Бұл туралы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыруға арналған жиында кеңінен сөз болды. Онда мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен қазақстандық IT-компаниялар ТҮКШ-ны цифрландырудың бірыңғай тәсілдерін талқылап, өзара пікір алмасты.
Басқосуда Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында цифрлы технологиялардың маңыздылығына тоқталып өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын цифрландыру жұмысы басталып кетті.
ТҮКШ саласын қалай цифрландыру керек? Цифрландыра отырып, процеске қатысушылардың барлығына тиімді болатын қандай жүйе құруға болады? Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының қолдауымен және тікелей тапсырмасымен «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бекітілген болатын. Бұл бағдарлама адам мен мемлекеттің барлық саласын қамтиды, деді А.Жұмағалиев.
Ал Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек атап өткендей, Қазақстанда қазіргі уақытта аталған саланы жан-жақты қолдау үшін реформалар жүргізіліп жатыр. Парламентте тұрғын үй қарым-қатынасы туралы заң жобасы талқылану үстінде. Аталған заң жобасында еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы жаңа жүйені толық құру көзделген. Осыған байланысты бірқатар тапсырма бар екен. Әрине, біріншіден, шаруашылықтар көрсететін қызметтің сапасын арттыру керек. Екіншіден, ТҮКШ саласындағы қауіпсіздікке маңыз бергіміз келеді. Үшіншіден, тарифтерді белгілеудегі ашықтық, осы саладағы шығындардың есебінің ашықтығы ескеріледі. Сондықтан цифрландыру мәселесі ТҮКШ саласы мен оны дамытуда ең маңызды жұмыстардың бірі.
Сондай-ақ іс-шарада E-SHANYRAQ тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың бірыңғай ақпараттық жүйесі ұсынылды. «ТҮКШ ҚазОрталығы» АҚ басқарма төрағасы Нұрсұлтан Жиенбаевтың айтуынша, жүйенің негізгі мақсаты – көпшілікке қолайлы болуы, сонымен қатар мемлекеттік тапсырмаларға қол жеткізу.
Іс-шараға шет мемлекеттерден де қонақтар шақырылды. Қазан қаласы мэрінің орынбасары Искандер Гиниятуллин Татарстанның ТҮКШ-ны цифрландырудағы табысты тәжірибесі туралы, ресейлік «Галактика» корпорациясының вице-президенті және басқарма мүшесі Сергей Петров Ресейдегі ресурстық жабдықтау қызметін автоматтандырудың экономикалық әсері туралы, сондай-ақ DIEHL трансұлттық компаниясының ТМД елдері бойынша блогінің басшысы Беате Бахтрод «ақылды» есептеуіштер жайында айтып берді. Сонымен қатар шара аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында қолдануға болатын инновациялық теxнологияларға арналған көрме де ұйымдастырылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»