Жалпы, экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту – бұл қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытының бір бөлігі болып табылатын «Қазақстан-2050» стратегиясында көрсетілген. Алайда, елімізде МЖӘ жобаларын жүзеге асыру 2006 жылдан басталғанымен, алғашқы 10 жылда бар болғаны үш жоба ғана жүзеге асырылған. Тек соңғы жеті жылда заңнамалық және институционалдық базаның біршама жетілуіне байланысты бұл саланың тамырына қан жүгірген.
– 2003 пен 2016 жылдар аралығында 59,4 млрд теңгені құрайтын 21 шарт жасалған болатын. 2017 жылдан осы жылдың 15 қазанына дейін 1 трлн теңгеге 422 шарт жасалды, бұл өткен жылдармен салыстырғанда 21 есеге артық. Бүгінде жалпы сомасы 1,1 трлн теңгеге жасалған 443 келісімшарт бар. Әртүрлі дайындық кезеңдерінде 1,5 трлн теңге сомаға 721 жоба бар, – деді Т.Сүлейменов.
Бұлардың қатарындағы 150,3 млрд теңгені құрайтын республикалық маңызы бар 5 жобаны ерекше атап өтуге болады. Олар – «Шар-Өскемен стансасы» жаңа темір жол желісі, «Солтүстік Қазақстан – Ақтөбе облысы» электр желісі, Ақтау халықаралық әуежайының жаңа жолаушылар терминалы, «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі және «Нұр-жолы» автомобиль өткізу пункті.
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, құрылыс сатысындағы 856 млрд теңгені құрайтын 173 нысан, оның ішінде республикалық маңызға ие Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының (ҮАААЖ) магистралін салу және пайдалану, «Transport tower» әкімшілік-технологиялық кешенінің ғимаратын жаңғырту және пайдалану, әуе жүк тасымалдары (e-Freight) саласында қағазсыз құжат айналымы ақпараттық жүйесін енгізу және бейімдеу мен «Қазақстан Республикасының ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобалары дәл осы МЖӘ негізінде жүзеге асырылуда.
Министрліктің деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта МЖӘ негізінен білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, спорт, көлік саласындағы жобаларды қамтиды. Ал жасалған шарттар саны бойынша Шығыс Қазақстан (103), Ақтөбе (79) облыстары, Алматы қаласы (50) және Қостанай (45) облысы көшбасшы болып есептелуде. Инвестициялар көлемі бойынша да аталған өңірлер алда тұр.
Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізіп, жобаларды жүзеге асыру тәртібін жеңілдету арқылы оң өріс алған.
Ал тақырып бойынша қосымша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін бюджет шығындарын «жеңілдету үшін» де белсендірек қолдану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ МЖӘ саласындағы қолға алынуы тиіс мәселелерге де тоқталды.
– Біріншіден, экономиканың барлық саласы мен қызмет аясы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларымен жеткілікті қамтылмаған. Бүгінде экономиканың әртүрлі секторында мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің 1 000-нан аса жобалары мәлімделген, 443 шарт жасалған болса, оның 66 пайызы – білім беру, 16 пайызы – денсаулық сақтау, 8 пайызы – мәдениет және спорт салаларына, 9 пайызы қалған қызмет салаларына тиесілі. Солай бола тұра, сумен жабдықтау және кәріз салу, энергиямен жабдықтау, көлік, жол құрылысы, қауіпсіздік, байланыс, ауыл шаруашылығы, туризм, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік сала, мәдениет салалары іс жүзінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларымен қамтылмаған, – деді Н.Сабильянов.
Депутаттың деректеріне қарағанда, қазіргі уақытта әлеуметтік салада бар болғаны – 4 жоба, ауыл шаруашылығы саласында 7 жоба ғана іске асырылуда. Сонымен қатар үш жыл ішінде арнайы экономикалық аймақтар инфрақұрылымының құрылысын салу кезінде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің бірде-бір жобасы іске асырылмаған.
– Ол үшін Парламентте «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң қабылданып, онда құқықтық тетік қаланған еді. Бірақ көптеген арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымы әлі салынбаған, – деді депутат.
Н.Сабильянов мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының инвестициялық тартымдылығының төмендігін айта келе, Жамбыл, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында МЖӘ шарттарының аз екендігін атап өтті. Ал көбісінің өзінде түйткілді мәселелер жетерлік.
– Кейбір облыстарда (Ақтөбе, Шығыс Қазақстан) мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қаржыландырылатын жекеменшік мектепке дейінгі білім беру нысандарын мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі бойынша беру орын алған. Бірақ одан әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштер жақсарған жоқ. Ал Қостанай қаласының көшелерін ағымдағы ұстап тұру жөніндегі әрбір техникалық құрал мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жеке шарты ретінде рәсімделген, – деп толықтырды депутат.
Үкімет сағатында депутаттар негізгі баяндамашы – Ұлттық экономика министрінен және өзге де министрліктердің өкілдерінен МЖӘ дамыту жайында кеңінен сұрап, өздерін толғантқан мәселелерге жауап алды. Ал осы саланы дамытудағы көшбасшылардың бірі ретінде жиі аталған Ақтөбе облысы әкімдігінің өкілі – облыс әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов депутаттарға өңірде атқарылған оң істер жайында баяндап берді.
– Елбасының тапсырмасына сәйкес Ақтөбе облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту қалыпты жүзеге асырылуда. Біздің басты мақсатымыз – жеке инвестициялар тартып, маңызды әлеуметтік мәселелерді шешу. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының әкімдігі арқылы 200 мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары жүзеге асырылуда. Оған қоса құны 22 млрд теңге болатын 79 жобаға қол қойылды, – деді О.Смағұлов.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, мысалға, өңірде МЖӘ аясында «Дару жарығы» атты офтальмологиялық орталық ашылған. Бұл жобаға жергілікті кәсіпкер
3 млрд 200 млн теңге инвестиция салған. Ең заманауи шетелдік құралдармен жабдықталған клиника Ақтөбе облысы ғана емес, еліміздің батыс аймағы үшін маңызды саналады. Өйткені жыл сайын аймақтың мыңдаған тұрғындары көз ауруларын емдету үшін Ресейдің Орынбор облысына ағылатын еді. Облыс әкімінің орынбасары енді науқастарға Ақтөбеде сапалы медициналық қызмет көрсетілетіндігін атап өтті. Бұл – МЖӘ жемісі.
Жалпы, О.Смағұлов Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалына оң әсерін тигізген жобалардың негізгілеріне тоқталып, олардың маңызына да баға беріп өтті.
Үкімет сағатын қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Божко өткен жылы Ұлттық экономика министрлігінен мемлекеттік-жекешелік әріптестікті өндіріс саласына жақындату туралы сұралған уақытта, бизнестің әлі де өсе түсу керектігін айтқандығын еске салды.
– Арада жыл өтсе де өзгеріс жоқ. Бизнес әлі өспеген болып тұр. Мүмкін тиісті министрлік пен өңірлік әкімдіктердің жұмысында кемшілік бар шығар?, – деді В.Божко.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленеді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан