− Электронды денсаулық төлқұжатының көмегімен дәрігерлер пациенттің денсаулық жағдайы, созылмалы аурулары, препараттарды қабылдау аллергиясы туралы толық ақпаратқа қол жеткізе алады. Көмек көрсету жері мен медициналық ұйымдарда пайдаланатын ақпарат жүйесіне қарамастан адам денсаулығы туралы барлық түйінді мәліметтер бір базада жиналады. Нәтижесінде пациентке дәрігерге баруды алдын ала жоспарлау, электрондық жолдамалар мен талдау нәтижелерінің есебінен дәрігерге барудың санын екі есе қысқарту, дәрігердің пациенттің денсаулығы туралы ақпаратты бір жерге жинақтау және дәрігерлер мен орташа медицина персоналының еңбегін оңтайландыруға мүмкіндік береді, - деді ол.
Баспасөз – конференциясында облыстық онкология орталығы директорының орынбасары Жандос Әділхан:
− Жолдауда көрсетілгендей, облыста онкологиялық қызметті жетілдіру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының сол жағалауында салынуға жоспарланған онкологиялық профильді көпсалалы 300 төсек орындық аурухананың жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге 150,5 млн. теңге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін жұмыс жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынатын болады. Облыста онкологиялық аурулардың алдын алу, оларды емдеуде көптеген тың тәсілдер енгізіліп отыр. 2016 жылы онкологиялық орталықта паллиативтті көмек көрсететін бөлімше, 2018 жылы диагностикалық палаталар ашылды. Диагностикалық палаталар арқылы қысқа уақытта күмәнді онкологиялық ауруларды анықтауға қол жетсе, паллиативті көмек ІV сатыдағы онкологиялық сырқаттардың толық ем алуына жағдай туғызды.
Сонымен қатар, биыл аймақ басшысының қолдауымен облыстық онкология орталығы Оңтүстік Корея елінің жетекші клиникаларымен меморандумға отырды. Жыл бойына Оңтүстік Корея елінің профессорлар мен білікті дәрігерлері, облысымызға келіп, науқастарды қарап, оталар жасаса, зертханалық тұрғыда да тәжірибе бөліседі, - дейді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы