Форум Азия мен Еуропа елдерінің арасында диалог алаңын құру арқылы цифрлық трансформация, электронды үкімет, технологиялық кәсіпкерлік және төртінші индустриялық революция идеяларын дамыту мақсатында ұйымдастырылмақ. Шараға халықаралық IT-қоғамдастықтардың басты өкілдері, технология саласындағы танымал сарапшылар, кәсіпорын басшылары, цифрлы жобалар саласының кәсіби мамандары, ғалымдар, инвесторлар қатысады. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова айтты.
«Бүгінгі таңда форумға 23 мемле-кеттен 600-ден астам қатысушы, 50-ге жуық спикер келеді деп күтудеміз. Олардың қатарында Сингапур, Корея, Нидерланды, Эстония, Франция, Германия мемлекеттерінің өкілдері бар», деді вице-министр.
Форум аясында цифрландыру саласындағы Қазақстанның алғашқы премиясы – Digital Bridge Awards берілетін болады. Аталаған сыйлық «Үздік цифрлы бастама», «Үздік цифрлы кеңсе», «Үздік IT-компания» номинациялары бойынша үздіктерді анықтайды.
Сонымен қатар форум барысында еліміздің стартап-индустриясындағы маңызды шара – Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркінің тұсаукесері өтеді.
«Біз форум аясында диалог алаңын құрып қана қоймай, әлем назарын Қазақстандағы қазіргі таңда жүзеге асып жатқан цифрлы бастамалар мен жобаларға бұрғымыз келеді. Сондықтан Digital Bridge – жыл сайын өткізу жоспарланып отырған іргелі шаралардың бірі. Бұл форум барысында халықаралық Astana Hub IT-технопаркінің тұсаукесері өтеді. Шара кезінде Astana Hub-тың негізгі өнімдері таныстырылып, бағдарламаның алғашқы түлектерінің жетістіктері және ЭКСПО павильондарының бірінде орналасқан технопарк инфрақұрылымы көрсетіледі», деді Динара Щеглова.
Оған қоса бұл күні Astana Hub тағы екі дебюттық шара өткізетін болады: Astana Hub Awards және Astana Hub Battle. Айта кетейік, Astana Hub-тың тұсаукесері жабық форматта өтеді, оған Қазақстанның және басқа елдердің ресми өкілдері, халықаралық инновациялық экожүйенің сарапшылары қатысатын болады. Ал Digital Bridge форумының қатысуға ниеттілер үшін есігі ашық.
Қарлығаш ҚҰРАМЫС,
«Егемен Қазақстан»