Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Алматыда Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздік органдары мен арнаулы қызметтері басшылары кеңесінің (ҚОБК) 45-отырысы өтті. Алқалы жиында қауіпсіздік саласындағы ортақ мәселелерді оңтайлы шешудің жолдары сараланды.

Алматыда Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті

Іс-шараға Әзербайжан МҚҚ, Армения ҰҚҚ, Беларусь МҚК, Қазақстан ҰҚК, Қырғызстан МҰҚК, Ресей ФҚҚ, Тәжікстан МҰҚК және Өзбекстан МҚҚ басшылары бастаған делегациялар қатысты. Одан басқа, шақырылғандар ретінде Әзербайжан, Қазақстан және Ресей Сыртқы барлау қызметтерінің, сондай-ақ ТМД Атқару комитеті мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Террорға қарсы орталығының өкілдері қатысты.

Достастық елдерінің қауіпсіздік органдарының қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша ақпараттық және практикалық өзара іс-қимыл тиімділігін арттырудың өзекті мәселелері талқыланды. Халықаралық терроризмге, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және киберқауіпсіздік саласында ынтымақтастықты күшейту қажеттігі аталды.

Арнаулы қызметтер өкілдері ірі халықаралық іс-шаралар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жоспарлау және ұйымдастыру бойынша өзара тәжірибе алмасты. Басқосу қорытындысы бойынша тиісті шешімдер мен оларды іске асыру мәселелеріне негізделген нақты мақсаттар айқындалды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ