Астана қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен өткізілген фестивальдың мақсаты − жастар арасындағы этносаралық ынтымақтастықты дамыту мен олардың шығармашылық қабілеттерін арттыру.
Жыл бойы қала әкімдігінің ұйымдастыруымен жастарға бағытталған көптеген іс-шара ұйымдастырылады. Қаламыздағы 20-дан астам этномәдени бірлестіктің жастары барлық шарада белсенділік танытады. Осы бағыттағы шаралар – еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің ырыс-ынтымағы мен берік достығының белгісі, – деді Қоғамдық даму істері басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбеков.
Фестивальдың шымылдығын «Бастау» домбырашылар дуэті түрді. Қаланың студент жастары мен этномәдени бірлестіктерінің көшбасшылары қатысқан фестиваль аясында жылдық жұмыс қорытындысы шығарылып, үздік этномәдени бірлестіктер естелік сыйлықтармен марапатталды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын «Жастар жалыны», «Елорда дарыны» сияқты фестивальдар жастардың жігерленіп, жасампаздыққа ұмтылуына бірден-бір себеп. Қоғамдық даму істері басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, «Жастар жылында» жағымды жаңалықтар көп болмақ. «Күні кеше Астана жастарының «Jastar jalyny» форумы өтті. Аталған шараға 1000-ға жуық өрен қатысты. Форумның нәтижесінде бізге көптеген ұсыныстар мен жобалар келіп түсті. Енді сол бастамаларды жинақтап, келесі «Жастар жылына» орай ауқымды бағдарламалар мен шаралар кешенін дайындайтын боламыз», деді.
30 қазан күні Астана жастарын бизнес бағытында ынталандыру және қолдау мақсатында «Jastar jalyny» форумы өтті. 8-ші рет ұйымдастырылған шараға 20 спикер жастармен ой бөлісті.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»