Қазақстан • 26 Қазан, 2018

АҚШ сауда миссиясы – Қазақстанда

403 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Астанада Америка-Қазақстан Бизнес қауымдастығының қолдауымен іскерлік форум болып өтті. Форумға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен АҚШ Сауда министрі Уилбур Росс қатысып, сөз сөйледі. Алқалы жиынға 100-ден астам қазақстандық және америкалық компания атсалысты.

АҚШ сауда миссиясы – Қазақстанда

Асқар Мамин өз сөзінде АҚШ-тың Қазақстандағы жетекші инвестор елдердің бірі болып табылатындығын атап көрсетті. «АҚШ компаниялары біздің ел экономикасына 40 млрд доллардан астам қаржы салды. Бұл елдің Chevron, Exxon Mobil, General Electric, Halliburton және тағы да басқа компаниялары Қазақстанның энергетика, машина жасау, өнім өңдеу салаларында табысты әрекет етуде» - деді ол. 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары атап көрсеткендей, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы қаңтардағы АҚШ-қа ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңіне айналды. Сапар барысында 7 млрд долларға жуық соманың сауда және инвестициялық келісімдеріне қол қойылды. Уағдаластықтар авиация және ғарыш зерттеулері, мұнайхимия, ауыл шаруашылығы сек­тор­лар­ындағы, сондай-ақ, инфра­құ­ры­лымдық даму саласындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.

«Мемлекеттер басшылары қабыл­даған бірлескен мә­лім­деме мен жоға­ры дең­гейдегі уағ­даластықтар өзара іс-қимылдың барлық негізгі бағыт­­тарын­да стратегиялық серіктестікті ке­ңей­туге және тереңдетуге жол ашады», деді А.Мамин.

Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы нарыққа барынша бағдарланған ел екені белгілі. Аймақтағы ІЖӨ-нің 70 пайызы және аймаққа салынған тікелей шетелдік инвестициялар жалпы ағынының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Жаһандық және өңірлік сауда мен өндірістік процестерге бірігу мен ашықтықтың артуы экономиканың ди­на­микалық өсімінің негізгі факторларының бірі болып отыр.

2018 жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша елі­міздің ІЖӨ көр­сеткіші 4,1 пайызға өсті, орташа мерзімді перс­пективада оның өсуі жалға­сады деп күтілуде. 2018 жыл­дың 8 айында сыртқы сауда көлемі 22 пайызға артты. Биыл сыртқы сауда көлемі 100 млрд долларға жуық болады деп кү­тілуде. Экспорттың оң сальдосы қалыптасуда. Ол жалпы сау­да айналымының 65% құрап отыр.

«2017 жылғы шілдеде құрылған «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығы – инвесторларды қорғау жөніндегі негізгі мекеме. АХҚО Нью-Йорк, Сингапур, Лондон және Дубайдағы жетекші қаржы орталықтарының үздік тәжірибелерін негізге алуда. Платформаның серік­тес­тері – NASDAQ америкалық биржасы, Mor­gan Stanley және Goldman Sachs ірі америкалық қаржы ұйымдары», деген А.Мамин құ­рамында шетелдіктер қаты­сатын 24 мыңнан астам компания Қазақстанда табысты бизнес жүргізіп жатқанын атап өтті.

«Олардың 700-ден астамы аме­ри­калық компаниялармен бірге құрыл­ған. Аталған компаниялар Қазақ­станға халықаралық капитал мен үздік тәжі­ри­белерді тартуда. Бұл жағдай аймақта, сон­дай-ақ халықаралық деңгейде қазақ­стандық экспортқа артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыруда маңызды рөл ойнауда» деді А. Мамин.

Сөзінің қорытындысында ол Қазақ­­стан Үкіметінің АҚШ сауда миссия­сының са­парын екі мемлекет Көшбас­шы­ларының келісімдерін іс жүзіне асы­рудың ажырамас бөлігі ретінде қарас­тыратындығын жеткізді.

АҚШ Сауда министрі Уилбур Росс өз елінің Қазақстанмен ынтымақтастық ба­ғыттарын әртараптандыруды жалғас­тыруға ниетті екенін атап өтті.
«Егер бұған дейін америкалық капи­талдың негізі Қазақстанның өндіру­ші және энергетикалық секторына ба­ғыт­талып келсе, бүгінде біз инфрақұ­ры­лымды дамытуға, өңдеу, машина жасау, агроөнеркәсіп кешенін және бірқатар басқа да жоғары тех­нологиялық салаларды дамытуға қаржы салуға ниет­тіміз» деді ол.

АҚШ-тың Сауда министрі жо­ғары деңгейде қол жеткізілген уағ­да­лас­тықтарды, соның ішінде «ашық аспан» қағидаты бойынша Қазақстан мен АҚШ ара­сындағы әуе қатынасы туралы келісімді одан әрі іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Онда Қазақстан мен АҚШ қалалары арасындағы ұшу-қону шектеулерін алып тастау мәселесі қарастырылған. Бұл жағдай жақын арада екі ел арасындағы жолаушылар мен жүк тасымалының көлемін едәуір арттырады деген үміт бар.

Айта кетейік бұл сапар АҚШ Сау­да ми­нистрлігінің Қазақстанға жаса­ған бі­рінші сауда миссиясы. Оның құ­ра­мында АҚШ-тың әлемдік деңгей­дегі 16 компаниясының басшылары бар. Форум барысында олардың әрқай­сысы қазақстандық тарапты өз компа­ния­ларының қызметімен және алға қойған мақсаттарымен таныстырды. Қазақ­стан­мен жұмыс істеуге ықыласты екендік­терін білдірді.

Премьер-Министрдің бірінші орын­басары А.Маминнің және АҚШ-тың Сау­да министрі У.Росстың қатысуы­мен өткен форум барысында 8 құ­жатқа қол қойылды. Бұл құжаттарда ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, авиа­құ­рылыс, цифрландыру және ақпараттық тех­но­логия­лар салалары қамтылды. Атал­ған құжатты рәсімдеушілер қатар­ын­да аме­ри­калық тараптан Valmont, Mas­terCard, Honeywell және Sierra Neva­da Cor­poration ком­панияларының өкіл­дері болды.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»