Өнер • 24 Қазан, 2018

Әміре атындағы фестивальге 34 жас әнші қатысты

1079 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл - алаштың атын ең алғашқылардың қатарында төрткүл дүниеге танытқан ұлы әнші, актер Әміре Қашаубаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл. Өнерпаздың мерейлі мерейтойы жуықта туған жері – Шығыс Қазақстанда, облыс орталығы - Өскеменде кең көлемде бірқатар тағылымды шаралармен аталып өтті.

Әміре атындағы фестивальге 34 жас әнші қатысты

17-21 қазан аралығында Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлесуімен Астана қаласының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған  Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестивальге 34 жас дәстүрлі әнші қатысты.

Бес күнге созылған шара 17 қазанда Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында «Әміре» көркем фильмінің көрсетілімінен басталды. Көрсетілімге фильмде даңқты тұлғаның рөлін ойнаған Санжар Мәдиевтің өзі де Астанадан арнайы келді. Ал 18-20 қазан күндері Қазақстанның Халық әртісі Қажыбек Бекбосынов, өнертанушы, әміретанушы Жарқын Шәкәрім, Бақыт Үдербаева бастаған, Толғанбай Сембаев, Гүлмира Сарина, Амангелді Күзеубаев, Ербол Айтбаев қостаған қазылар алқасы байқауға келген қатысушылардың өнерін үш кезең бойынша сарапқа салды. «Фестивальге келген жастар шама-шарқыларынша өнерлерін көрсетті. Өнерпаздардың орындаушылық деңгейі жақсы, басым көбі әншілік аппаратты меңгеруге жұмыс жасағаны байқалып тұр. Әттең-айы, әннің мазмұнына көңіл бөлу қалыс қалып жатыр. Әрине, бұны жас әншілер болашақта ескереді деп ойлаймын. Жалпы, байқау өте жоғары, кәсіби деңгейде ұйымдастырылды», - дейді Алматыдағы Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының «халық әні» кафедрасының меңгерушісі, PHD докторы Амангелді Күзеубай.

1974 жылы Мәскеуден біртуар әншінің дауысын тауып, ұмытылып бара жатқан өнерпазды халқымен қайта қауыштырған өнертанушы Жарқын Шәкәрім 1980 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқаудың биылғы өзгешелігі фестиваль форматында ұйымдастырылғандығында екендігін айтады. «Ең қуаныштысы, есте қаларлығы, Өскеменде Әміреге үлкен ас берілді. Өзім осыған қатты қуандым. Осы істің басы-қасында жүрген Мәдениет және спорт министрлігіне, облыстық Мәдениет басқармасына алғысым шексіз.  Фестивальға ішінде тенор дауыстысы да, бас дауыстысы да бар, мықты-мықты қыз-жігіттер келді. Асқар Мұқияттың дауысы қандай! Мөлдір, таза. Бауыржан Нұрмұхановтың дауысы тенор екен. Қай әнді айтса да, Әміреге тақап айтты. Берікбол Көпенұлының «Ағашаяқ» әнін тамаша орындады. Берікбол Әміренің досы ғой. Бұл әнді Әміре оның жанында жүріп үйренген», - дейді өнертанушы.

Бір аптаға жуық Өскемен аспанында дәстүрлі әндерді қалықтатқан Әміре Қашаубаев атындағы республикалық фестиваль облыстық драма театрда Гала-концертпен қорытындыланды. Өз еркімен, еркінен тыс жиналған көрермен Гала-концертте фестиваль жүлдегерлерімен қатар Астанадан құрметті қонақ ретінде шақырылған дәстүрлі әншілер Медғат Манапов, Перизат Тұрарова, Айтбек Нығызбаев пен Ерлан Рысқалидың әуелете шырқаған әндерін тыңдады. Марапаттау рәсімінде сөз алған қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі Қажыбек Бекбосынов: «Ерекше айтқым келетіні, байқауға қатысушылар бұрын 9-10 адамнан аспайтын еді. Осы жолы фестивальге 34 жас әнші қатысты. Үш күн бойы сабылып байқау өткіздік. Өнерпаздар бірінен бірі өтеді. Олардың дәстүрлі әнге көңіл бөлгендері, соны ұстап жүргендері қуантты» дей келе фестивальді ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.  

Сонымен, фестиваль қорытындысында екі үшінші орынды Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттері  Диас Мұратхан мен Біржан Айтахметов иеленсе, екінші орын Батыс Қазақстан облысы Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Ернар Өмірәліге бұйырды. Жүлделі 1 орынды Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Бауыржан Нұрмұханов қанжығаласа, бас жүлде – Гран-приге (1 миллион теңге) Алматыдағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының әншісі Асқар Мұқият лайық деп табылды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН