26 Ақпан, 2010

ИННОВАЦИЯЛАРДЫ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ПЕРСПЕКТИВАЛЫ ЖОБАЛАР

1135 рет
көрсетілді
37 мин
оқу үшін
Биыл еліміз үшін айрықша жыл болып отырғаны Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығынан, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауындағы бағдарламалық – алдағы 10 жылға арналған міндеттерден айқын көрініп отыр. Мемлекет басшысы Үкіметке индустрияның 2010 жылғы басымдықтарын ескере отырып, елдің ғылыми-технологиялық дамуының 2020 жылға дейінгі салааралық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Мұның өзі инновациялық технологияларды, ғылыми әлеуетті арттырудың бүгінгі күні қаншалықты маңызды екенін білдірсе керек. Осы орайда “Ғылым қоры” АҚ басқармасының төрағасы Сансызбай ЖОЛДАСБАЕВТЫ әңгімеге тартып, ғылым және инновациялық технологиялар туралы айтып беруін өтінген едік. – Жолдауда: “Өңірлік даму реформаларын­сыз біз же­дел әртараптандыруға қол жеткізе ал­май­мыз. Сондықтан бізге экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыруды бастау қа­жет. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, жабдықтар өн­дірісі мен көліктік қуаттарды дамыту керек. Орталықта, солтүстікте, оңтүстік пен шығыста – кен-металлургия кешені, атом, химия өнеркәсібі және аграрлық индустрия дамытылуы тиіс”, – деп атап көрсетілді. Бағдарламалық нұсқау­лардың біздерге жаңа міндеттер жүктейтіні белгілі. “Парасат” ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі” АҚ-тың еншілес компаниясы болып табылатын “Ғылым қоры” АҚ еліміздің тұ­рақты ғылыми-технологиялық және әлеумет­тік-экономикалық дамуы үшін қажетті ғылыми әзірлемелерді және жобаларды іріктеп, оларды коммерциялауға, тікелей өндіріске енгізуге қолайлы жағдайлар жасаумен, ғылыми жобаларды бастапқы кезеңдерде қолдау, дамыту мен ғылыми зерттеулерді тәжірибелік-өндірістік деңгейге жеткізумен айналысады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы үшін жоғары практикалық әлеуетті басымдық, ынталылық, тәуекелдік ғылыми зерттеулермен және тәжірибелік-конструкторлық әзірлеме­лермен айналысатын ғылыми ұжымдарға, ұйымдарға және компанияларға қаржылай қолдау көрсетеді. – Сансызбай Елеусізұлы, “Ғылым қорының” инвестициялық қызметінің басым бағыттарына тоқталсаңыз. Басқа қандай инвестициялық іс-шараларды жүргізеді? – “Ғылым қорының” басым бағыттары қатарында, ең алдымен, ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған көмірсутегі және кен-металлургия салалар бойынша технологиялар, нанотехноло­гиялар және жаңа материалдар, биотехноло­гиялар мен ақпараттық технологиялар салалары бойынша қаржыландырылатын жобаларды айту қажет. Сонымен қатар, “Қолданбалы сипаттағы жобаларды, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, қолданбалы және инновациялық сипаттағы бастамашылық және тәуекелді зерттеулерді қабылдау мен қарау ережесіне” сәйкес тұрақты негізде қаржыландырудың қайтарым тетіктеріне өтінімдер қабылдайды. Оған арналған өтінімдер бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жарияланған күнінен бастап 30 күн ішінде іске асырылады. Айталық, 2009 жылы қаржыландырудың қайтарым тетіктеріне 7 620,8 млн. теңге соманың 26 өтінімі түсті, олардың ішінде 815,1 млн. теңге сомаға 3 жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылдадық. Ал қаржыландырудың қайтарым тетіктері бойынша 2008 жылы осындай шешімдер қабылданған жобаларды есепке алғанда, қазіргі уақытта барлығы 1 116,3 млн. теңге соманың 6 жобасы іске асырылуда. Жобаларды гранттық қаржыландыру жеке жүргізілетін конкурстардың нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Жалпы, “Ғылым қорының” инвестициялық саясатында қаржыландырудың қайтарым тетіктері және грантты қаржыландырумен қатар жобаларды, бірлескен жобаларды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың (консорциумдар мен қарапайым серіктестіктер) жарғылық капиталдарына инвестициялар салу сияқты нысандар мен тетіктер, заемдар беру және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қаржыландырудың өзге де нысандары (оның ішінде аралас) көзделгенін атаған орынды. – Бұлар қандай жобалар, оларды кімдер іске асырып жатыр? – Бұл жобалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталуға, таратып айтуға болады, әрине. “Минералды негіздегі патрондалған ампулалар шығару” жобасы (атқарушысы “Жер қойнауын кешенді игеру мәселелері институты” ЖШС), “Отандық таңдаулы тұқымдар өндірісінің инновациялық технологияларына биотехно­логия тәсілдерін енгізу” жобасы (“Жолбарыс Агро” ЖШС), “Жаңа кешенді балқымалардың тәжірибелік-өндірістік өнеркәсібін жобалауға арналған инновациялық сипаттағы зерттеулер: ферросиликоалюминий және “Қазақстан” балқымалары” жобасы (“ҚР Минералды шикізаттарды кешенді өңдеу бойынша ұлттық орталық” РМК), “Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасының кәсіпорын­дары үшін энергия үнемдеуші тәжірибелік-өндірістік үлгілерді әзірлеу және даярлау” жобасы (“Centras Fіnanсіal” ЖШС), “Қараған­ды облысының Теміртау қаласында су-көмір отынын даярлау және пайдалану кешенін құру” жобасы (“ҚазСібірТехнология” БК” ЖШС), “Өндірістік-сервистік кешенді құру және жо­ғары қосылған құны бар жоғары технология­лық және ғылымды қажетсінетін өнімдерді өндіру” жобасы (“Жалын” ғылыми-өндірістік техникалық орталығы). – ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия айқындаған “Ғылым қорының” инвестициялық қызметіндегі басым бағыттардың құрылымында жобалардың бөлінуі немесе үлес салмағы қандай? – Қаржыландырудың жалпы көлемінің негізгі өзіндік салмағын қайта жандандырылған энергетика технологиясы саласындағы ұсынылған жобалар иеленеді. Бір жоба бойынша қаржыландыру сомасы – 514 401,9 мың теңге. Биотехнологиялар саласы бойынша екі жоба 502 625,8 мың теңгені құрады. Көмір­сутегі және кен-металлургия технология­ларының салалары бойынша 99 279,6 мың теңге соманың 3 жобасы ұсынылды. – Жобаларды грантты қаржыландыру, өткізілген конкурстардың нәтижелері қандай? – 2009 жылғы сәуір-мамыр айларында өткізілген жобаларды грантты қаржыландыруға өтінімдер қабылдау конкурстарының нәтиже­сінде “Ғылым қорына” 4198,8 млн. теңге сомасына 335 өтінім келіп түсті. Алдыңғы жылмен салыстырғанда өтінімдер 2,6 есе көп түсті, қаржыландырудың талап етілген сомасы 2,1 есеге артты. Келіп түскен өтінімдердің жалпы санынан 121,0 млн. теңге сомасына 13 жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылданды. – Келіп түскен өтінімдердің өскені қуантады. Іріктеу тыңғылықты жүргізілген екен, қабылданған жобалардың бірегейлігі күмән туғызбаса керек. – Рас, олар алуан түрлі салаларды қамты­ған. Атап айтқанда, “Резонанс үлгісіндегі жел агрегаттарын әзірлеу” жобасы (өтінім беруші “Жобаинвест” ЖШС), “Қалпына келтіру-сульфидтеуші электрмен балқыту үдерісі негізінде алтын-мышьяк-кобальт концентратта­рынан жаңа экологиялық таза цианидсіз алтын және кобальт алу техноло­гиясын әзірлеу” жо­басы (“Металдар және материалдар” Еуразия­лық ғылыми-техникалық орталығы” ЖШС), “Анкерлді бекіткіштері бар даярлық әзірлеме­лерді жүргізудің прогресшіл техникалық сызбаларын әзірлеу” жобасы (“Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті” РМҚК), “Прецизионды лазерлі деформографиялық өлшемдер мен ғарыштық сәулелер корреляция­сын талдау негізінде геодинамикалық үдеріс­терді дамытудың ерекшеліктерін анықтау” жобасы (“Физика­лық-техникалық институты” ЖШС) және т.б. жобалардың болашақ дамуымыз үшін маңызды болары сөзсіз. – “Ғылым қорының” инвестициялық қызметіндегі басым бағыттар бойынша қаржыландырылған гранттық жобалардың құрылымы қандай? – Бұл тұрғыда көмірсутегі және кен-металлургия салаларының технологияларына басым үлес – 40 пайыз тиетінін атаған жөн. Одан кейінгі ядролық технологиялар және қайта жаңғыртылған энергетика техноло­гиялары – 15 пайызды, биотехнологиялар – 15 пайызды, ақпараттық және ғарыштық технологиялар – 15 пайызды, басқа бағыттар 15 пайызды құрайды. Осылайша, “Ғылым қоры” инвестициялық қызметінің басым бағытындағы құрылымда негізгі өзіндік салмаққа көмірсутегі және кен-металлургия салалары және олармен байланысты сервистік секторлар технологиялары бойынша ұсынылған жобалар орын алды. – Қазіргі уақытта, бас-аяғы қанша жобаны қаржыландырумен айналысып жатырсыздар? – “Ғылым қоры” 2008 жылы шешім қабылданған жобаларды есепке алғанда, 1 366,3 млн. теңге сомасындағы 28 жобаны – қаржы­ландырудың қайтарым тетіктері бойынша 1116,3 млн. теңге сомасындағы 6 жобаны, сон­дай-ақ 250,0 млн. теңге сомасындағы 22 жоба­ны грантты қаржыландыруды іске асыруда. Қаржыландыру тетіктері бойынша іске асырылатын жобалардың көлемі мынадай: пайызсыз заем беру – 349,3 млн. теңге, жарғылық капиталға қатысу – 250,6 млн. теңге, консорциумдар бойынша – 514,4 млн. теңге, грантты қаржыландыру – 250 млн. теңге. – Жобалардың орындалуын қадағалай­сыздар ма? – Иә, назарда ұстап отырамыз. Жобалар­дың өтінім берушілері “Ғылым қоры” алдын­дағы міндеттемелерін жете атқаруын бағалау, жоба бойынша қаржылық және жобалау тәуекелдеріне, төмендетуіне, жойылуына жол бермеудің қажетті іс-шараларын қабылдауды қамтамасыз ету мақсатында жобаларды іске асыру және басқару мониторингін жүргізеді. – “Ғылым қоры” қаржыландырған жобалар­дың іске асырылуы, нақтылы өнімдері туралы айта кетсеңіз. – “Ғылым қоры” дайын өнім алуға, оларды өндіріске енгізуге бағытталған инвестициялық жобалармен айналысатын болғандықтан, “Атамекен” одағы” ҚҰЭП, “Ұлттық иннова­циялық қор” АҚ, “ҚазАгроИнновация” АҚ, “Оңтүстік” ӘКК, “Жетісу” ӘКК, “Сарыарқа” ӘКК, “Каспий” ӘКК арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. “Ғылым қоры” 2008 жылдың шілдесінде “Минералды негіздегі патрондалған ампулалар шығару” жобасын қаржыландырды (атқарушы­сы – “Жер қойнауын кешенді игеру мәселе­лері институты” ЖШС). Оны қаржыландыру нәтижелерін енгізудің куәсі Қарағанды облысының Теміртау қаласында пайдалы қазбаларды алу кезінде кен қазу кәсіпорындары пайдаланатын минералды негіздегі ампула­ларды шығару бойынша 2008 жылдың желтоқсан айында бірегей өндіріс кешенін іске қосу болды. Бұл жобаның мақсаты – жылына екі миллион дана ампула шығаратын бірегей өндірістік кешенді ұйымдастыру. Өндірістік кешеннің өнімдері пайдалы қазбаларды өндіру кезінде “Қазақмыс” корпорациясы” ЖШС, “Кузбассөндіріссервис” ЖАҚ, “АрселорМит­талТеміртау” АҚ, “Қазмырыш” АҚ, “Гефест” компаниясы, “Жезкент” АҚ сияқты кен өндіру кәсіпорындарында қолданылады. Өткен жылдың қыркүйегінде “Қазақ тілін танудың автоматтандырылған жүйесін әзірлеу” грантты қаржыландыру жобасын іске асыру аяқталды (атқарушысы және бірлескен инвесторы – “Изет” ЖШС). Жобаның негізгі мақсаты – қазақ тілін танудың кешенді бағ­дарламасын құру. Ол қазақ тілін мемлекеттік органдарда, экономикада және тұрмыста қолдану базасын кеңейтуге көмектеседі. Нәти­жесінде іс қағаздарын жүргізуде, мекемелердегі жұмыс үдерістерінде, халыққа қызмет көрсету салаларында, қазақ тілін оқытуда, құрылғы­ларды, мәшинелер мен тетіктерді, тұрмыстық электрониканы және т.б. салалардағы дауыстық басқаруда қолданылатын қазақ тілін тану жүйесі құрылды. Бұл жоба бойынша авторлық шартқа сәйкес авторлық құқық нысанын пайдаланудан түскен табыстан 500 мың теңге мөлшерінде роялти алынды. Трансфертті технологияны енгізудің үлгісі “Ғылым қорымен” және “ҚазСібірТехнология” БК” ЖШС-мен бірлесіп “Су-көмір отынын даярлау және пайдалану кешенін құру” жобасы болып табылады. Жобаның таңдап алынған негізгі технологиялық және техникалық шешімдері “СібірЭкоТехника” ЖАҚ ресейлік технологиялар нәтижелеріне негізделген. Қазақстанда бұған ұқсас өндіріс жоқ. Жобаны іске асыру 2009 жылдың маусымында қолға алынған болатын, ал қараша айында көмір шламын (ұнтағын) өңдеудің экологиялық таза технологиясы іске асырылған су-көмір отынының таныстырылымы болды. Су-көмір отынын өндіру және сату биылғы наурызға жоспарланып отыр. – “Ғылым қорының” қарауында жатқан перспективалы жобалар бар ма? – Қазіргі уақытта “Ғылым қорының” қарауында өндірістің түрлі салалары бойынша экономикалық тиімді және прогресшіл ықпал ететін, инновацияларды дамытуға бағытталған перспективалы жобалар бар. Олардың бірі – “Атеролид”, “Саусалин”, “Экдифит” ерекше фитопрепараттарын тәжірибелік-өндірістік шығаруды және Қарағанды фармацевтика кешені үшінші кезегінің құрылысын ұйымдас­тыру” жобасы (өтінім беруші – “Қарағанды фармацевтика кешені” ЖШС). Жобада “Атеролид” гиполипидемиялық препаратын, “Саусалин” паразитарлыққа қарсы құралын, “Экдифит” адаптогенді препаратының тәжіри­белік-өндірістік технологияларын әзірлеу және жолға қою, осы фитопрепараттардың субстанциялары мен даяр дәрілік нысандарын алудың тәжірибелік-өндірістік регламенттерін әзірлеу, ерекше фитопрепараттардың даяр дәрілік нысандарын шығаратын зертханалық өндірістік корпустарын жобалау көзделген. Сонымен қатар, “Мыс балқыту өндірісіне қорғасын тозаңынан қорғасын кекі өндірісін ұйымдастыру жобасын” атауға болады (өтінім беруші – “Жер, металлургия және байыту туралы ғылыми орталық” АҚ). Жобаның мақсаты – кешенді, экологиялық таза мыс балқыту өндірісінің техногендік қалдықтарын өңдеу”. Күні бүгінге дейін құрамында қорғасын бар техногендік қалдықтар қорғасын өндірісінің шихталарында өңделіп келді. Ал “Оңтүстік полиметалл” АҚ тоқтағаннан кейін бұл аса улы қалдықтардың сату рыногы жойылды және қоршаған ортаны ластай отырып, мыс балқыту зауыттарының өндірістік алаңдарында жинақталды. Жобаны іске асыру нәтижесінде жоғары даярлық деңгейіндегі тауар өнімдерін ала отырып, полиметалл қалдықтарын кешенді өңдеу кәсіпорны құрылатын болады. “Жылу сорғы қондырғыларын шығару бойынша құрастыру желілерін ұйымдастыру” жобасы да айрықша маңызға ие болмақшы (өтінім беруші – “САНДИ” ЖШС). Жобаның мақсаты – “Алтай” технопаркінде ұйымдасты­рылған өндірістік цех базасында тапсырыс берушінің талап етуіне орай жылу сорғы қондырғыларын шығару бойынша құрастыру желілерін құру. Жобаны іске асырудың перспективалылығы – тұрғын үйлерді, қоғамдық және өндірістік ғимараттарды жылумен қамтамасыз ету үшін еліміздің түрлі климаттық аймақтарында, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында, жылу сорғы қондырғы­ларын іс жүзінде қолданудың практикалық бағыттары мен мүмкіндіктерін айқындау. Бұл орын алған бірқатар жағдайларда, бірінші кезекте бюджеттік ұйымдарды (балабақша­ларды, мектептерді, әкімшілік үйлерін, түзеу колонияларын және т.б.) жылумен сенімді қамтамасыз етуге және жаңа технологияларды енгізу есебінен бюджеттік қаражаттарды тиімді жұмсай отырып, айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Жобаның өндірістік бағдарламасында өндіріс көлемін кейіннен жылына 25 пайызға ұлғайтып, өндірісті басқа кәсіпорындарға беріп және жылу сорғы қондырғыларының жаңа үлгілеріне көше отырып, 2010 жылдың өзінде 550 дана жылу сорғы қондырғыларын шығару көзделген. Келешекте компания шығарылатын жылу сорғы қондырғыларының қазақстандық үлесін 100 пайызға жеткізетін болады. – Жас ғалымдармен жұмыс жөнінде бір ауыз тоқталсаңыз. – “Ғылым қоры” АҚ директорлар кеңесінің 2007 жылғы 12 қарашадағы шеші­мімен инновациялық сипаттағы перспективалы ынталы ғылыми зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша жас ғалымдар арасында “Шарықтау” конкурсын өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Конкурстың негізгі міндеті – жас ғалымдарға қолдау көрсету, олардың ғылыми қызметтерін ынталандыру мақсатында ғылымды басым бағыттардағы инновациялық сипаттағы перспективалы ынталы ғылыми зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар бойынша Қазақстанның жас ғалымдарын іріктеу және гранттар беру түрінде қаржылан­дыру. Конкурсқа Қазақстанның жас ғалымда­ры, сонымен қатар, жасы 35-ке дейінгі ғылыми қызметкерлер, докторанттар, ізденушілер, аспиранттар, тағылымдамадан өтуші-зерттеушілер қатыса алады. Үш кезеңде өтетін конкурстың жалпы грантты қоры 5 миллион теңгені құрайды. Конкурстық комиссияның шешімімен әр бағыт бойынша грантының мөлшері 1 миллион теңгені құрайтын бір-бірден жеңімпаз айқындалады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ. ІРІ БИЗНЕСТІҢ МҮМКІНДІКТЕРІ Қазақстандық көптеген сарапшылар 2010 жылы отандық экономика жандана бастайды деп есептеуге бейім. Бұл орайда бір маңызды жайтты естен шығармау қажет – осы жандану жақын арада іске асу үшін қазақстандық кәсіпорындарға қаржылық қолдау қажет. Осы тұрғыдан алғанда екінші дәрежелі банктер маңызды рөл атқарады. Жергілікті кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін ЦентрКредит Банкте қандай шаралар қолданылып жатқаны жөнінде біздің газеттің қонағы – ЦКБ Басқарма төрағасының орынбасары Мақсат ӘЛЖАНОВ әңгімелеп берді. – Мақсат Қабыкенұлы, шынында да жергілікті бизнесте несиеге деген мұқтаждық байқала ма? – Біздің банкке келіп жатқан сұраныстардың негізінде оның рас екенін айта аламын. Әсіресе, корпоративтік несиелеу саласында сұраныс жандана түсті. Негізінен қаржыландыруды қажет ететін әлуетті жобалар саны көбеюде. Алайда өткен дағдарыстың сал­дары­нан қарыз алушылар мен банктің несиелік өнімдеріне деген талаптар да күшейе түсті. Әйтсе де, несиелік тарихы жағымды, табысы мен ақша ағымдары жеткілікті және кепілге қабылдауға болатын өтімді мүлкі болса, біз қарыз алу­шыларға несие беруге дайынбыз. – Әмбебап банк болғандықтан, ЦКБ бөлшекті несие беру саласында да, заңды тұлғаларға несие беру саласында да жұмыс атқарып келеді. Кәсіпорындарға несие беруге банктің мүмкіндіктері жеткілікті ме? – Бүгінгі таңда клиенттердің бұл тобына оңтайлы талаптармен қаржыландыру қажет, ал біз оны ұсынуға дайынбыз. Оңтүстік­кореялық Кукмин банк тұлғасында стратегиялық инвесторымыздың болуы, сондай-ақ ЦКБ қызметінің оң нәтижелері, яғни 01.01.2010 жылға жасалған шоғырландырыл­ған қаржылық есептіліктің қоры­тындысы бойынша банк актив­терінің 1,162 млрд. теңгені құрауы, бұл көр­сеткіш бойынша ЦКБ қазақстандық ЕДБ арасында 4-орынды иеленуі, 2009 жылы банк пайдасының шамамен 4 млрд. теңгені құрауы, халықтың салым­дары бойынша нарықтағы үлесі тұрғысынан 3-орынды иеленуі, несие қоржынын ұлғайту үшін өтімділіктің жеткілікті болуы, осының барлығы біздің бизнесті ұлғайту жөнінен үлкен жоспар құруға мүмкіндік берді және, ерек­ше айта кету қажет, біз бұл жос­парды іске асыруға кірісіп те кеттік. Қазіргі таңда біз клиент­термен кездесіп, олардың мұқтаж­дық­тарын білудеміз, оларға өз мүмкіндік­теріміз туралы айтамыз, өйткені жақын сұхбат барысында ғана шындық ашылып, кез келген бизнесті өркендетуге қажетті түсіністік туындайды. – Сіздің банк осы сегментте несие қоржынын қаншалықты ұлғайтуды жоспарлап отыр? – Шамамен біз несиелік қор­жынымызды 10-15%-ға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоспарды іске асыру несие беру талаптары­ның тиімді болуын және сервистің жақсы дәрежеде болуын талап етеді. Біз сервис мәселесіне үлкен көңіл бөлеміз, себебі бір орында тоқы­рап қалмай, ілгері жылжу қажет­тігін жақсы түсінеміз. Өзі­міздің 20 филиалымыз арқылы Қазақстанның бүкіл аймағында қызмет көрсететін болғандықтан, ЦентрКредит Банкі бизнес тұрғы­сынан көзделген қалалар мен об­лыс­тардағы кор­поративтік клиент­термен жұмыс жүргізе бастады. Егер нақты дәлел­дер қажет болса, біз осы айда ғана Астана қала­сындағы филиа­лымызда қосымша офисімізді іске қостық (ЦКБ фи­лиалының VІP-Орталығы, Иманов көшесіндегі 11-үй). Корпоративтік бизнес офисі елордамыздағы корпоративтік бизнесті дамыту және қолдау үшін, ірі компанияларға, ұлттық компа­ниялар мен холдингтерге қызмет көрсету және несие беру үшін ашылды. Оның басымдығы – осы сегменттегі клиенттерге банк қыз­метін көрсетудің жоғары деңгейі мен шапшаңдылығы. Әрбір клиентіміз үшін дербес менеджер бекітілген, ол сол клиент­ке қатысты барлық мәселе­лерді шешуді көздейді. Бұл – тек біздің банкке тарту кезінде ғана емес, банкпен ынтымақтастығы жалғасқан барлық кезең ішінде ол клиентпен жүйелі жұмыс істеу, бабын табу және қолдан келер көмегін көрсету. – Біздің білуімізше, бұл тұсаукесер жоба ғой? Басқа да ірі қалаларда осындай офистер ашуға жоспар бар ма? – Иә, шынында да бұл офис біз үшін осындай сипаттағы алғаш­қы жоба. Неліктен Астана екенін түсінетін боларсыздар. Астанамыз­дың жоспарлары ұлан-ғайыр, алдында көптеген міндеттер тұр. ЦентрКредит Банк те осындай қа­лып­та – нарықтағы үлесін арттыру жөнінен ойға алғаны көп. Сон­дықтан біздің елордамызбен бірге бағытымыз бір, жолымыз да бір. Басқа қалаларға келсек, Астана үлгісі біз үшін қанатқақты жоба, алғашқы тәжірибе болмақ, осы тәжірибе негізінде біз басқа қалаларда мұндай офис ашудың қажеттілігін бағалаймыз. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ. АЛАР АСУ ӘЛІ АЛДА Елбасы Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: “Дүние жүзінің экономикасын тұра­латқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда, ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның сал­дары біздің еліміз үшін сонша­лықты ауырға соқ­қан жоқ”, деген болатын. Шы­нында дағдарысты еңсеруге барша қазақ­стандықтар болып атса­лыстық. Әлем­дік қаржы дағ­да­ры­сына байла­нысты халық қа­лау­­­­лыларының қызметіне де өзгеріс­тер енгізуге тура келді. Бұл жай бюд­жеттік саясатта көп көрініс тапты. Бұған дейін 35 депутаттың әрқай­сысы өздерін депутаттыққа сайлаған аймаққа қомақты қаржы бөлдіруге ұмтыл­са, қаржылық дағ­дарысқа байла­нысты керісінше, мем­лекет қаржы­сын үнем­деуге күш салды. Былтыр жыл басында облыс­тық мәсли­хаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда депу­таттар әкім­шілік шығындарды миллиард теңгеден астамға қысқарту жөнін­де шешім қабыл­дады. Нәтижесін­де, мемлекеттік орган­дардың ма­териал­дық-техникалық жабдық­­талуы­на, ақпараттық жүйе құруға, іссапарларға бөлінген қаржы қыс­қартылып, үнемделген ақша ха­­лық­ты жұмыспен қамтуға, кадр­ларды қайта даярлауға және әлеу­меттік саладағы құрылысы аяқтал­маған нысандарға жұмсалды. Мемлекет қаржысын үнемдеуге назар аудару­дың жайы түсінікті. Себебі, облыс бюд­жеті­нің 80 пайызы республикалық көздерден құралады. Сондықтан біздің депутат­тар қолда бар қаржылармен бюджетті бекітіп қана қоймай, оның кіріс бөлігін арттыру үшін қосым­ша қаржы көздерін қарас­тырады. Өйт­кені, ақша әр кезде барлығына бірдей жете бермейді. Мәселен, былтырғы жылдың аяғы­­на таман облыстық мәсли­хаттың XІX сессия­сы өтіп, онда 2010 жылға арналған бюджет жобасы талқыланып, облысы­мыз­дағы салық түсімдеріне қатыс­ты орынды мәселе көтерілді. Сон­дықтан кезекті сессияда салық базасын кеңейту, салық көздерін есепке алу мен тіркеуді жақсарту бағытындағы жергілікті атқарушы және салық органдарының жұмы­сын қарау жоспарлануда. Экономикалық қиыншы­лық­тарға орай баршамызға жұмысты жаңаша жүргізуге тура келді. Дағ­дарысты еңсеру мақсатында Елбасы­ның “Жол картасы” бағ­дар­ламасы қабыл­данып, ол облыс­тық мәслихаттың сессия­сында қаралды. Біздің депутаттар атал­мыш бағдар­ламаның жүзеге асу барысын қатаң бақылауда ұстады. Ірі нысандарда депутаттық бекет­тер құрылды. Мә­се­лен, Тараз қала­сында, Жамбыл, Меркі, Қор­дай, және Шу аудандарында құрыл­­­ған бекеттерді депутаттар бас­қарды. Депутат­тарымыз аймақ­тағы “Жол картасы” бағдарла­масының жүзеге асырылу бары­сына өзіндік мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытын­дысы жыл барысында облыстық мәслихат отырыстарында қаралды. Елбасының “Жол картасы” бағдарламасы өзінің басты мін­детін орындағандығы аталып өтіл­ді. Бағдарлама аясында облы­сы­мызда 4728 адам жұмыспен қам­тыл­са, 2836 адам қайта даярлаудан өтіп, жаңа мамандық алды. Сон­дай-ақ, депу­таттар осынау маңыз­ды істе жібе­ріл­­ген кемші­ліктерді де анықтады. Жұмыс сапасының сын көтермей­тіндігі, белгіленген кестеге сай жүргізілмегендігі сын­ды фактілер орын алған. Мәселен, “Жасыл-Тараз” МКК алдымен өз жұмыс­шыларын қысқартуға жібе­ріп, кейін оларды жұмыс­сыздар ретінде қайтып алған. Ал, Шу ауданындағы бір шаруа қожалы­ғы­ның басшысы жергілікті жұмыс­пен қамту бөлімі­нің жолдамасы арқылы өз бала­ларын жұмысқа алған. Сессияда бұдан өзге де келеңсіз­діктер жөнін­де кеңінен айтылды. Аталған кем­ші­лік­терді анықтаудағы депутат­тардың басты міндеті ал­дағы уақыт­та олардың қайта­лануы­на жол бер­меу бола­тын. Сонымен қатар, депу­­таттар “Жол картасы – 2010” бағ­дар­ла­ма­сына ауруханалар­да ауыр науқастардың күтімін қарай­тын кіші медици­налық қыз­мет­керлер даярлау, жастарға арнал­ған аула клуб­­тарын ашу және жөн­деу, аудан, қала орталықтарын­да дема­лыс парктерін ашу, тротуар­ларды жөн­деу сынды бірқатар ұсыныстар енгізді. Көп жылдан бері қараусыз тұрған мәдениет нысандары жөн­деуден өтті. Бұл өте құптарлық іс болды. Алайда, депутат­тары­мыз мәдениет нысандарының сыртқы келбетіне ғана емес, соны­мен қатар оның ішкі жұмысына да назар аударды. “Мәдени мұра” бағдар­лама­сының жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатқандығы мен тұр­ғындарға көрсетіліп жатқан мәдени шаралардың деңгейін бай­қап көрді. Нәтижесін­де, мәде­ни қызмет көр­сету деңгейінің ауыл­дық жерлерде өте төмен екендігі белгілі болды. Бұған ауылдық жер­дегі маман тапшылығы да себеп болса керек. Мәдениет саласында қызмет етіп жүргендердің тек жартысының ғана кәсіби білімі бар. Ал, өзгелері мұғалімдер, эко­но­мис­тер, тіпті, мал дәрігерлері де бар екен. Ауыл­дағы клубтардың көпшілігі сахналық жабдық­тармен, костюмдермен, музыкалық аппа­ра­­тура­­лармен тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Бұл мәселе сессия жұмысында үлкен алаңдау­шылық тудырды. Нәти­жесінде тиісті сала басшыларына қатаң шара қолданылды. Жуалы ауданындағы 8 ауылды газдандыру жайы Парламенттік және Үкіметтік деңгейде көтеріліп, 400 миллион теңгенің бөлінуіне қол жеткізілді. Нақтылы кезеңде бұл жоба жүзеге асуда. Талас ауданы, Майтөбе ауылындағы Дәулетбеков атындағы мектептің апатты жағ­дайы туралы мәселе “Жол картасы” ая­сын­да шешіл­ді. Мектепті жөндеу жұмыс­тарына 230 миллион теңге бөлінді. Халық қалаулыларының қатысуымен шешімін тапқан мысал­дарды көптеп келтіруге болады. Бүгінде облыстық мәслихатта төрт комис­сия жұмыс істейді. Өткен мерзімде олар 42 отырыс өткізіп, онда 126 мәселе қарады. Бірақ тұрақты комиссиялар жұмы­сы мұнымен шек­тел­мейді. Себебі, олар қоғамда туындап жататын пробле­маларды талқылайтын кездері де болады. Мәселен, былтыр облыс­тағы 465 мектептің 65 оқушысы ыстық тамақпен қам­тыл­май қал­ғаны туралы факті орын алды. Білім саласындағы шенеуніктер мұны мектеп­терде асханалар мен буфет­тер­дің жоқтығым­ен түсін­дірді. Оның салдарынан Байзақ, Меркі, Сарысу және Талас аудандарын­дағы бастауыш сынып оқушылары зар­дап шеккен. Мұны халық қалаулы­лары төтенше жағдай деп бағалады. Осыған орай, шұғыл түрде білім беру жөніндегі депутат­тық комиссия шақырылып, кемші­лікті түзету жөнінде жедел шешім қабылдады. Тұрақты және тексеру комис­сия­ларының көшпелі отырыс­тарында коммуналдық қыз­меттер­дің қысқы маусымға дайындық барысы қаралды. Депутаттар Талас ауда­нындағы орталық қазандық жұмы­сы­мен танысты. Нәти­жесінде қа­зан­­дықтың ескіргені, жалпы, Қара­тау қаласындағы жылу жүйе­лерінің сын көтермей­тіндігі белгілі болды. Тексеру комиссиясы жыл барысында бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына орай 30 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойын­ша бір ғана мысал келтіре­тін болсақ, Т.Рысқұлов атындағы аудандағы “Алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету орта­лығы” МКҚК-да бірқатар кемші­ліктер анық­талған. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек алу жөнін­дегі талап­тарды бұзғаны үшін аға дәрігерге 127 мың теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, амбулатория басшы­лы­ғының 116,8 мың теңгені мақ­сат­сыз жұмсағаны анықталды. Депутаттар осыған орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығына ауылдағы аталмыш меди­циналық мекеме басшылары­ның атқарып отырған қызметіне қаншалықты сай екендігі жөнін­дегі мәселені қарауды ұсынды. Депутаттық сауал жолдау да тиімді жұмыс­тың бірі. Өткен жылы халық қалаулылары облыс әкіміне, оның орынбасарларына, жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлеріне, қоғам­дық ұйым­дарға 61 рет депутаттық сауал жол­даған. Сонымен бірге, облыс әкімі­нің тұрақты комиссия өкілдерімен және жекелеген депутат­тармен кездесулер өткізуі дәстүрге айнал­ған. Мұндай кез­десу­­лердің көптеген мәсе­лелердің оңтайлы шешім табуына үлкен ықпал етері сөзсіз. Облыс әкімі есепті мерзімде депутаттар алдында атқарған жұ­мыс­тары жөнінде екі рет есеп берді. Бұл жиындарда депутаттар аймақ­тың әлеуметтік-экономика­лық ахуалын жақсар­туға байланыс­ты ескертулер мен ұсыныстар жасады. “Нұротандық” депутаттар бар­лық істерге белсене атсалы­сады. Әсіресе, олардың белсен­ділігі “Жол картасы” бағдарлама­сын жүзеге асыруда айрықша байқал­ды. Олар­дың бастама­сымен жергі­лікті жер­лерде партияның бақылау бекет­­тері құрылды. Бағ­дар­лама аясында ат­қары­лып жатқан жұ­мыс­тар жөнінде фракция өткен жылы 11 отырыс өткізді. Олар жаса­ған тексерулер қорытындысы бойынш­а құрылыс­шылар жұмы­сы­на шұғыл өзгерістер енгізілді. Фракция жұмы­сының тағы бір қыры ол – тұрғындардың арыз-шағымымен жұмыс. “Нұр­отан­дық” депутаттар мәслихатта да, сай­лау округ­терінде де, партияның облыс­тық филиа­лын­да да қоғам­дық қабыл­даулар өткізді. Жыл бары­сын­д­а олар 50-ден астам адам­ды қабылдады. Нәтижесінде халықтың партияға деген сенімі арта түсті. Соңғы жылдары облыс әлеу­мет­тік-эконо­ми­калық салада жақ­сы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бұған депутаттар қосқан үлес аз емес деп ойлаймын. Президентіміз Нұр­сұлтан Назарбаев биылғы Жол­дауын­да: “Біз қазығы берік, мем­лекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің айбынын асы­рып, атағын әлемге әйгіледік. Біз тола­йым табыстарға қол жеткі­­зіп, биік белестерді бағындырдық, алай­да алар асуларымыз әлі де алда”, деген болатын. Ендеше, Ел­басы­ның осынау болашаққа деген сенімін халық болып, халық қалаулылары болып бірлесе жүзеге асырайық. Әбдінұр ӘСІЛБЕКОВ, Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы. Тараз.