Аймақтар • 25 Қазан, 2018

Балалар туризміне қолдау қажет

430 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР кіру және ішкі туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасына байланысты саладағы өзекті жайттармен бөлісу мақсатында  туристік қауымдастық өкілдері Қазақстан Баспасөз клубында өз пікірлерін ортаға салып, аталған бағдарлама аясында ескерілуі тиіс мәселелерді қозғады.

Балалар туризміне қолдау қажет

«Қазақстан туристік қауымдастығы» ЗТБ президенті Роза Асанбаева бүгінде еліміздің туризмді дамытуға әлеуетінің зор екендігін атап өтті. Оның дәлелін өткен жылы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында елімізге келген туристер көрсеткішінен-ақ аңғаруға болады. Алайда, бұл көрсеткіш биылғы жылы әлдеқайда төмендеп кеткен.

«Қазақстан Туризм қауымдастығы» ЗТБ директоры Рашида Шәйкенова қауымдастық туризмді дамытуға арналған соңғы бастамаларды қуанышпен қабылдап отырғандығын жеткізді. Президент тапсырмасы бойынша ішкі және көшпелі туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама және жаңа заң жобасы дайындалу үстінде. Алакөл, Бурабай, Каспий және Түркістан сынды басты туризм орындарын дамыту жоспарланған.

Соңғы он жылдықта әлемдік туризм зор қарқынмен дамып келеді. Сала жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, экономиканың ең жылдам дамып жатқан секторларының біріне айналып отыр. Алайда еліміздің туризм саласы мемлекеттік қолдауды қажет етеді. Бүгінде еліміздегі 30-дан астам сала туризммен тікелей байланысты. Елімізде бүгінде ішкі туризмнің үлесі жоғары. Сондықтан да мемлекет тарапынан туристік салада инфрақұрылымды нығайтуға, кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін беруде, жолаушы тасымалындағы жеңілдіктер сияқты т.б. салаға серпін беретін мүмкіндіктерге мемлекеттің тікелей қолдауы қажет.

Ақмола облысы Туристік қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов балалар туризміне баса назар аудару қажеттілігін алға тартты. Елімізде кезінде 500-ден аса балалар демалыс орындары болса, бүгінде оның шамамен 200-і қалған. Мысалы, Көкшетауда 64 лагерь болса, қазіргі кезде 34-і қалған. Ал оның жұмыс істеп тұрғаны - 18, 13 лагерь мемлекеттік болып есептеледі.  Бүгінде балалар денсаулығына, олардың жазғы демалысына қатысты өзекті мәселелер жеткілікті. Дені сау ұрпақ – ұлт келешегінің кепілі екендігін назарға алатын болсақ, еліміздегі барлық балалар лагерьлерін қайта жандандыруымыз қажет. Ал «Шығыс Қазақстан туристік қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Серік Жүнісов мемлекеттің қатысуынсыз туризм саласы алға жылжымайды, деп атап өтті. Сондықтан да жеке сектор мен мемлекеттік органдар арасында өзара ықпалдастық керек.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ