Қазақстан • 31 Қазан, 2018

Солтүстік Қазақстанда Жолдаудағы  жалақыны көтеру бастамасы қолдау тапты

213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жолдауда атап өтілгендей  бұдан былай  лауазымды тұлғалардың жеке тиімділігі және қызметке лайықтылығы қазақстандықтардың әл-ауқатының өсу өлшемімен бағаланатын болады.

Солтүстік Қазақстанда Жолдаудағы  жалақыны көтеру бастамасы қолдау тапты

Кәсібін жақсы меңгерген кез келген тұлға  жоғары жалақы алуға болмаса жеке кәсібін ашуға, басқадай кіріс көзін табуға қашанда мүдделі. Алайда, кей басшылардың адамдардың игілігі мен өмір сүру деңгейі экономикалық көрсеткіштермен қатар әлеуметтік сипатымен де өлшенетінін ескере бермейтіні өкінішті. Осыдан бірер жылдай  бұрын Тайынша жылу мекемесінің ұжымы жұмысқа шығудан бас тартты. Оларды отбасын асырап, бала-шаға нәпақасын айырып отырған бірден-бір табыс көзінің айлап кешіктірілуі қатты ашындырған болатын. Соның салдарынан зейнетақы қорына да берешек еселеп өсіп кеткен.

Маңдай терге малшынған табанақыларына көп уақыт бойы қолдары жетпегеннен кейін бұл «қарсылықты» өздерінің құқықтарын белсенді қорғаудың соңғы мүмкіндігі әрі лажсыздық амалы ретінде қарастырған. Сөйтсе, тексеру барысы көрсеткендей мекеме құрылғалы дені дұрыс басшыға жарымаған. Бірі сотталып кетсе, енді бірі шығынға белшеден батырып, тайып тұрған.  Осыдан-ақ сапалы еңбек етуге үнемі ынталандырып, жігерлендіріп, темірқазықтай жетелеп отыратын негізгі құрал-тетіктің зілбатпан салмағының қандай дәрежеде екенін бағамдай беруге болатын сияқты.

Қарапайым адам үшін зейнетақыны, жәрдемақыны, жалақыны толық әрі мерзімінде өтеу ең басты міндеттердің бірі десек, Елбасының төменгі еңбекақыны көтеру жөнінде ірі компанияларға қарата айтқан үндеуінің жер-жерлерде зор қолдауға ие болуы бүгінде еңбектің шешуші ұлттық факторға айналғанын, әлеуметтік жаңғырту саясатының негізін шынайы өндірістік еңбек құрайтынын, адамның қалыпты өмір сүру дағдыларын айқындайтын бірінші кезектегі мәселелерді кейінге ысыруға болмайтынын көрсетсе керек. Алайда, еңбек инспекциясының  да, прокуратураның  да сан мәрте ескерту-тексерулеріне қарамастан жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысын мезгілімен өтеу өңі түгіл түсіне де кіріп шықпайтын кәсіпорындар өңірде жоқ емес. Олардың атын атайтын болсақ, алдымен «Богби», «Трансавто» сықылды компаниялар еске түседі.

Қос алпауыт фирма 43 шаруашылыққа тиесілі бір миллион гектар алқапқа астық өсіріп, 10 мыңға жуық ауылдықтың пайларын иеленгенімен, ішінара ғана есеп айырысқан. Ал, 2011 жылдан бері жалақы, дивиденд төлеуді мүлдем доғарған. Ақыры жергілікті құрылымдар лажсыздан банкротқа ұшырап, әлі күнге дейін соттың табалдырығын тоздырумен жүр. Сол сияқты Жамбыл ауданына қарасты Қайранкөл элеваторының жалақы жөніндегі қарызы да өтелмей келеді.

Жергілікті билік органдарының белсенді іс-қимылы, қажырлы қайрат-жігері, табанды талабы арқасында биыл негізгі салалар өсіммен аяқталғалы отыр. Оның ішінде еңбекақы жайы тұрақтылығымен сипатталады. Бір еңбеккердің орташа  айлық жалақысы 107670 теңгеге жетіп, өткен жылға қарағанда 7,7 процент көбейген. Қаржы және сақтандыру қызметкерлерінің еңбекақысы–198721, құрылыста– 138107, өнеркәсіпте- 108142 теңгені құраған.  Петропавл қаласы /128513 теңге / мен Қызылжар ауданы /102405 теңге / көш бастаса, Мамлют /84552 теңге/, Ақжар   аудандарында  /83260 теңге/ көңіл көншітпейді. Тұтастай алғанда, ілгерілеу байқалғанымен,  жеткіліксіз.

Көршілес  аймақтарға қарағанда артта қалу ойландырмай қоймайды. Осы орайда, жекелеген мекеме-кәсіпорын басшыларының жалақыны көбейту жөніндегі бастамалары құптарлық.  Олардың қатарында «Киров атындағы зауыт» АҚ-ы да бар. Жұмысшы-қызметкерлердің айлық жалақысы  ішкі резерв есебінен 145752 теңгеге ұлғайған. Теміржол, мұнай-газ кешендері мен радиоэлектроника, сандық теледидар құрал-жабдықтарын шығаратын кәсіпорын заманауи технологиялар әдісімен жұмыс істейді.  Маркетинг және сату департаментінің жетекшісі Мәди Бектеновтың айтуынша, былтыр 4,1 миллиард теңгенің бұйымдары өндірілсе, жыл аяғына дейін 4,6 миллирд теңгеге жеткізу белгіленген. Озық жобаларды игеруге 2,2 миллирд теңге инвестиция тартылған.  Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң өндіріс цехтары көбейтіліп, жаңа жұмыс орындарына жастар қабылданады. Осындағы мамандар құрастырған  3D принтерлері үлкен сұранысқа ие.

Сіздерде  орташа айлық жалақы  100 мың теңгеден айналады екен. Оның сыры неде деген сұрағымызда «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко былай жауап берді: –Шаруашылығымыз көп салалы. Егіншілікпен де, мал өсірумен де, қалдықсыз өңдеумен де, бау-бақшамен де шұғылданамыз. Әйтпесе, тынымсыз еңбек пен орасан шығынды қажет ететін агроөнеркәсіпте табыстың тайқазанын қайнату қиын. Үдемелі индустриалды-инновациялық жобалар негізінде толық автоматтандырылған сүт зауыты іске қосылды. Күніне 80 тоннаға жуық сүт өңделіп, Ресейге де жөнелтіледі. Егістік алқаптардың әр гектарынан 25 центнер өнім жиналды. Әлеуметтік, мәдени нысандар толық жұмыс істейді.  700-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Кейбіреулер құсап кептірілген сүт ұнтағын пайдаланбаймыз. Өндірген өнім экологиялық жағынан таза, табиғи, сапалы келгендіктен, өтімді, бәсекеге қабылетті. Шикізат тапшылығы байқалған емес. Ауыл шаруашылық кластері  осы заманның барлық талаптарына жауап береді.

«Тайынша-Астық» агрофирмасының басшысы Анатолий Рафальский  қазан айынана бастап 100 жұмысшының жалақысын  60 мың теңгеге дейін өсіру туралы шешім алыпты. Осылайша 20 пайызға ұлғайтылыпты. Мұнда да егіншілік қарышты дамып, цифрландыру жүйесі кеңінен енгізілген. Астық өндірісін әртараптандыру  жақсы жолға қойылған. Егіншілік мәдениетін жетілдірудің нәтижесінде рекордтық өнім алынған. Машина-трактор паркі түгелдей жаңартылған. Етті бағыттағы бордақылау алаңдары Зеленый Гай, Вишневка елді мекендерінде пайдалануға берілген. Кәсіби білікті еңбек адамын құрметтеу, беделін көтеру, материалдық жағынан ынталандыру шаралары  ұжымдық шартта айқын белгіленген. Еңбекақының кешіктіріліп төленуі сияқты келеңсіз жайттар кездескен емес, дейді Анатолий Брониславович.

«Шағала», «Дайындық», «Мәмбетов және К» секілді  серіктестіктердің басшылары да әріптестеріне қолдау көрсетіп, жалақыны өсіруге міндеттеме қабылдады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы