Қазақстан • 01 Қараша, 2018

Әл-ауқаттың өсуі – тұрақтылық кепілі

283 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында халық өмірінің сапасын арттыру мәселесі мемлекеттік саясатта әлеуметтік тұрғыдан алғанда маңызды міндет саналды және солай болып қала бермек.

Әл-ауқаттың өсуі – тұрақтылық кепілі

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері», «Қа­зақстанның үшінші жаңғы­руы: жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік» Жолдауларымен қатар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жал­ғасы іспетті. Биылғы Жолдау жұртшылық тарапынан кең қолдауға ие болып, көптеген жақсы пікірлер айтылуда. Жол­дауда айтылған міндеттер мен мақсаттар халықтың әл-ауқа­тын арттырып, көптеген әлеу­меттік мәселелердің шешілуіне ықпал етері сөзсіз.

Дағдарыс жылдарында әлем­нің көптеген өркениетті озық елдері өз халқын әлеу­мет­тік қолдаудан шектеп қойған тұста, Мемлекет бас­шы­сының тапсырмаларына сәйкес әр жылдардағы әлем­дік қаржылық дағдарыс жағдай­ларына қарамастан Қазақ­станда бюджеттік сала қыз­меткерлерінің еңбекақыларын, жалпылай алғанда халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына берілетін зейнетақы мен төлемдер арттырылып отырды. 

Мемлекет басшысы биыл ең төменгі жалақының мөлше­рін 1,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл арқылы 2019 жыл­­­дың 1 қаңтарынан бас­тап жа­лақысы төмен 1,3 миллион қа­зақ­стандықтың кірісі өседі. Архив қызметкерлері де жа­ғымды жаңалыққа бек қуа­ныш­ты. Бұл өз кезегінде осы салаға қызығушылығы бар ма­мандарды ынталандырады. Себебі, әлеуметтік сала қыз­меткерлері арасында ең тө­мен­гі жалақы алатын – архив саласының қызметкерлері еке­нін айта кетейік. Бірақ жа­лақы аз деп сала мамандары ешқашан қол қусырып отырған жоқ. «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» РММ-нде қазіргі таңда 27 маман қызмет атқарады. Оның 20-сы жоғары білімді, білікті мамандар. Олар кино тарихын, ән өнерін, мә­дениет пен салт-дәстүрлерді зерттеу үшін қазақстандықтарға құнды құжаттардың қолжетімді болуына жағдай жасап келеді. Негізі, Президенттің қай жылғы Жолдауын алсақ та, халықтың тұрмысын жақ­сар­тып, ел экономикасын көте­румен қатар, жастардың жұ­мыс­пен қамтылуына баса назар аударатынын көреміз. Білімді жастарды жұмыспен қамту бо­йынша архивіміз қалыс қалып отырған жоқ. Биылдың өзінде архивімізге 5 бірдей жас маман жұмысқа орналасты. 

Жолдауда Елбасы Ұлттық жаңғыру комитетін құруды тап­сырды. Ұлттық жаңғыру – ру­хани жаңғырумен біте қайна­сып жатыр десек, Мем­лекет басшысы атап көрсеткен бағыт-бағдарлардың арасын­да қазақстандықтар жаңа­лықтарға зерек болып, жа­һан­дық үдерістерге ілесу ар­қы­лы басқа елдердің озық же­тіс­тіктерін бойға сіңіруге да­йын болулары қажет екені айт­паса да түсінікті. Сондай-ақ халықтың тарихи жады мен рухани құндылықтары Қазақстанның бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерін шешуге көмектесетін фактор. Адамды тілі, діні, ділі, мәдениеті, салт-дәстүрлері арқылы ғана тәрбие­леуге болады. Бұл құндылықтар архив саласымен тығыз байланысты. Адам тарихтың тамырын архивтен іздеп табады. Өз жерін, елін танып-білген, рухани құндылықтармен су­сындаған, оны бойына сіңірген азаматтар ғана нағыз отаншыл патриот болмақ.

Қазіргі таңда бәріміздің алдымызда тұрған ең басты міндет – Президенттің Жолдауын ха­лыққа түсіндіру және оның жү­зеге асырылу барысына қо­ғам­дық тұрғыда атсалысу. Ел­басы жүктеген міндеттерді абы­роймен атқаруымыз керек. Биыл­ғы Жолдау барша қазақ­стандықтардың жағда­йын жақсартып, әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған әлеу­меттік өзгерістердің кешенді бағдарламасы десек те бол­ған­дай. Ең бастысы, елге бірлік пен ынтымақ керек. Елбасы айт­қандай, бірлескен күш-жіге­рі­міздің арқасында ғана біз ұлы асуларды бағындыра аламыз!

Тасқын Тойбаев,

«Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар архиві» РММ директоры