Аймақтар • 29 Қазан, 2018

«Кедергісіз орта» қалыптастыру – кезек күттірмейтін іс

638 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ІІ қалалық спартакиаданың жалауы желбіреді. Спорт сайысының салтанатты ашылу рәсіміне партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.

«Кедергісіз орта» қалыптастыру – кезек күттірмейтін іс

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қа­лыптастыруға зор мән берілуі тиістігін айтты.

Осы ретте «Нұр Отан» пар­тия­сының бірнеше жыл бойы «Кедергісіз келешек» әлеуметтік жобасын жүзеге асырып келе жатқанын атап өткен жөн. Партия қызметін жаңғырту аясында бұл жоба одан әрі жанданып, жетіле түсті. Осындай игі бастамалар арқылы нұротандықтар мүмкіндігі шектеулі жандар мен ерекше қажеттіліктерді талап ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

Ашылу рәсімінде барша қа­тысушыларды құттықтап, олар­­ға сәттілік тілеген «Нұр Отан» партиясы Төраға­сы­ның бі­­рінші орынбасары мүмкіндігі шек­теу­лі жандарға қолдау көр­се­ту пар­тияның негізгі басым­дық­тары­ның бірі екенін тілге тиек етті.

Со­ны­мен қатар партия Төр­аға­сының бірінші орынбасары мұндай спартакиадалардың мақ­саты жеңімпазды анықтау емес, қайта өмір құндылықтарын дәріптеп, рухы мықты жандарға құрмет көрсету, төзімділікті, қажырлылықты, табандылықты насихаттау екенін айтты.

Одан бөлек, М.Әшімбаев ашылу салтанатына Қазақстан па­ралимпиада құрамасының мү­шелері келгеніне назар аударып:

– Бүгінгі сайысқа осы қазан айында Индонезияда өткен паразиада ойындарында еліміздің намысын абыроймен қорғаған кәсіби спортшылардың арнайы қатысуы үлкен маңызға ие. Себебі мұндай қадам қашанда жас спортшылардың ынтасын оятып, жігерін жани түседі, – деді.

Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары әлеуметтік сала қыз­мет­кер­лері күніне орай бірқатар ма­манды кәсіби мерекелерімен құт­тықтап, партияның атынан ал­ғыс хаттармен марапаттады. Ол өз сөзінде әлеуметтік са­ла қыз­­­­меткерлерінің еңбе­гі қа­­йы­рымдылықтың, мейірім­ді­­лік­тің, ізгіліктің үлгісі екенін айтты.

Спартакиада «Нұр Отан» партиясымен бірге Астана қаласы әкімдігінің, «Тең мүмкіндіктер әлемі» мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар қоғамының, «Бочча» паралимпиадалық спорт федерациясының, «Жігер» спорт клубының және «Каспий» спортты дамыту қорының ұйым­дас­ты­руымен өткізілді. Сайысқа 200-ден астам спортшы қатысып, үс­тел теннисі, тоғызқұмалақ, оты­­рып ойнайтын волейбол, «64» дой­бысы, пауэрлифтинг, гол­бол, бочча және шахматтан сын­ға түсуде.

Сонымен қатар спартакиа­да аясында «Бочча» паралим­пиадалық спорт федерациясының ресми түрде ашылғанын атап өткен жөн. Бұл спорт тірек қи­мыл аппараты бұзылған, ДЦП ауруының ең ауыр түрі­не шал­дыққан жандарға спорт­тық бә­се­келерде бақ сынауға мүм­кіндік беретін сайыс түрлерінің бірі. Боу­линг пен петанка сияқты бочча да доппен ойналатын коман­далық сайыс. Ол ойыншыларды дәлдікке, ширақтыққа баулиды.

Айта кетейік, спартакиада Па­ралимпиадалық жаттығу орта­лы­­ғында өтті. Бұл бірегей спорт ке­­шенінің залдары толықтай мүм­кін­дігі шектеулі жандарға арналып жабдықталған. Нысан Қа­зақ­стан Республикасы Ұлттық па­ралимпиадалық комитетінің бас­­тамасымен салынды. Мұнда әмбебап, бейімделген жаттығу за­лы, спорт ойындарына арнал­ған бө­­­лек зал және жекпе-жек залы бар.

Бүгінде бас қаламызда 382 мүм­кіндігі шектеулі жан бейім­делген спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысса, сондай спорт үйірмелеріне келетін балалар саны – 145.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»