Әдебиет • 29 Қазан, 2018

Шекспиртанудағы тың дерек

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

The Guardian басылымы Ұлыбританияның Ұлттық архивінен табылған жаңа құжат туралы жазды. 

Шекспиртанудағы тың дерек

Онда Уильям Шекспирдің әкесі, кәсіпкер Джон Шекспир Британия билігінің қуғынына ұшырағаны туралы дерек бар. Осы оқиға драматургтің билікке деген көзқарасына әсер еткен болуы мүмкін. Құжаттарда Британия қазынасы үшін билік Шекспирдің әкесінен ақша бопсалап, қуғындаған делінген. Биліктің құрбанына айналған әке туралы ұмытылған дерек архивтің әлі ақтарылмаған қойнауынан шыққан.  

«Король Лирден»  «Макбетке» дейінгі пьесаларына әсер еткен маңызды оқиға осы болуы мүмкін дейді ғалымдар. Бұған дейін табылып, зерттелген 21 құжат – Роэхмптон университетінің профессор Глин Пэрридің олжасы. «Драматургтің шығармашылығын түсіну үшін бұл құжаттардың орны ерекше» дейді Ұлыбритания Ұлттық архивінің ескі жазбалар бөлімінің басшысы доктор Кэти Майр.

 1569-1572 жылдары кәсіби айыптаушылар Джонды өсім беруші, ақша бопсалаушы ретінде айыптаған.  Ғалымдар іс соттан тыс 1573 жылы ретке келді деп есептейді. Бірақ жақында табылған құжаттарға қарасақ, қарапайым қолғап өндірушіден бастап ірі кәсіпкерлікке дейін өскен Джон 1583 жылға дейін құқықтық, қаржылық қиындықтармен өмір сүргенін көруге болады. Ол кезде Уильям 19 жаста еді.

Шекспир туралы тағы бір автормен бірлесіп кітап жазып жүрген Пэрри Ұлттық архивті ақтармағанша Джон Шекспирге қатысты сонау 1592 жылға дейінгі 15 құжат қана табылған. Ұлттық архивті ақтарған Пэрри шекспиртануды жаңа бір құжатпен толықтырып отыр. Чешир шахтасындағы сирек пайдаланатын құжаттар қорынан Пэрри тапқан материалдардің ішінде Джонға қарсы жазылған бірнеше хат бар. Онда кәсіпкердің  билік алдындағы қарыздары жазылған. Ол кездегі 132 фунт стерлингтің құны – қазір 20 мың фунт стерлинг. Бұл кәсіпкердің жеке мүлкінің қаншалықты қауіпте болғанын көрсетеді. Бұл қауіп 1583 жылға дейін созылған.

Зерттеушілер Шекспир әулетін «ұлттық дау: экономикалық, әлеуметтік заңды сақтау үшін адамдарды пайдалану» деп аталған саяси оқиғамен байланыстырады. Кәсіби ақпарат жеткізушілер жемқорлық жайлаған жүйенің бір бөлшегі болған. Ақырында патшайым мен сарай маңындағылар байып шыға келеді. «Сонымен, Джон Шекспир 1570 жылдары кәсібін құлдыратқан заңды қуғынның құрбаны болды. Уильям кәмелет жасына толғанша экономикалық, әлеуметтік жағынан құлдырған отбасында өмір сүреді. Бұл әлеуметтанушылар мен психологтардың пайымынша күйзеліске әкеледі. Олар бұны «құлдырау» деп атайды. Бұл әділетсіз шаруа болатын», дейді Пэрри.

Оның айтуынша бұл ситуация Шекспирдің «күштеу саясатына» деген көзқарасын өзгертті. Бір жағынан драматург Стратфорд гимназиясында Овидий, Гораций, Ливий, Тацит мәтіндерін латынша оқыған. Рим авторларының билікке деген скептикалық көзқарастары жасөспірімге әсер етпей қоймайды.

Майрдың пікірінше Шекспирге қатысы құжаттардың бәрі жарыққа шықты, ал Пэрри Ұлттық архивте әлі де иесін күтіп жатқан материалдардың барына сенеді.

Пэрридің ұйғарымдары Шекспир құжатнамасына тіркеліп, онлайн-жинаққа енеді.

Дайындаған Бағашар Тұрсынбайұлы

«Егемен Қазақстан»