Қоғам • 30 Қазан, 2018

Аталы сөзге тоқтау дауды азайтады

920 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қостанайда өткен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деген тақырыптағы конференция халқымыздың осы бір дәстүрін жаңғыртуды мақсат тұтты. Бітімгершілік Елбасы бастамашы болған рухани жаңғырудың бір саласы екенін еске салды. 

Аталы сөзге тоқтау дауды азайтады

Жоғарғы соттың төрағасы Жақып Асановтың бастамасымен осы жылдың басынан бері жобалық менеджмент әдісімен 7 топ құрылды. Соның бірі «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы шеңберінде жұмыс істеп жатқан топ Қостанай облысына келіп, әлеуметпен – ақсақалдармен, ардагерлер­мен және судьялармен кез­десті. Конференцияда Жоғар­ғы сот төрағасының кеңес­шісі Сағатбек Сүлеймен сөзі­нің басын «Ежелден аталы сөзге тоқтап, сөз қадірін біл­ген, аңғалдығы мен адалды­ғын жоғалтпаған, дана халық едік. Осы қасиеттеріміз бола тұра, ұлттық санамыздың улануы ма, әлде жаһандану тол­қы­нының әсері ме, жылдан-жыл­ға даукес болып бара жат­қандаймыз» деп бастады. Оның айтуынша, тек азаматтық істер бойын­ша, дауға кемінде екі адам қатыса­т­ынын ескерсек, сот­тасу­шы адамдар саны елі­міздегі ха­лықтың 6-18 пайызын құрай­ды екен. Ал сотқа қаты­сатын басқа мүд­делі адамдарды санайтын болсақ, бұл көрсеткіш көбе­йе түсері сөзсіз. Өршіп тұр­ған дау­лардың көпшілігі отба­сы­лық келіспеушіліктер көрі­неді. Оның ішінде неке­ні бұзу, баласын, ата-анасын асырау үшін алимент өн­діру сияқты тіршілік түйт­кіл­­дерінің барлығын да тарап­тар сотқа жолдайды. Қазақ­станда орта есеппен әрбір 3-ші отбасының шаңырағы шайқалып, неке бұзылады. Сонда әр отбасында екі бала бар деп есептегеннің өзінде бір жылда 100 мың бала не әкенің, не ананың тәрбиесінен тыс қалады екен. 

– Біздің елде жыл санап соттағы істер еселеп артуда. Оларды 2013 жылмен сал­ыс­тырғанда 2017 жылы 2 есеге жақын, яғни 1,4 миллионннан 2,7 миллионға де­й­ін өскен. Еліміздегі адам ба­сына шаққанда құқыққа қа­бі­­летті әрбір төртінші азамат дау­ға тартылып, соттасып жүр, – деді Сағатбек Сүлей­­мен. Рес­публикада сот­сыз да ше­шу­ге болатын тұр­мыс­тық си­пат­тағы дау-дамай­лар бірінші са­тыдағы судья­­лар­дың жұ­мы­сын тым көбейтіп жіберген.

Республикадағы өзге өңір­лерге қарағанда даукестік деңгейі жоғары облыстың бірі Қостанай болып отыр. Тек дауласушы екі адам ғана қатысатын азаматтық істер бойынша соттасушылар саны облыс тұрғындарының 15 пайызын қамтиды. Қостанай облыстық сотының төрағасы Асланбек Мерғалиев бітім­гер­шілік бойынша облыста жүргізіліп жатқан жұ­мыс­тарға шолу жасады. Тұр­мыс­тық және азаматтық дау-да­майларды сотқа дейін татуласу арқылы бітірсе, ол тарап­тарға қаржылық жағы­нан да жеңіл түседі және тәр­биелік мәні де жоғары болады. Соңғы жылдары медиация мәмілесін жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары нәти­желі болатыны айқын бай­қалады.

– Зұлқарнай Алдамжар атын­дағы әлеуметтік-тех­ни­калық университетпен ық­пал­дастық бойынша мемо­рандумға қол қойып, осында медиация кабинетін аштық. Сонымен қатар дауларды баламалы шешу мәселесі бойынша жоғары оқу орындары үшін пән болуы, заң факультеттеріндегі оқу бағ­дар­ламаларына «мектеп ме­диациясы» пәнін енгізу керек­тігін айтқым келеді, – деді Асланбек Амангелдіұлы.

Облыста жергілікті атқару органдарының көмегімен 43 медиация кабинеті ашыл­ған. Облыстық медиаторлар қауымдастығының сайтын­да дауды баламалы шешу­дің түрлі аспектілері, медиа­тор­лардың мақалалары ілінген. 2018 жылдың басынан бері сотта аяқталған 23713 істің 2755-і немесе 11,5 пайызы бітімгершілікпен біткен.

– Дауларды баламалы шешуді насихаттағанда адамдар санасын өзгерту мақсат бо­луы керек. Халықтық дәс­түр-салтымызды жаң­ғыр­­тудың маңызы ерекше. Балама­лы шешімнің айыр­машылы­ғы, сотқа қарағанда екі тарап татуласумен аяқта­ла­ды, адам­гер­шілік, мораль сияқты құн­ды­лықтар ал­­дың­ғы орынға шыға­ды. Жа­қын­да екінші дең­гей­лі сот­та ше­телдік азамат­тар­дың қа­­ты­суы­­мен бір даулы іс бітім­г­ер­­шілікпен бітті. Қай­тыс болған адамның мұ­расын бөлгенде дүниенің бір бөлігі марқұмның аза­мат­тық некедегі әйеліне туыс­тарының келісімімен, заңды түрде берілді. Бұл істі сотта шеш­кенде тіпті басқа­ша болар еді. Бұл жерде отбасы­лық құн­дылықтарды, адам­гер­ші­лікті, халықтың дәстүрін, мораль­ды алға салдық. Тарап­тар татуласып, бітімге келді, – дей­ді Қостанай облыстық со­ты­ның судьясы Ғайша Нұрлыбаева.

Конференцияда облысқа белгілі ақын Ақылбек Шаях­мет, жазушы Ғұмар Ахмет­чин, об­лыстық ардагерлер кеңе­сі­нің төрағасы Кенжебек Үкин, та­ғы басқалар сөз алып, дау­лас­­қан­дардың жаулас­пауы, тату­лас­тырудың халқы­мыз­да көп­теген мысалдары бар екен­ін ортаға салды. Ақса­қал­дар халқы­мыздың құнды­лығы­ның бірі – сөзге тоқтау екенін ескертті. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ