Таным • 30 Қазан, 2018

Өзін өзі тану және ізгілік педагогикасы

1539 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы «Бөбек» ұлт­тық ғылыми-практи­калық, білім беру және сауықтыру орталығында «Өзін өзі тану және ізгілік педагогикасы: ізденіс, ынтымақтастық, даму мүмкіндіктері» деген тақырыпта халықаралық семинар өтті.  

Өзін өзі тану және ізгілік педагогикасы

Үш күнге созылған шара барысында жоғарыда аталған тақырыптар бойынша тартымды әңгімелердің тиегі ағы­ты­лып, көкейкесті мәселелер төңі­регінде ой-пікірлер айтылды. Әсі­ресе балалар мен жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу, олардың бойына адамгершілік пен па­триоттық сезімді сіңіру, жас өрендердің жеке тұлға ретінде қалыптасуындағы ата-атаналар мен мұғалімдердің, педагог-ұстаздардың атқаратын рөліне ерекше мән берілді. 

«Бөбек» қайырымдылық қорының президенті, «Өзін өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының авторы Сара Назарбаева семинарға қатысушыларға өзінің құттықтау хатын жолдады. Ол барлық мей­мандарға зор алғысын біл­діріп, жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу ісінде олардың атқарып отырған еңбектері орасан зор екенін атап өтті. 

Семинарда Жоғары прак­тикалық психология мек­те­бінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Алексей Бабаянц (Ресей), «Халықаралық ізгілікті педагогика орталығы» қоғамдық бірлестіктері халықаралық қауымдастығының вице-президенті Зарина Тарғақова (Қазақстан), Жоғары прак­тикалық психология мектебінің тренері Сергей Аваков (Ресей), Халықаралық ізгілікті педагогика орталығының президенті, психология ғылымдарының докторы Паата Амонашвили (Ресей) және басқа да ғалымдар мен мамандар дәріс оқып, шеберлік сабағын өткізді. 

Сондай-ақ осы шараға Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева, «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» қоғамдық қорының директоры Динара Назарбаева, Қазақстан мұсылмандары ді­ни басқармасының төрағасы Серікбай Ораз, Православия діни семинариясының проректоры Иван Ливинский және басқа да белгілі тұлғалар қатысты. 

Семинар барысында Халық­аралық ізгілікті педагогика­ ор­­та­лығының президенті Паата Амонашвили және қо­ғам қайраткерлері Бақытжан Сер­теков пен Дәурен Мұқанов «Бө­бек» қайырымдылық қо­ры­ның президенті Сара Назарбаеваға «Рух батыры» мен «Ұлы Дала елі анасы» ор­дендерінің табыс етілетіні жайында мәлімдеді. 

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ