«Біз бауырлас Қырғызстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән беріп, оны стратегиялық серіктес әрі тату көрші санаймыз», деді кездесуде Қ.Әбдірахманов.
Тараптар өңірлік кооперация, шекаралық серіктестік, су-энергетика саласы, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасты.
«Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков арасындағы Астана және Чолпан-Атада қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру. Біз президенттердің көптеген тапсырмалары орындалғанына және алдағы жоспарларды жүзеге асыруда тараптардың белсенді өзара іс-қимылы жалғасатындығын қанағаттанушылықпен атап өтеміз», деді қазақстандық министр. Кездесу барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және оның құрылымын әртараптандыруға, экономиканың жаңа секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, соның ішінде «Астана» Халықаралық қаржы орталығында практикалық шараларды жүзеге асыруға қатысты мәселелер айтылды. Екі елдің бизнес-құрылымдары үшін электронды сауда, қаржы қызметтері, өңдеу және азық-түлік өнеркәсібі, сондай-ақ цифрлы индустрия сияқты салаларда өзара тиімді ынтымақтастықты ашу бойынша жаңа мүмкіндіктер ашылуда.
Еуразия кеңістігінде бейбіт-
шілік пен тұрақтылықты нығайтуға жәрдемдесуге деген ортақ ниет айтылды. Халықаралық саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды анықтай отырып, тараптар БҰҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты жандандыру ниетін растады.
Қазақстанның статистикалық мәліметіне сәйкес 2018 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара сауда көлемі 18 пайызға өсіп, 486 млн АҚШ долларын құрады.
«Егемен-ақпарат»