Әлем • 23 Қазан, 2018

Варшавада Қазақстанның туристік павильоны ашылды

361 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Туризмнің көптеген мемле­кеттердің экономикалық дамуында маңызды салаға айнал­ғандығын көз көріп жүр. Өзге елге саяхаттаған кез келген жан ол мемлекеттің экономи­касына қаражат салумен қатар, жергілікті халықтың тарихынан, салт-дәстүрі мен мәдениетінен кешенді ақпарат ала оралады. Демек, туризмді тек экономикалық өлшеммен ғана емес, сонымен бірге елдің халықаралық кеңістікте танылуына қажетті маңызды сала ретінде бағалаған дұрыс.

Варшавада Қазақстанның туристік павильоны ашылды

Қазан айының 19 күні Польшаның бас қаласы Варшава шаһары туризм­нің шынайы орталығына айна­лып шыға келді. Оның себебі сол күні Варшавадағы «Ptak Warsaw Expo» көрме және конгресс орталығында «World Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесі өз жұмысын бастаған болатын. Осы орайда ірі масштабтағы іс-шараларды өткізуге арнайы салынған аталған нысанның Орталық Еуропадағы ең үлкен көрме кешені екендігін айтуға тиіспіз. Шар­тараптан жиналған жүздеген туро­ператордың, туризм саласына қажетті тауар өндірушілердің басын қосқан жәрмеңке «Жергілікті және шетелдік туристік салоны», «Camper&Caravan» (автоүйлер) және «Варшава яхта» салондары құры­лымында жұмыс жасауда. 

Польша тарапының «World Travel Show» халықаралық турис­тік жәр­мең­кесін ұдайы өткізуі кездей­соқтық емес. Себебі Еуропаның орталығында орналасқан бұл мемлекет туризм саласын қарқынды дамыту бағытында көп жұмыс атқаруда. Қазір Польшада туризм индустриясы қалыптасқан деп айтуға толық негіз бар. Елдің аталмыш саладағы құзырлы спорт және туризм министрлігінің келтірген рес­ми мәліметіне сәйкес, бүгінде мем­ле­кеттегі ІЖӨ-нің 6%-ы туризм сала­сы­ның үлесіне тиеді екен. Ол дегеніміз – жүздеген мың жұмыс орындары. 

Биыл туристік салада өзіндік орны бар, төртінші рет өткізіліп отырған осы жәрмеңкеде Қазақстан павильоны ашылып, шараға қатысушылар арасында үлкен қызығушылық туғызды. 

Еліміздің павильонына арнайы келген Польша Республикасының спорт және туризм министрі Витольд Банька Қазақстанның Польша­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Марғұлан Баймұханмен бірге оның лентасын қию рәсімінде ұлттық тағам­дарымыздан дәм тата отырып, павильон жұмысымен танысты. 

«Қазақ туризм» ұлттық компа­ния­сының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Польшадағы елшілігі­нің қолдауымен жұмысын бастаған отан­дық павильонның түпкілікті мақсаты – айтулы халықаралық шара аясында еліміздің туристік әлеуетін шетелдіктерге кешенді таныстыру, келешекте мемлекетімізге туристер легін көбірек тарту. 

«World Travel Show» халықаралық туристік жәрмеңкесінің көрнекті жерлерінің бірінде орын тепкен Қазақ­стан павильонында Польшамен, жалпы Еуропа елдерімен тығыз жұмыс жасасып келе жатқан 5 туристік оператор келушілерге өз қызметтерін таныстыруда. 
Қазақстан үшін еуропалық, оның ішінде поляк туристерінің көптеп келуі аса маңызды. Еліміздің Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі Мар­ғұлан Баймұхан мырза Елбасының отандық туризм саласының дамуына айрықша назар аударып отырға­нын атап өтіп, қазіргі уақытта салада үлкен серпілістің бар екенін сөз етті. Елшінің сөзіне қарағанда, өткен жылы елімізге келуші поляк азаматтары үшін визалық режімнің алып тасталуы бүгінде оң нәтижесін беруде. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында өткен жылдың межелі уақытымен салыстырғанда елімізге келуші поляк туристерінің саны 27%-ға артқан. Сонымен қатар Еуропа құрлығынан келген туристердің үштен бір бөлігін поляк туристері құраған екен. 
Шара аясында Қазақстанның туристік павильонын тамашалаушылар бір сәтке де үзілмеді. Келушілер арасында оқушы және студент жас­тарды, немересін ерткен зейнеттегі кейуананы, шетелдік туристік фирмалар өкілдері мен журналистер болды. Жиын барысында солардың бірқатарын сөзге тарттық.

Цезары РУДЖИНЬСКИЙ, ардагер жур­налист: Мен өмір бойы саяхаттап келе жатқан жанмын. Қазақстан – үл­кен мемлекет. Сіздердің елдеріңіздің ту­­рис­тік әлеуеті зор. Елдеріңізде заң­ғар биік таулар да, ұш-қиыры жоқ жа­зық дала да бар. Сонымен қатар сіз­­­дер­­де туристер үшін қызықты бола­тын жерлер жетіп-артылады. Осы орай­да Қазақ­стан тарапының мұндай шара­­ларға қатысып, өз туристік мүм­кін­діктерін таныстыруы аса қажет деп білемін.

Мечислав ЛАПАНОВСКИЙ, «REMIX S.A.» компаниясы басшы­сы­­ның кеңесшісі: Мен өз өмірімнің бес жылын Қазақстанда өткізген адаммын. Мемлекеттеріңіз түрлі белдеу­лер үйлескен, тамаша қайталанбас та­би­ғаты бар ел. Бірақ еуропалық турис­тер үшін бастысы жергілікті халық, олардың ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлері қызықты болмақ. Осы орайда сіздерде қазіргі Еуропада сирек кездестіретін берік отбасы­лық құндылықтар жақсы сақталған. Қазақстанда бір рет болған адам оны әсте есінен шығармайды, үнемі қайта болуға аңсары ауып тұрады. 

Туристік жәрмеңке аясында елі­міздің туристік әлеуетін таныстырудан өзге «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы мен поляк туристік ұйымы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған келісім қос мемлекеттің туризм саласын үйлестіруші орталық мекемелеріне өзара ақпарат және тәжірибе алмасу, бірлескен іс-шара­лар өткізу, мамандарды оқыту мен білік­тілігін арттыру сынды тың мүмкін­діктер бермек. 

Жандос ӘУЕЛБЕКҰЛЫ, 

«Егемен Қазақстан» 

Польша

Соңғы жаңалықтар