ҚР Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, Қазақстан экономикасына малайзиялық тікелей инвестициялардың 2016-2017 жылдар ішіндегі және 2018 жылдың бірінші тоқсанындағы үлесі 16,6 млн АҚШ долларын құрайды. Негізгі инвестиция мұнай-газ, құрылыс және инфрақұрылымға бағытталып отыр.
Екі ел арасындағы тауар айналымының қарқыны жағынан 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өзара сауда 48%-ға (38,9 млн. АҚШ доллары) өскені байқалып отыр. 2018 жылдың қаңтар - сәуір айларындағы қазақстандық өнім экспорты 251 мың АҚШ долларын, ал импорт 38,6 млн АҚШ долларын құрады.
Форум жұмысына экономиканың түрлі секторларында (мұнай-газ саласы, металлургия өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және т.б.) қызмет ететін Малайзияның 40-тан аса компаниясы, сондай-ақ, түрлі экономика секторларында қызмет ететін коммерциялық және мемлекеттік 60-тан аса қазақстандық компания қатысуда.
Форум аясында Қазақстан-Малайзия Іскерлік кеңесі мен «Атамекен» ҰКП, Қазақстан - Малайзия Іскерлік кеңесі мен «Қазақинвест», Қазақстан - Малайзия Іскерлік кеңесі мен «Қазақэкспорт» арасында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Форум сауда және инвестиция саласындағы өзара әрекеттестік сынды кең тақырыптарды қозғайтын пленарлық сессия және ашық панельдік пікірталас, В2В кездесулері форматында өтіп жатыр. Іс-шараның басты спикерлері – Малайзиядағы Қазақстан елшісі Данияр Сәрекенов, Қазақстандағы Малайзия елшісі Саид Мохамад Бакри бин Саид Абдул Рахман, «Resmi» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәжібаев, Малайзия-Қазақстан Іскерлік кеңесінің ортақ төрағасы Датук Лу Тук Джи (Datuk Loo Took Gee) сынды тұлғалар.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ