Аймақтар • 22 Қазан, 2018

Парламент депутаттары Оралда үш ауысымда оқытатын мектепте болды

834 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжілістің бір топ депутаты Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында үш ауысымда оқитын №47 жалпы білім беретін мектеп жұмысымен танысты.

Парламент депутаттары Оралда үш ауысымда оқытатын мектепте болды

Елімізде 127 мектеп үш ауысымда білім беруге мәжбүр болса, 44 мектеп ғимараты апат жағдайында тұр. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында білім саласына ерекше көңіл бөліп, жоғарыдағы мәселені тез арада шешуді тапсырған болатын. Қазақстан Парламентіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина, Жәмила Нұрманбетова, Светлана Бычкова және «Ақжол» партиясы фракциясынан Кеңес Абсатиров Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелерді талқылау үшін Орал қаласының Зачаганск ауданында жобадағы 1200 оқушының орнына 2800-дей бала оқып жатқан №47 мектепті арнайы аралап көрді.  

Батыс Қазақстан облысында үш ауысымда білім беріп жатқан мектеп саны бесеу, олар – Орал қаласындағы №10, 18, 20, 47 және эстетикалық бағытта білім беретін гимназия. Жалпы БҚО бойынша 2163 оқушыға орын жетіспейді.

- Үш ауысымда оқытатын мектептер туралы Президент Жолдауында да айтылып, бұл мәселені тез арада шешу тапсырылған еді. Сонымен бірге «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң жобасын жергілікті мұғалімдермен талқылау үшін өңірлерге келдік. Білім берудің қолжетімділігін арттыру үшін 2019-2021 жылдары республика бюджетінен қосымша 50 млрд теңге бөлінетін болды. Еліміз бойынша 10311 білім мекемесі бар, оның 68%-ы мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік. 90 мыңнан аса педагог мамандардың 55 мыңы тәрбиеші болып қызмет етеді. Елімізде педагог кадрлардың орташа жалақысы 76 мың теңге болса, тәрбиешілер 30 мың теңге айлық алады. Көріп отырғанымыздай, алда шешілуі тиіс мәселе көп. Сондықтан жергілікті жерлердегі жағдайды көзімізбен көріп, Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға нақты көмегімізді көрсеткелі келдік, - дейді Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина.

Парламент депутаты Жәмила Нұрманбетова өз сөзінде Президент Жолдауына сәйкес алдағы бес жыл ішінде елімізде ғылым, білім және денсаулық саласына бөлінетін қаражатты ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін көтеру туралы стратегиялық міндет қабылданғанын, бұл межеге жету үшін кешенді шаралар қажеттігін айтты. «Қай жерге қандай мектеп қажеттігі жөнінде мәселені жергілікті әкімдіктер министрлікпен бірге тез арада шешуі қажет. Мектеп ғимараттарын жоспарлауда демография мен миграция көрсеткіштері ескерілуі керек» дейді депутат. Сонымен бірге бала қауіпсіздігі үшін білім мекемелерін 100 пайыз бақылау камераларымен қамту керек. Жергілікті әкімдік дерегінше, келешекте Зачаганск кентінде 1200 орындық тағы бір мектеп салынуы жоспарланған. Бірақ Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың пікірінше, аудан тұрғындарының демографиялық өсімі мен құрылыс қарқынын есептесек, бұл ауданға әлі екі мектеп қажет.

- Әрине, оқушы санының көптігі біраз қындық тудырады. Мысалы, дайындық бөлімінде бір сыныпта 35 оқушыға дейін білім алады. Дегенмен, біз білім сапасына көңіл бөліп, барынша қызмет атқарып жатырмыз. Өткен оқу жылында мектеп бітірген 69 түлектің 39-ы мемлекеттік грант жеңіп алды. Қазақстан бойынша ҰБТ-дан ең жоғары балл алған шәкірттер қатарында 137 балл жинаған біздің Анжелика Степанида бар. Мектебіміз жаңа, 2015 жылы пайдалануға берілген. Барлық кабинетіміз интерактивті тақтамен, тиісті құрал-жабдықпен қамтылған, мамандар жеткілікті. Мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Әрине, ауданымызда жаңа мектеп салынып, оқушылар бөлінетін болса, мүмкіндігіміз көбейе түсері сөзсіз, - дейді №47 мектеп директоры Наталья Ерғожиева.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Назгүл ҚОЖАНБАЕВА