Қазақстан • 25 Қазан, 2018

К. Күйіков Австрияда «Ядросыз болашақ» сыйлығына ие болды

462 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылы 24 қазанда Австрияның Зальцбург университетінде «Ядросыз болашақ» сыйлығының (Nuclear-Free Future Award – NFFA) марапаттау рәсімі аясында қазақстандық суретші, халықаралық антиядролық қозғалысының белсендісі, «АТОМ Жобасының» Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков марапатталды, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. 

К. Күйіков Австрияда «Ядросыз болашақ» сыйлығына ие болды

Қазақстанның Австриядағы Елшісі Қайрат Сарыбай «Ядросыз болашақ» сыйлығының иегерлерін антиядролық қызметтерінің жоғары баға алуымен құттықтап, Кәріпбек Күйіковтың марапатталуы ядролық қарусыздандыру мен таратпау жаһандық үдерістерінде Қазақстан рөлі және Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамаларының мойындалуын білдіреді деп атап өтті. Елші барлық қатысушыларды әлемнің ядролық жарылыстардан құтылу үшін күш салуға бағытталған «АТОМ Жобасы» онлайн - петициясына өздерінің қолын қоюға шақырды.

Қазақстандық өкілмен қатар, Австралия, Ұлыбритания, Франция және Австрияның өкілдері де сыйлықтың иегерлері болып аталды.

Кәріпбек Күйіков – 2012 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев бастамашылық жасаған «АТОМ Жобасының» Құрметті Елшісі болып табылады. Жобаның миссиясы – ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу және барлық елдердің ядролық қаруды толық жоюға жаһандық қоғамдық қолдауды біріктіру.

«Ядросыз болашақ» сыйлығы 1998 жылы Франц Молл қорымен құрылды және антиядролық белсенділердің, ұйымдардың және қауымдастықтардың қызметін ынталандыруға бағытталған. Биылғы жылы сыйлықтың 20 жылдығы атап өтілуде.

Бұрын әлемнің 80-нен астам өкілдері мен ұйымдары аталған сыйлыққа ие болған, соның ішінде Қазақстаннан - Юрий Куйдин, фотожурналист, «Невада-Семей» ядролыққа қарсы қозғалысының серіктесі, Дүниежүзілік атом фотографтары гильдиясының мүшесі, ядролық тақырып бойынша көптеген фотоальбомдардың авторы (2000ж. марапатталған).