Аймақтар • 24 Қазан, 2018

Қарағандыда Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты,  Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы және Халықаралық Түркі академиясымен бірлесе ұлттық термин жасау ісінің тарланбозы, ғалым, аудармашы, жазушы Ісләм Жарылғаповтың  100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ сөзжасамы: тарихы, бүгіні, келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Қарағандыда Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Конференция жұмысын облыс әкімі Ерлан Қошанов ашып, жүргізіп отырды.

Арқа төсіндегі алқалы жиынға бауырлас Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан елдерінің және республикамыздың тіл тану ғылымының есімдері  кеңінен танымал мамандары, әдебиеттанушылары, тарихшылары, халықаралық ұйымдардың басшылары, белгілі қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары,  жоғары оқу орындарының профессорлары, оқытушылар, магистранттар, студенттер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Мәртебелі меймандар арасында Халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымының Бас xатшысы Дүйсен Қасейінов, Халықаралық Түркі академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дархан Қыдырәлі,   Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аxмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Аxмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, Ұлттық ғылым академиясының  академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы болды.

Сонымен қатар, конференцияда  Анкара қаласының                                        Гази университетінің профессоры, Түркітану орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы Хулия Касапоглу Ченгел, Қырғызстаннан Халықаралық Түркі академиясының бас ғылыми қызметкері, профессор Қадыралы Қонқобай, Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Булудхан Азизоглу Халилов мазмұнды баяндама жасады.

Конференцияның соңына таман Халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымының Бас xатшысы Дүйсен Қасейінов түркі дүниесі мен ұлт руханиятына сіңірген еңбегі үшін бір топ ғалымды арнайы медальмен марапаттады. Олардың арасында Халықаралық Түркі академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі де болды.

Жиын соңында Ісләм Жарылғаповтың ағайыны, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Ғазым Жарылғапов конференцияға қатысушыларға әулет атынан алғыс айтты.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды