Мұнда Елбасымыздың өзі жазған кітаптарымен қатар, мемлекет басшылары және қазақстандық авторлар тарту еткен қолтаңбалы кітаптар, Президенттің жоғары мемлекеттік наградаларының жинағы, сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының шет тілдерге аударылған еңбектері, музей экспонаттары мен архив құжаттары қойылған. Тіпті Елбасының ата-анасы тұтынған заттар да көрме ажарын ашып тұр. Бұл мекеме кітапхана, музей, архив қызметімен тікелей айналысса да, қызмет бағыты былайғы көпшілік кітапханалардан мүлде өзгеше. Қызмет ауқымы өте кең. Алайда оны көру мүмкіндігіне көбіне астаналықтар мен оның қонақтары ғана ие болып келгені жасырын емес. Сондықтан өткен жылдан бастап Елбасы кітапханасы еліміздің облыстарында «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» деген тақырыпта Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі қор көрмесін өткізе бастады. Алдымен өз жұмысын Алматы мен Шымкентте бастаған көрме осы жылдың 18 қыркүйегінен бері жұмысын Атырауда, облыстық Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы сәндік өнер музейінде жалғастырып жатыр. Бір ай уақыттан бері көрменің басты қызмет көрсетушісі болып отырған музей ұжымы бұл мәдени оқиғаға үлкен дайындықпен келді. Осы мерзім ішінде көрмені жүз мыңға жуық көрермен тамашалады. Бұл көрмеден Нұрсұлтан Әбішұлының ауыл баласынан бастап Елбасына айналуына дейінгі өмір жолы туралы архивтік құжаттар, фото-бейне материалдар, музейлік экспонаттар орын алып отыр. Көрмеге бірнеше ғасыр бұрынғы жәдігерлер де қойылған. Соның бірі – қазақ-жоңғар шапқыншылығында ел қорғаған шапырашты Бөлек батырдың дулығасы. Болат металл мен табиғи тастардан нақышталған бұл жәдігер ХVІІ ғасырға тиесілі екен.
Төлеген ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
Атырау облыстық Ш.Сариев атындағы көркем сурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің басшысы