Балық аулаушылар жарысымен басталған фестиваль халықаралық деңгейдегі сайыстарға ұласып, бірнеше спорт түрінен жарыс өтті. Атап айтқанда, қазақша күрес, желкенді қайық, академиялық есу, жағажай волейболы мен футболы, қол күресі, гір көтеру, арқан тарту, бөренеге өрмелеу, қошқар көтеру сынды жарыстардан қатысушылар бақ сынады. Сондай-ақ қонақтар Шардара ауданының тарихымен, ауыл шаруашылығы өнімдері және ұлттық қолөнер көрмесімен танысты. Спорттық сайыстар мен концерттік бағдарламалар қатар ұйымдастырылды. Шардара ауданының өнерпаздары арнайы мерекелік «Safari Shardara» әнін, «Қазына», «Шамсинур» би топтары және цирк өнерпаздары хореографиялық композиция орындады. Ал Түркістан – Отырар – Шардара бағытында жүріп өткен мотобайкерлер «motokross» өнерімен көпшілікті тәнті етті.
Фестивальда сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев спорттық жарыстарға қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, жеңімпаз атанған бірқатар спортшыны марапаттады. Іс-шара «Джип» көліктерінің жарысымен жалғасып, құмда композициялық «Rock racing» шоуы көрсетілді. Ал түйелер жарысында 15 қатысушы бақ сынап, өзара мықтыны анықтады. Сондай-ақ көпшілік саятшылардың халықаралық жарысын тамашалады.
Айта кетелік, өңірде бұған дейін Түлкібас ауданында «Қызғалдақ», Бәйдібек ауданында «Қымызмұрындық», Жетісайда «Қауынфест» фестивалі өткен болатын.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы