Ұстаз мерейін өсірген
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін атап өтті. Жолдау жолдарында көрсетілген өзекті мәселе барлығы жаңа заманға лайықты даму бағытында оң өзгерістер мен өрлеуге бастайтын маңызды бағыттар.
Бұдан бөлек халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатындағы бастамалар да ұжым мүшелерін бейжай қалдырған жоқ. Минималды жалақының 1,5 есеге өсуі, өзге де бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақысын 35%-ға өсіру жөніндегі жаңалықтар көпшілікке ұнағаны сөзсіз.
Елбасының Жолдаудағы бұл бастамасы еңбектегі кәсіптік пен біліктілік деңгейінің қалыптасуына әсерін тигізе отырып, нәтижелі жұмысқа тартады деген ойдамын. Себебі еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауы аса қуантарлық жағдай екені анық. Осы арқылы ол өзінің жастарға үлкен сенім артатынын көрсетіп отыр. Елбасы ұсынған түрлі саладағы мәселелерді шешу жолдарын жастар қолдайды.
Ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Біз Елбасымыздың жастарға артқан үмітін ақтауға дайынбыз. Кейбір экономикалық көрсеткіштерге көңілі толмайтынын ашық айтқан Мемлекет басшысы оларды шешу жолдарын нақты айқындап беріп отырды. Елбасы сынға алып, өзектілігін ашық айтқан мәселенің барлығы – қарапайым қазақстандықтардың көкейінде жүрген түйткілдер.
Мәселен, мұғалім мәртебесі туралы заң қабылдау, медицина саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеру, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласының жұмысын жетілдіру секілді толғақты мәселелердің түйінін Елбасы өзі тарқатты. Қалай болғанда да, қоғамдық жүйе де қарапайым халық та бір серпіліп қалды.
Ерекше қуантатыны, халықаралық ұстаздар күніне арналған Елбасының екі жақсы бастамасы, ол – біріншіден, жалақы көтеру, бұл енді экономикалық жағынан өте маңызды. Ал екіншісі, меніңше, аса ерекше мән беретін тұс – ол 2019 жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заңның қабылданатындығы. Шынымен де қоғамды алға бағыттап тәрбиелейтін – ұстаздар. Білім жүйесі дегеніміз, тек қана білім беріп қомай, белгілі бір мөлшерде балаға тек ақпарат беру жүйесі емес – шындап келсек, әлеуметтендіру институты. Білім жүйесі дегеніміз – өткен ұрпақтың келер ұрпаққа деген мұрасы. Сол мұраны жеткізетін ерекше әлеуметтік байланыстар. Сондықтан біз ұстаздың мәртебесін қоғамда нақтыламай, білім жүйесінде үлкен жетістіктерге жету қиын болады.
Сондай-ақ осы Жолдауда аталған маңызды бағыттардың барлығы жаңа заман талабына сай, елді дамытуға бағытталған қадамдар екенін аңғарасыз. Мәселен, еліміздегі индустрия, технология, өнеркәсіп кешені, көлік-логистика, инфрақұрылым, коммуналдық құрылыс, заманауи технология, білім, тиімді мемлекеттік басқару және «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып біл» деген жобалар, мәселелер көтерілген. Енді, Президент Жолдауында аталған тапсырмаларды елімізде әрбір саланың мамандары жүзеге асыруы қажет. Оған қоса мемлекет барлық саланы қадағалап, оған бөлінген қаражаттың нәтижесін сұрап, есебін алып отыруы тиіс. Тек, сонда ғана өркениетті елдер сияқты мемлекеттің ілгерілеп дамуына жол ашылады.
Руслан МАХАНОВ,
Аршалы ауданының тілдерді оқыту орталығының директоры
Ақмола облысы
Зор үміт сыйлады
Елбасы ұсынған «Нұрлы жер» бағдарламасы аса өзекті. Ата-бабамыз да: «Үй болмай – күй болмайды» деп, ежелден баса айтып кеткен. Өсіп-өнуіміз үшін де баспана мәселесін ең бірінші кезекте шешіп алғанымыз жөн. Әрбір жасты толғандырып жүрген ең көкейкесті мәселені Елбасының өзі көтергені көңілімізден шықты.
Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы көптеген жастардың үміттерін оятты. Бірақ алғашқы жарнаны төлеу еңбек жолдарын енді бастап отырған жас мамандар үшін қиын. Мемлекет басшысының назарынан осы мәселенің де тыс қалмағаны оның көрегендігін, нағыз ел қамқоршысы екендігін аңғартады.
Осы мәселе жергілікті әкімдер тарапынан ойдағыдай шешілетін болса, тұрғын үй азабын тартып жүрген жастар шексіз бақытқа бөленер еді.
Нұрман МАҚСАТ,
Бақанас аргарлық-индустриялық колледжінің мұғалімі
Алматы облысы,
Балқаш ауданы
Мәртебелі мамандық өз мінберіне көтерілетін болады
Қазақстанда ел Президентінің жыл сайынғы Жолдауын ерекше ыждағатпен, үміт пен қуанышқа толы сезіммен күту дәстүрге айналғаны рас. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы да осы үміт пен сенімді ақтап отыр.
Өз басым Елбасының биылғы Жолдауы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбына арналуын заңды, осылай болуға тиіс шара деп қабылдадым. Әрине, халықтың әл-ауқатының артуы қай қоғамда да маңызды. Аға ұрпақтың есінде шығар, Кеңес өкіметі кезінде «Барлығы адам үшін, адамның игілігі үшін» деген ұран болатын. Бірақ бүгінгі Жолдаудың мәні де, мағынасы да бұрынғы ұрандардан өзгеше.
Елбасының дәл осы мәселеге тоқталуы, акцент беруі – аяқ астынан туған ой емес. Қазақстан бүгінгі жетістігіне, ертеңгі жоспарына үлкен дайындықпен, нақты іспен келіп отыр. Естеріңізде болса, біздің 1995 жылы қабылдаған Конституциямыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған болатын. Осы жердегі «әлеуметтік мемлекет» дегеніміздің мағынасы – Қазақстан азаматтарының әлеуметтік тұрмысын көтеру, әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе дегендік еді. Міне, сондықтан да ел тұрғындарының әлеуметтік тұрмыс сапасын арттыру мәселесінде мемлекет өз мойнына үлкен жауапкершілік алып отыр.
Әрине, бұл Жолдауда қадау-қадау мәселелер көтерілді. Соның ішінде өзімнің жаныма жақын, жүрегіме жылы тиген білім саласында болатын өзгерістерге тоқтала кетейін. Бәрімізге белгілі, тоқсаныншы жылдары Қазақстанда сапасы күмәнді «жоғары оқу орындары» қаптап кетті. Осы ЖОО-ларды лек-легімен бітірген «заңгерлер» мен «экономистер» қоғамда орнын таппай, қызметсіз сенделіп жүрді. Шынын айту керек, бұл мамандарды даярлауға мемлекет тарапынан қыруар шығын мен уақыт та кетті. Бүгінде мұның зардабын түсіндік. Мемлекет білім саласына шынайы бет бұрды. «Бізге нақты қандай мамандықтар керек?», «Қоғамда, нарықта қандай маманға сұраныс бар?» деген сауалдар көтеріліп, тікелей соған бейімделе бастадық. Мысалы, әлемнің ең үздік 100 оқулығын мемлекеттік тілге аудару – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шынайы мақсатын көрсететін нақты істің бірі.
Президент осы Жолдауында «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек» деген нақты тапсырма беріп отыр. Ойлап қараңызшы: патриоттық – балабақшадан басталатыны рас қой. Бұл ең алдымен мектепке дейінгі білім беру саласында жүрген педагог кадрлардың біліктілігін көтеру мәселесін де қозғайды.
Келесі жылы Елбасының тапсырмасымен «Педагог мәртебесі туралы» заң әзірленетін болды. Біз осы кезге дейін «мұғалім мәртебесі төмендеп кетті» дегенді әртүрлі эмоциямен айта беретінбіз. Ал егер мұндай заң қабылданса, эмоцияға орын қалмайды! Мұндай заң Қазақстан Республикасындағы педагог кадрлардың мәртебесін, құқығы мен міндеттерін нақты белгілеп, қоғамда үлкен өзгеріс болады деп ойлаймын. Осы заңда «педагог» деген құрметті атаққа кімдер лайық болатыны да нақты көрсетілуі тиіс. Осылайша «мұғалім» деген мәртебелі мамандыққа қоғамның көзқарасы өзгеріп, осы мамандықты алып жүрген әріптестерімнің де жауапкершілігі арта түсері сөзсіз.
Шынымды айтайын, Елбасының биылғы Жолдауы мені ерекше толқытты. Өмір жолымызда талай сыннан өттік, қаншама жауапты қызмет атқардық. Біраз атақ-абыройға да жеттік. Бірақ соның ішінде мені «мұғалима Мұхлисова» деп атаса, сол менің жаныма ерекше жылы тиеді. Өйткені мұғалім – ең мәртебелі мамандық қой.
Захот МҰХЛИСОВА,
«Батыс Қазақстан облыстық Үкіметтік емес ғылыми қоғамдық ұйымдары» бірлестігінің төрайымы
Орал
Мұғалім беделі – қоғам беделі
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын мұқият оқып шығып, онда көтерілген барлық мәселелердің маңыздылығын терең түсіндім. Елбасы өз Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға қатысты мақсат-міндеттерді нақты көрсеткен. Сондықтан бұл Жолдауды елімізді дамытудың жүйелі жоспары ретінде қабылдадық.
Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстың тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екені атап көрсетілген Жолдаудағы басты мәселелердің арасында маған, әсіресе орта білім беретін мекемелер мен мұғалімдердің мәртебесін көтеруге қатысты жағдаяттар қатты әсер етті.
Расында, қазіргі таңда қоғамымызда ұстаздардың беделі өз деңгейінде емес. Білім беру саласындағы мекемелерді үздіксіз тексеру, қағазбастылық, мұғалімдерге өз қызметтеріне қатысы жоқ міндеттерді жүктеу тәрізді мәселелер ұстаздар қауымының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретіні анық. Бұл өз кезегінде мұғалім беделіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Осы орайда Елбасының: «Мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», деген сөзі мұғалімдерге серпін беріп, оларды жігерлендіре түсті. Сонымен қатар Президентіміз «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу қажеттігін айтқаны мұғалімдер қауымын ғана емес, барша қазақстандықтарды қуантты.
Тағы бір айта кетер жайт, Елбасымыз білім сапасы туралы айта келіп, орта білім беру мекемелерінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізу маңызды екенін жеткізді. Мұны оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға мүмкіндік беретін бастама деп қабылдадық.
Сондай-ақ Елбасы балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұмысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тапсырды. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жайына да ерекше назар аударылды. Бұл ұстаздардың білім берудің жаңа сапасына көшу арқылы кәсіби даму тұрғысынан биік белеске көтерілетінін аңғартады.
Сөз соңында айтарым, Елбасы алға қойған міндеттер лайықты деңгейде жүзеге асырылып, оң нәтиже көрсететініне сеніміміз мол.
Салтанат ҚОШТАЕВА,
Кенесары Қасымұлы атындағы №82 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
ШЫМКЕНТ