Қазақстан • 31 Қазан, 2018

Муковисцидозды емдейтін аймақаралық орталықтар ашылады

390 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында кеше басталған Қазақстан Республикасында балалардағы сирек ауруларды диагностикалау мен емдеудің жаңа стандарттарын енгізу жөніндегі 2017-2019 жылдарға арналған Жол картасы аясында «Муковисцидоз кезінде тыныс алу жолдарын жаттықтыру және тазалау әдістері» тақырыбындағы тренинг жалғасуда.

Муковисцидозды емдейтін аймақаралық орталықтар ашылады

Қазір елімізде ресми түрде муковисцидозға шалдыққан 105 науқас тіркелген. Муковисцидоз салдарынан тыныс алу, ас қорыту жүйесі, сонымен қатар ішкі секреция бездері зақымданады. Өкпеде жабысқақ қақырықтың жинақталуынан қайталанатын бронхит пен пневмония туғызатын қабынбалы үдеріс дамиды. Аурудың басты белгілерінің бірі – азапты жөтел. Нақ осы тыныс алудың қиындығынан муковисцидозға шалдыққан науқастардың басым бөлігі қаза болады.

Сонымен кинезитерапия бойынша тренингті Ұлыбританияның «Грейт Ормонд Стрит» балалар госпиталінің жетекші мамандары Аммани Прасад пен Хелен Дуглас өткізуде. 5 күнге жалғасатын тренингте шетелдік мамандар кинезитерапияны қолданудың бойынша қазақстандық дәрігерлер мен мейірбикелерге тәжірибелік оқыту дәрісін жүргізеді.

Кинезитерапия – дене шынықтыру арқылы емдеудің бірі бағыты. Гректің kinesis — «қозғалыс» + терапия — «емдеу» сөзінен шыққан, яғни қозғалыс арқылы емдеу дегенді білдіреді. Бұл терапияға дене шынықтыру жаттығуларымен қатар, массаждың барлық түрі, балалар ойындары, созылу әдістері, арнайы аппараттарда жаттығулар арқылы емдеу, тыныс алу, емдік гимнастикасы,   сылап-сипау және т.б. емдеу түрлері кіреді.

«Заманауи кинезитерапия дәрі-дәрмекпен емдеу әсерін айтарлықтай арттырады, сонымен қатар, физикалық жұмысқа қабілеттілігін көтереді, аурудың ағымына оң ықпал ете отырып муковисцидозға шалдыққан науқастардың өмір сапасын жақсартады», дейді қазақстандық муковисцидоз қауымдастығының төрайымы Индира Избасарова.

Өз кезегінде ҚР ДСМ Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің Ана мен бала денсаулығын сақтау басқармасының жетекшісі Жанар Садуова: «...Гендік ауруларды анықтау, диагностикалау жылдан-жылға жақсарып келеді. Сирек аурулар көбіне Алматы, Астана, ШҚО, ОҚО, Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарында анықталуда. Өкінішке орай, муковисцидоз емделмейтін ауру. Соның салдарынан кішкентай науқастар ересек жасқа жетпей өмірден өтеді. Сондықтан, алға қойып отырған мақсатымыз – АҚШ, Еуропа елдеріндегідей кішкентай науқас балалардың өмір сүру ұзақтығын 50 жасқа дейін жеткізу. Сонымен қатар, муковисцидозға шалдыққан балаларды оңалту лайықты деңгейде еместігі маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Дәрі-дәрмектермен емдеуден бөлек, оңалту кезеңі, оның ішінде кинезитерапияны  жолға қою маңызды. Атап өтерлік жайт, 2011 жылдан бастап муковисцидозға шалдыққан балаларға республикалық бюджет есебінен дәрі-дәрмектер тегін беріліп келеді. Бұл қызметті дамытуда  бірқатар нормативтік құжаттар әзірленді.  Муковисцидоз бойынша аймақаралық орталықтар ашылады. Бүгінгі шара бұл саланың дамуына ықпал етеді деп сенемін», деді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ