Қазақстан • 26 Қазан, 2018

Құмдағы алтын қабыршақтар сыры

992 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тау қойнауындағы шағын қала – Текелі. Облыс орталығы Талдықорғаннан небәрі отыз шақырым жер. Екі қаланың арасындағы жол... Жол емес-ау, даңғыл. Рас айтам. Әлемдегі ең озық стандарттарға ұялмай-қызармай жауап бере алады. Қысқаша түйіндесек: «Тақтайдай теп-тегіс».

Құмдағы алтын қабыршақтар сыры

Ал енді осы жолдың қос қапталындағы сұлу табиғатқа қараңызшы! Ол суретті тілмен суреттеп жеткізу қиын-ау. Қиын. Ақ сәлделі көгілдір таулар мен жазықтағы жап-жасыл шалғынға қарап таңдай қағып, бас шайқап отыра бергеннен басқа амалың жоқ.

Қазақстан картасындағы жіп-жіңішке көк жолақ сызық – әйгілі Қаратал өзені де міне, осы Текеліден басталады. Дәлірек айтқанда, тау шатқалын жаңғырықтыра сарқырап ағатын қос өзен – Шажа мен Қора қаладағы ГЭС тос­пасына жете бере қо­сылып, әрі қарай Қаратал деген атауға ие болады.

Мың сан бұлақтардан өрілген Шажа өзені мөп-мөл­дір. Түбіндегі майда құм­ның арасынан жылтырап, күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етіп ұп-ұсақ алтын қа­быршақтар көрініп жатады. Еріксіз еңкейіп, құммен бірге уыстап алып қарайсың. Жұп-жұқа, биттің қабығындай ғана. Сөйтсе де оны қайтып суға тастауға қимайсың. Өзіңмен бірге алып кеткің келеді. Өйткені ол – алтын ғой!..

Текелінің бір тұрғыны айтады:

«Баяғыда-а біздің бабала­рымыз жаңа сойылған мал­дың терісін осы өзеннің бас жағына лақтырып, сона-а-ау төменгі жақтан тосып алады екен. Асау өзен әлгі теріні до­малатып, тастан-тасқа соққылап, ұмар-жұмар ғып әкелетін көрінеді. Ал содан соң суын сорғытып, күнге кеп­тіріп, құмын қақ­қан кезде бит­тің қабығындай ұп-ұсақ алтын қабыршақтар жалтырап, жүнге ілініп қала­тынға ұқсайды».

Иә, біздің бабалар оны кәсіпке айналдырмаса да азын-аулақ нәсібіне жаратқан болар-ау, шамасы. 

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»