26 Ақпан, 2010

ҰЛТ ТАРИХЫНДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕКТЕР

1085 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ұлт тарихын жазу, халық тағ­дырын сараптау сынды маңызды мәсе­лелердің көбісі бүгінгі таңда қағаз беттеріне түсіп жатыр. Бола­шақ ұрпаққа қалдырған тарих ақиқаты олардың өсіп-өркендеуіне үлкен серпін берері анық. Тарих­тың саясатпен қоса экономикамен де бір арнада тоғысып жататын­дығы мәлім. Сол себепті қазіргі заман тарих­шыларының көбі тарих пен саясат сынды жүгі ауыр қоғам­дық мәсе­ле­лерде дұрыс түсінушілік қалыптас­тыру үшін қалың бұқараға арнап, көптеген еңбектер жазып жүр. Қазақстан Республикасының Ұлттық мұрағатында Мемлекет тарихы институты мен Астана қала­лық Қазақстан халқы Ассамблея­сының бірігіп ұйымдасыруымен аталған институт ғалымдарының жарыққа шығарған кітаптарының тұсаукесері өткізілді. Мемлекет тарихы институтының құрылғаны­на бір жылдан сәл астам ғана уақыт болса да ғылыми, ғылыми-әдісте­мелік және ақпараттық-анықтама­лық сынды 15 кітап жарық көріп үлгерген. Баспадан шыққан еңбек­тер­дің қатарында Ж.Қыдыралина­ның “Ұлт және тарих” (“Нация и история”), Х.Әбжанов пен Ғ.Кен­же­баевтың “Тәуелсіз Қазақ­стан: жоғары білім, ғылым, саясат” атты монографиясы, тағы да басқа еңбек­тердің бәрі ұлт тарихымен тығыз сабақтасып жатыр. Мәселен, “Ұлт және тарих” атты монографияда ХХ ғасырдағы Қазақ­станның ұлттық саясатын жүзеге асыру­дағы тарихи тәжіри­белер, қазір­гі ұлттық-мемлекеттік құры­лым­дағы өзекті мәселелер, ұлт­тық идеяның қалыптасуы, елі­міз­дің қо­ғам­­дық-саяси үрдісін­дегі интелли­ген­цияның рөлі мен орны баян­далады. Ал “Тәуелсіз Қазақстан: жоғары білім, ғылым, саясат” моногра­фиясында тәуелсіздік жылдарын­дағы еліміздің жоғары білім беру мен ғылым саласындағы мәселелер жайы зерттелген. Қазақстанның қалыптасу тарихы­нан басқа, қоғамдағы саяси жүйенің орнығуы жайлы еңбектер де кездеседі. Мысалға, “Қазіргі кезеңдегі Қазақстанның саяси партиялары” атты қазақ және орыс тілдеріндегі анықтамалық жинақта партиялардың бағдарламалары, жарғылары мен партия жетекші­лерінің өмірбаяндары туралы мәліметтер берілген. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. “ҚАЙТКЕНДЕ АЛАШ КӨРКЕЙЕР...” Бар саналы өмірін қазағының бақыты мен болашағына арнаған ұлт көсемі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, публицист Әлихан Бөкейханның 7 томдық толық шығармалар жинағының алғашқы үш томы оқырманға жол тартты. Ұлттық кітапханада таныстырылымы өткен жиынға еліміздің белгілі қайраткерлері мен ғалымдары, оқырмандар қатысып, бұл еңбекті алаштанудағы тарихымызға қосылған ең бір сүбелі үлес қатарына қосты. Әрқайсысы 2 мың данамен жарық көрген еңбекке қайраткердің 1889 – 1913 жылдар аралығындағы мерзімді басылымдарда, ғылыми журналдар мен жинақтарда қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген ірі ғылыми монографиялары, ғылыми-зерттеу­ле­рі, саяси публицистикалары, әдеби ау­дармалары мен жеке хаттары кір­ген. Жинақты құрастырушы әлихан­танушы ғалым, филология ғылымда­рының кандидаты Сұлтанхан Аққұл­ы­ның 19 жылға жуық ізденіске толы ең­бегінде бұрын баспасөзде жазыл­ма­ған тың деректер, зерттеулер аз емес. – 1906 жылы Омбыда “Степной пионер” газетінде Ресейдің реакция­шыл үкімет басшысы Столыпинді жер­мен-жексен етіп сынаған шама­мен 25 мақаласы бар. Бұлар еш жерде жарияланбаған. Кітаптың төртінші томынан тағы бір тың дерек таба­сыз­дар. Кезінде Ресейде Брокгауз бен Эфронның керемет энциклопедиялық сөздігі шыққан. Әлекең 1908 жылдан 1917 жылға дейін энциклопедияның 8 томынан 22 томына дейін редак­ция мүшесі болған. Сондағы Ә.Бө­кейханның өзі туралы анықтамада 1906-1907 жылдары “Омыч”, “Ир­тыш”, “Голос степей” деген үш газет­ке редактор болғаны айтылады. Әзірге “Омычтің” бірде-бір данасы табылған жоқ, “Иртыштың” құдай сақтап қал­ған екі данасы бар екен, соны тап­тым. Сосын “Голос степей” газетінің бүкіл 42 данасы табылды, – дейді зерттеуші ғалым. Сондай-ақ, құрастырушы Ә.Бө­кей­­ханның қазақтың жылқысы туралы бірнеше очерк жазғанын, соны таба алмай жүргенін, ол кісінің қызы Елизаве­та­ның айтуынша, 1930-шы жылдардың ортасына дейін француз­дардың “Фи­гаро” газетімен байла­ныста болған деген хабар барын, қазір соны іздестіру үстінде екенін жеткізді. – Әлихан Бөкейханов – қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көш бас­таушысы, – деді жиынды жүргізген көрнекті ғалым, белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді. – ХХ ғасырдың басында қазақ мемлекеттілігін жаң­ғыр­тушы, оны теориялық, практика­лық тұрғыдан негіздеуші ғана емес, іске асыруға күш салушы тарихи тұлға. Сондықтан Ә.Бөкейханның көптомдығының тұсаукесері біздің рухани өміріміз үшін де, ғылым үшін де, бүгінгі қазақ қоғамының болмысы үшін де үлкен тарихи маңызы бар оқиға деп білемін. 1994 жылы Қазақстанда Ә.Бөкей­ханның жинағын шығарушылардың бірі болған Мәмбет Қойгелдінің ай­ту­ынша, бұл 7 томдық шығармалар жи­на­­ғының басым бөлігі бұрын оқыр­ман қолына жетпеген шығар­малары, еңбектері. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Алматы.