Қазақстан • 31 Қазан, 2018

Түркістанда халықаралық медиа форум өтті

680 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алдағы  уақытта Түркістан облысы туралы жаңалықтар түркі тілдес елдерге түрік, әзірбайжан, өзбек, қырғыз және орыс тілдерінде таратылатын болады.

Түркістанда халықаралық медиа форум өтті

Ақпарат таратуға Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да оқитын түркі тілдес елдердің студенттері ерікті түрде атсалыспақ. Түркістан қаласында өткен «Түркістан: жаңа ақпараттық кеңістік» атты халықаралық медиа форумда бірнеше мемлекеттің БАҚ жетекшілері меморандумға қол қойды. Яғни осы құжат негізінде Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Татарстан және Қырғызстан республикаларының жетекші ақпарат құралдары мен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік орнатылды.

Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев Түркияның «TRT» телекомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшармен, Қырғызстанның «Кабар» ұлттық ақпарат агенттігінің ІТ департаментінің директоры Калнур Жаныбаевпен, Татарстанның «Татар-информ» ақпарат агенттігі бас директорының орынбасары Рамис Латиповпен және Әзірбайжанның ITV телерадиокомпаниясының Қазақстандағы өкілі Мажиди Фузулимен БАҚ саласындағы әріптестік және іскерлік байланыс орнату жөніндегі меморандумға қол қойды.

Осы құжат негізінде түркі мәдениеті мен руханиятын, бауырлас халықтардың бірлігін нығайту бағытында да ақпараттық қолдау көрсетілмек. Тараптар ақпарат алмасу, өзара байланысты дамыту жолында ынтымақпен әрекет етуді көздеп отыр. Журналистика саласындағы жаңа технологияларды меңгеру, тәжірибе алмасу мәселесіне де көңіл бөлінеді.

Меморандумға қол қойған шетелдік БАҚ жетекшілері мен өкілдері Түркістанның туризм және Түркі әлемінің орталығына айналатынына сенім білдіріп, ақпараттық қолдау көрсетуге дайын екендерін жеткізді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан қаласы