал 2019 жылдың аяғына дейін тағы да 14 нысанды пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар бұл мектептер қазіргі 1200 оқушыға арналған стандарттарда емес, 2500-3000 балаға арналған, кеңейтілген стандарттармен салынатын болады. Сөйтіп біз Аста­наның 20 жылдық тарихында қамтыған оқушыларының санына соңғы 5 жылда ғана жеткелі отырмыз. Осындай шара­лардың арқасында біз үш ауысымды мектептер санын да барынша азайтатын боламыз. Астанада бірінші рет білім беруді жаңаландыру орталығының базасы шеңберінде мемлекеттік және жекеменшік балабақша тәрбиешілерінің біліктілігін арттыру, методикалық кө­мек көрсету жұмыстарын бастадық. Бұл жұ­мыстарға Астана бюджетінен 350 млн теңгеден артық қаражат бөлін­ді. Қазірдің өзінде 1500-ден астам тәрбие­ші осындай, біліктілігін арттыру курс­тарынан өткізілді. Сонымен қатар қаланың білім беру жүйесіне дайындығы барынша күшті, біліктілігі жоғары мұғалім кадрларды тартуға жағ­дай туғы­зу жұмыстары да қатар жүр­гізілуде. Осыған байланысты, кадр­ларды сапалы дайындау мақсатымен биыл ғана аса қажетті мамандықтар дайындау үшін 13 ЖОО-ға 1 мыңнан артық грант бөлдік. Сөйтіп білікті педагогтар дайындау біздің жұмысымыздың басымды бағыты болып танылды», деді ол. 

Е.Аманшаев сондай-ақ Жолдаудағы аса маңызды басым­дықтардың бірі – денсаулық сақтау және дені сау ұлт қалыптастыру мақсаттарын орындау үшін Елбасы өзінің сөзінде денсаулық сақ­тау ісінің алдыңғы қатарындағы қыз­мет – емханалар мен амбулатория­лар сапасының жақсы болуын атап көр­сет­кен еді. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін медицина қызметкерлерінің еңбек­ақысы 20 пайызға кезең-кезеңмен өсірі­летіні айтылған. Астанада бұл 588 учаскелік дәрігерді және 1 мыңға жуық медбикелерді қамтиды. Ал жаңа әдіспен жұмыс істеу тәсілін үйрету 2019 жылдың соңына қарай толығымен аяқталады. Бұл медициналық көмек көрсету сапасын арттырады деген үміттеміз. Биылғы жылдың аяғына дейін медицинада толықтай қағазсыз жұмыс істеу әдісіне көшеміз. Бүгінгі таңның өзінде тұрғындардың 93 пайызы денсаулықтың электронды паспорттарымен қамтылды. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Аста­наның барлық емханалары мен ауруха­налары медициналық құжаттарды қағаз­сыз жүргізетін әдіске толықтай көші­ріледі», дей келіп, одан әрі Е.Аман­шаев алдымыздағы жылы тағы да 5 емхана салынатынын атап өтті. Бұл емханалар кезекті азайтады және бір дәрігерге қара­латындардың санын 1700-1800 адамға дейін қысқартады. Ал бүгінгі таң­да бұл сан 2200 адам болып отыр. Соны­мен қа­тар осы жылдың аяғына дейін тағы да 48 учаске ашу жоспарланған», деді ол. 

Сонымен қатар Е.Аманшаев Аста­нада кәсіпкерлікті ынталандыруға ба­ғытталған бизнес ахуалды арттыру шараларына да тоқталып өтті. Жыл басынан бері алғанда қаладағы ШОБ субъектілерінің саны 8,9 пайызға артты. Жалпы ШОБ өндірісінен бюджетке түскен салық көлемі 297,2 млрд теңгеге жетті, деді ол. Бұл барлық салық көлемінің 45 пайызы екен. 

Одан әрі халықты тұрғын үймен қамту мәселесіне тоқталған әкімнің орынбасары бұл жұмыстың Астанада қалай жүргізіліп жатқанын қысқаша айтып өтті. «7-20-25» бағдарламасына сәйкес үй алу үшін мұғалімдерге, бюд­жеттен еңбекақы алатын басқа да қызмет­керлерге, соның ішінде құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне 1000 000 теңгенің сертификаты берілді. Бұл жұмыс келесі жылы жалға­сын табады», деді Е.Аманшаев. 

Осыдан кейін сөз басқа спикерлерге беріліп, талқылау қорытындысы бойынша Жолдаудың барлық позицияларынан қарапайым адам нақты пайда табады деген ұстаным алға шықты. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар