Жауапты мамандар қазіргі кезде көлік саласында ашық нарықтық механизмдердің жұмыс істей бастағанын айтады. Жылжымалы составты жаңартып, арнайы жолақтар ашудың арқасында қалада жолаушылар ағыны едәуір артқан.
– Ескі әрі түтін шығаратын автобустар қалада жүруге тиіс емес. Егер көрсетілген қолдауға қарамастан жеке тасымалдаушы жылжымалы составты жаңаламаса, онда олармен келісім бұзылады. Жаңа технологияларды енгізіп, болашақта бір көліктен екіншісіне тегін ауысуды қарастырған жөн. Жолаушылардың көлік жұмысына қанағаттануы – тасымалдаудың басты критерийі. Жеке көлікті қазіргі деңгейде ұстап тұру үшін лайықты балама ұсыну қажет, – дейді мегаполис басшысы Бауыржан Байбек.
Сыйымдылығы үлкен жаңа автобустар №48 бағыт бойынша жүреді, сонымен қатар қаладағы № 12, 19, 56, 70, 77, 123, 124, 137 бағыттар күшейтілетін болады. Ал, № 36, 51, 125 бағыттағы ескі газельдер жаңа автобустарға алмастырылмақ. Аталған қоғамдық көліктер қозғалысы шектеулі жандар үшін қолайлы әрі тар көшелермен де еркін жүре алады. Бұлардан өзге, № 59, 69, 71 бағыттардағы жылжымалы состав толық жаңарады.
№205 бағыт бойынша жаңа магистральды қозғалыс ашылады, ол Райымбек даңғылы бойымен «Барлық» базарынан қаланың батыс жағын және «Жетісу» базарының шығыс жағын қамтымақ. Бұл бағыт бойынша жолаушыларға жаңа 20 автобус қызмет көрсетеді. Алматы агломерациясы бойынша жолаушыларды тасымалдау сапасын арттыру үшін Қаскелең қаласына қатынайтын ұзындығы 12 метрлі автобустар жүретін жаңа бағыт ашу ісі жоспарда бар.
Айта кетерлігі, Алматыда жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көліктің үлесі 87 процентке дейін жетеді деп күтілуде.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ