Қазақстан • 25 Қазан, 2018

Асқар Мамин мен АҚШ сауда министрі Уилбур Росс бизнес-форумға қатысты

332 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада Америка–Қазақстан Бизнес Қауымдастығының қолдауымен форум өтті, онда ҚР Бірінші Вице-Премьері Асқар Мамин мен АҚШ сауда министрі Уилбур Росс сөз сөйледі. Форум жұмысына 100-ден астам қазақстандық және америкалық компаниялар қатысты.

Асқар Мамин мен АҚШ сауда министрі Уилбур Росс бизнес-форумға қатысты

«АҚШ Қазақстанның жетекші инвесторларының бірі, ел экономикасына $40 млрд астам қаржы салынған», — деп А. Мамин, Chevron, Exxon Mobil, General Electric, Halliburton қоса алғанда, энергетика, машина жасау, өңдеу саласы, өндіру секторын дамытудағы ірі америкалық компаниялармен табысты өзара іс-қимылды атап өтті.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы АҚШ-қа ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне айналды. Сапар барысында $7 млрд жуық сомаға сауда және инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Уағдаластықтар авиация және ғарыш зерттеулері, мұнай химиясы және ауыл шаруашылығы, сондай-ақ, инфрақұрылымдық даму саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.

«Мемлекеттер басшылары қабылдаған бірлескен мәлімдеме мен жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтар өзара іс-қимылдың барлық негізгі бағыттарында стратегиялық серіктестікті едәуір кеңейтуге және тереңдетуге жол ашады», — деді А. Мамин.

Қазақстан — Орталық Азиядағы экономикасы нарыққа барынша бағдарланған ел. Қазақстанға барлық ЖІӨ-нің 70% және аймаққа салынатын ТШИ жалпы ағынының 80% тиесілі. Жаһандық және өңірлік сауда мен өндірістік процестерге бірігу мен ашықтықтың артуы экономиканың динамикалық өсімінің негізгі факторлардың бірі ретінде саналады.

Еліміздің ЖІӨ 2018 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша 4,1% өсті және орташа мерзімді перспективада оның өсуі жалғасады деп күтілуде. 2018 жылдың 8 айында сыртқы сауда 22%-ға өсті. Биыл сыртқы сауда көлемі $100 млрд жуық болады деп күтілуде, ал экспорт жалпы сауда айналымының 65% құрайды.

«2017 жылғы шілдеде құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығы инвесторларды қорғау жөніндегі негізгі мекеме. АХҚО Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубайдағы жетекші қаржы орталықтарының үздік тәжірибелерін негізге алуда. Платформаның серіктестері – NASDAQ америкалық биржасы, Morgan Stanley және Goldman Sachs ірі америкалық қаржы ұйымдары», — деп А. Мамин, шетелдік қатысумен 24 мыңнан астам компания Қазақстанда табысты бизнес жүргізіп жатқанын атап өтті.

Олардың 700-ден астамы америкалық компаниялармен бірге құрылған. Бұл компаниялар Қазақстанға халықаралық капитал мен үздік тәжірибелерді тартуда, аймақта, сондай-ақ халықаралық деңгейде қазақстандық экспортқа артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруда маңызды рөл атқарады.

«Қазақстан Үкіметі америка сауда миссиясының сапарын екі мемлекет Көшбасшыларының келісімдерін іс жүзіне асырудың ажырамас бөлігі ретінде қарастырады», — деді А. Мамин.

Сауда министрі АҚШ ҚР-мен ынтымақтастық бағыттарын әртараптандыруды жалғастыруға ниетті екенін атап өтті.

«Егер бұған дейін америкалық капиталдың негізгі бағыттары Қазақстанның өндіруші және энергетикалық секторы болса, бүгінде біз инфрақұрылымды дамытуға, өңдеу, машина жасау, агроөнеркәсіп кешенін және бірқатар басқа да жоғары технологиялық салаларды дамытуға қаржы салуға ниеттіміз», — деді ол.

АҚШ-тың сауда министрі жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды, соның ішінде «ашық аспан» қағидаты бойынша Қазақстан мен АҚШ арасындағы әуе қатынасы туралы келісімді одан әрі іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Құжат Қазақстан мен АҚШ қалалары арасындағы ұшу-қону шектеулерін алып тастауды білдіреді, бұл жақын арада екі ел арасындағы жолаушылар мен жүк тасымалының көлемін едәуір арттырады.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары А. Маминнің және АҚШ-тың сауда министрі У. Росстың қатысуымен 8 құжатқа қол қойылды.