Жиынды ашқан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұ.Есдәулетов Ғафаңа қатысты өнегелі естеліктердің басын қайырды. Ақселеулі далада шалқалап жатқан Ғафаң: «Ақселеу! Бидайға орын бермеші!» деп жалбарыныпты. Тыңның ойранын ескерткені ғой...
Ақын Е.Раушановтың баяндамасы мазмұнымен ерекшеленді. Ғ.Мүсірепов өмірден өткенде Ғафаң: «Қазақ әдебиетінің бір дәуірі аяқталды, ойсырады», депті. Осы тақылеттес ауыр ойлары Қайырбековпен қоштасқанда Мырзалиев, Мырзалиевті ақырғы сапарға шығарып салғанда Т.Молдағалиев қайталаған екен. Неткен аянышты әрі қастерлі үндестіктер еді...
Ақын Р.Ниязбеков: «Ғафаң жеңілгендерді жақтайтын, ретсіз жеңгендерді даттайтын», деп әділеттілігін өркештендірді. Сондай-ақ «Ұстағанда хрустальды, жағдайым дұрысталды», секілді әзілмен өрілген тапқырлығынан біршама шумақ өріп күлкіге бөктірді.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сәулетші Ә.Тәтіғұлов Ғафаңның адамгершілігіне қатысты сөз өрбітті. Ал академик Сайлау Байзақов өзінің үйлену тойын осыдан 57 жыл бұрын Ғафаң жүргізгенін еске түсірді. Оның інісі, академик Сәбит Қызбелдегі мектеп мұғалімі, бозбала ақын Ғафудың өлең оқып, домбырамен ән салғанда бұжырлау бетін маңдайына баса тартқан орамалы жартылай жауып, көлегейлеп тұратынын, мұның өзі көз, тіл тимеудің қамы екенін қызықты етіп баяндады.
Қостанай облыстық мәдениет басқармасының бастығы Е.Қалмақов облыс әкімінің құттықтау хатын оқып, ақынның жары Бәдеш пен ұлы Бақытқа сый-сияпат жасады. Ал ақынның туған өлкесінен, Жангелдин аудандық мәслихатының хатшысы С.Нұрғазин екеуіне аудан 90 жылдығының мерекелік төсбелгісін табыс етті.
Ғ.Қайырбековтің құрметіне арналған жыр мүшәйрасының қорытындысын Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Б.Жақып жария етіп, бас жүлдегер Ә.Шегебай мен бірінші орын алған М.Құныпияқызы өлеңдерін оқыды.
Қостанайлық ақын С.Оспанов жуырда Татарстанға делегация құрамында барғанда қонақтарды Ғафаңның «Ана туралы жыр» әнімен қарсы алғанын айтқанда, Бәдеш апа бастап, зал қостап осы бір құдіретті әуенді әуелетіп жіберді...
Мерейтойдың керемет кәде-сыйы Ғ.Қайырбековтің прозалық таңдамалы шығармаларының үш томдығының таратылуы еді.
Кешті тапқырлықпен жүргізген, ақын Б.Беделхан: «Бүгін қаланың барлық кафелері мен мейрамханаларында баяғыдағы Ғафаң отырғанындай боп, оның құрметіне дастарқан жаюлы тұр», деп астарлы әзіл тастады.
Біз де өз кезегінде: «Ғафаңды сағынсаңыздар, осы залда әдейі Астанадан келіп отырған, өзінен екі жас кіші туған қарындасы Күләш апайдың құйып қойғандай мына түріне телміріңіздерші!» деп ол кісіні орнынан көтердік.
Қайсар ӘЛІМ
АЛМАТЫ