Аймақтар • 30 Қазан, 2018

Түркістан қаласына миллионыншы турист келді

642 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан қаласына келушілер саны 1 млн. адамға жетіп, өткен жылдың дәл осы кезімен салыстырғанда 57,2 пайызға артып отыр.

Түркістан қаласына миллионыншы турист келді

Бүгінде туризмді дамыту бағытында өңірде жүйелі бағдарламалар даярланған. Яғни алдағы уақытта келушілер саны тағы арта түсетініне сенім мол.

Ал сейсенбі күні миллионыншы болып тіркелген қонақ АҚШ-тың Солтүстік Королина штатынан келіпті. Ерлі-зайыпты Уильям және Барбара Брэнчтерді Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Ясауи кесенесі алдында күтіп алды. Қазақстанға алғаш келіп отырған Уильям Брэнч америкалықтар Түркістанды Орта Азия мемлекеттері ішіндегі тарихы бай, киелі мекендердің бірі ретінде танитынын айтады. АҚШ азаматтарының қасиетті қалаға жиі келуі де сондықтан. «Біз Түркістан қаласы мен Ясауидің тарихынан хабардармыз. Қазақстанға, Түркістан өңіріне келгелі қазақ халқының қонақжайлығы мен дарқандығына куә болдық. АҚШ-қа барғаннан кейін ондағы отандастарымызға осы құндылықтарыңызды жеткізіп, келесі жылы арнайы тағы ат басын бұрамыз», - деді Уильям Брэнч.

Облыс әкімі Түркістанға келген миллионыншы қонақтарға ұлттық шапан кигізіп, қамшы, тайқазан сыйлады. Сондай-ақ, Түркістан өңірінде туризм әлеуетін арттыру үшін артқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы