Қазақстан • 24 Қазан, 2018

Әулиеатаға аялдаған керуен

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарихтың тағылымы қашанда ұрпаққа өнеге. Қазақ топырағының тұңғиыққа толы тарихы, өткені мен бүгіні желісі үзілмеген құндылық. Тарихи шындықтың қай кезде де ақиқат биігінен көрінетіні анық. Еліміздің қай қиырында да тағылымға толы тарих бар. Ал оны тану, білу әрі ұрпаққа аманаттау парыз.

 Әулиеатаға аялдаған керуен

Осы орайда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде Алматы облысының «Жер жәннаты Жетісу жерінен көне Тараз өңіріне» атты «Рухани керуен» Әулиеата өңіріне келген болатын. Ежелден Әулиеата атанған тарихи мекеннің шертер тағылымы көп. Жетісулықтар әуелі облыс орталығындағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде болып, екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың тарихын тамашалады. Мұнда келуші қонақтарды Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» тарих және археология бөлімінің басшысы Сауран Қалиев Тараз қаласының ежелгі орынымен таныстырды. Мыңдаған жылдар бойы сақталып келген алып қорғандар, құнды жәдігерлер турасында мағлұмат берді. Сонымен қатар, жетісулықтарға «Көне Тараз» кешенінің аумағындағы ерте ислам дәуіріндегі мешіт тарихын, Тараз жерінде болған әйгілі Атлах шайқасын, балбал тастардың тағдырын әңгімеледі.

Бұдан кейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Сұлтан Дүйсенбинов бастаған жетісулықтармен кездесті. Өз кезегінде әкім қос өңірдің тағылымға толы терең тарихы туралы сөз қозғап, бүгінгі таңда Жетісу және Әулиеата өңірлерінің арасындағы мәдени байланыстың берік екеніне тоқталды. Сонымен қатар, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңыздылығын атап өтті. Кездесу барысында Алматы облысының Құрметті азаматы, әйгілі «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақ бейнесін сомдаған актер Әлімғазы Райымбеков, Сұлтан Дүйсенбинов және өзге де азаматтар сөз алып, өз ойларымен бөлісті.

Жалпы, Жамбыл өңірі дегенде Ақыртас, Төрткүл кешендері мен Қарахан, Айша бибі, Дәуітбек кесенелері сияқты тарихи нысандар еске түседі. Бұл орайда жетісулық рухани керуен мүшелері Жамбыл облысының осындай тарихи-мәдени жерлеріне саяхат жасап, тағылымды орындармен танысты. Әрбір нысанның тағдыры мен тарихы туралы әңгімеге қанықты.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар