26 Ақпан, 2010

СЕЛДІҢ ҚАУПІН СЕЙІЛТУ ШАРАЛАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

1150 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қаңтардың соңғы күндеріндегі жаңбыр мен қардың мол түсуі өңірде ылғалдың шамадан тыс жиналуына әкелді. Оған ақпандағы ауа райының күрт жылынуы мен жылы жаңбырдың әсері қосылып, көптеген аймақтарда сел қаупін туғызып, әбігерге салды.Қазіргі кезде Панфилов ауданындағы Қырыққұдық, Іле ауданындағы Ақши, Ұйғыр ауданындағы Шонжы, Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш, Тарғап, Ескелді ауданы және Қапшағай қалаларындағы ойпаң жерге орналасқан тұрғын үйлерді, көшені су басып, жедел көмек қажеттігін көрсетті. Осыған орай облыс әкімдігі мен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері, әскерилер тұрғындардың қыстың көзі қырауда жапа шекпеу шара­ларын қарастырып, қажетті техника түр­лерін жұмылдыруда. Сондай-ақ, халықты қауіпсіз жерге көшіру, орналастыру жұмыс­тары да ұйымдастырылған. Панфилов ауданындағы Қырыққұдық ауылындағы отбасылары уақытша қонақүй­лерге орналастырылса, Ұйғыр ауданындағы Қалғантам және Ұзынтаң елді мекен­деріндегі көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, адам күші, техника жұмыс істеуде. Тарғап ауылындағы 40-тан астам отбасы қауіпсіз жерге көшірілсе, темір жол бекеттерінің бойын­дағы халықтың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыс жалғасуда. Жағдай Күрті су қоймасының төменгі сағасына орналасқан Ақши ауылында күр­делі. Мұндағы 6 000 адам қауіпсіз аймақ­тарға көшірілген. Облыс әкімінің орын­басары Болат Тәкенов пен Іле ауданы­ның әкімі Николай Логутов басқарған комиссия мүшелері тұрғындардың отбасылары мен мал-мүлкін селдің шайып кетпеуі үшін платинадағы суды бірнеше компрессорлар арқылы арнасына жеткізбей ағызуды жал­ғас­тыруда. Селдің алдын алу шаралары­на 20 техника, жүзден астам адам күші жұмыл­дырылып, төтенше жағдай жарияланған. Жағдай әлі де қауіпті қалпында қалып отыр. Бұған ауа райының күрт жылынып, жаң­бырдың жиілеуі қосылса, қауіпті сейілт­пейтіні айтпаса да түсінікті. Демек, тұрғын­дардың үйлеріне оралуына әлі ерте. Ал, комиссия мүшелері түнгі, күндізгі кезекшілікті ұйымдастырып, қауіпсіздік шараларының алдын алып, бар мүмкіндікті жұмылдыруда. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.