Қазіргі уақытта компанияның ипотекалық портфеліндегі шетелдік валютадағы несиенің 70 проценті қайта қаржыландыруға мақұлданған және олардың 48%-і қаржыландырылып үлгерген.
Аталған бағдарламаға сәйкес Қазақстан азаматтары 2004-2009 жылдары алған ипотекалық қарыздары бойынша төлемдерді немесе 2016 жылға дейін алған шетел валютасындағы ипотекалық қарыздарды төмендете алады. Қайта қаржыландыруға халықтың әлеуметтік осал топтарына (ХӘОТ) жататын қарыз алушылар, 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушылар, сондай-ақ шетел валютасында ипотека алған қарыз алушылар өтінім бере алады.
Шетел валютасында берілген ипотекалық қарыздарды еркін айырбастау бағамы 188,35 теңге. ХӘОТ жататын азаматтар үшін қарыздарды АҚШ долларынан теңгеге айырбастағаннан басқа, қайта қаржыландырудан кейін пайыздық мөлшерлеме жылына 3%-ке дейін төмендемек.
– «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға тек Компанияның несие портфелінде қарыздары бар клиенттерден өтініштер қабылдайтынын естеріңізге саламыз. ҚР Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыруға сондай-ақ бірқатар қазақстандық екінші деңгейлі банктер қатысуда.
Азаматтар теңгедегі және шетел валютасындағы ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы талаптарымен «ҚИК» ИҰ» АҚ немесе 8 800 080 44 48 жедел желі телефондары бойынша толығырақ таныса алады, – дейді компания өкілдері.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ