Әлем • 02 Қараша, 2018

БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын шығармалар талқыланды

266 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарының бедерінде жарық көрген үздік әдеби шығармаларды іріктеп, БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және бейнелеу өнерінің үздік туындыларын әлемге насихаттаудың әлқиссасының басталғанына, міне 2 жыл болады. Алты тілге аударылуға лайықты әдеби туындылар ғана емес, бейнелеу өнерінің жауһарларын таңдап алуға қатысты қоғамда көзқарастар қарама-қайшылығы мен пікір алуандығының болуы заңдылық. Бұл бастама бір жағынан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан бастау алған жоспарлы жұмыстардың қатарына кіреді.

БҰҰ-ның 6 тіліне аударылатын шығармалар талқыланды

Бұл іске әр таланттың бар таласы

Алдымен осы жобаға орай, Алматыда еліміздің бейнелеу өнері туындыларын іріктеу жөніндегі Сарапшылық топтың отырысы өтті. Келесі күні кезек үздік әдеби туындыларды іріктеу мен аударма мәселесіне ойысты.

Аталмыш жобаны мемлекеттік бағдар­ла­­малар аясында құзырлы мекемелердің пәрменімен Қазақ ғылыми-зерттеу мә­дениет институты жүзеге асырады.

Сонымен бейнелеу өнері туындыларын іріктеудің бірінші кезеңінде 12 Суретшілер одағы мен ассоциацияларынан 100-ден аса үміткер ұсынылған. Бастама аясында мықты қылқалам ше­берлері барынша қамтылуы үшін қо­сымша халықтық дауыс беру порталы әзірленген. Өйткені шығармашылық одақ­тар мен ассоциацияларға кірмеген, яки өнер жолын енді бастаған жас авторлар да бар. Осылайша, жалпы алғанда сарапшылардың алдына 254 автордан 500-ге тарта жұмыс түскен. 

Сарапшылық топтың кеңесінде Мем­лекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева қоғамның өнерге деген қызығушылығы артқанын атады. Оның айтуынша, қазақстандық бейнелеу өнері мектебінің, яғни тәуелсіз Қазақстан замандастарының мамандандырылған каталогын шығарып, әлем назарына ұсынатын уақыт жетті. 

Сарапшылық топтың отырысына Ресей Көркемөнер академиясының академигі, Ресей Федерациясының халық суретшісі, РФ Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Павел Никонов қатысып, пікір бөлісті. Ресейлік суретші ел суретшілері туралы ақпарат жинаудың өзі және халықтық дауыс беру тетігін іске қосу мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да мәдениетке деген үлкен қызығушылық бар екендігін танытатындығын айтады. 

Отырыста эмоцияға толы баяндамамен өнертану кандидаты, жобаның арт-кураторы Ольга Батурина сөз сөйлеп: 

– Мемлекеттік тұрғыда іріктеу талай шеберханадағы мольберттердің шаңын «сілкіп», осы жобада көрінуіне жағдай жасады. Біз осынша суретшіміз бар екендігін елестете де алмаған едік. Қатысуға ниет білдірген 254 автордан 500-дей жұмыс келіп түсті. Сайтта оларға 50 елден 162 мың адам дауыс берді. Дауыс беруге Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Украина, Қырғызстан және Сингапур, Марокко, Иордания және Тайланд сынды елдер қатысты. Бұл әлемдік әлеуметтің Қазақстан өнеріне деген назары жоғары екенін білдіреді. Осының нәтижесінде бейнелеу өнері арқылы өз сезімдерін білдірген қылқалам шеберлеріне өзіндік есеп беретін мүмкіндік туды. Жұмыстардың көптігі мен ұсынылған суретшілердің саны, сонымен қатар іріктеуге қойылған талаптарды, ұлттық идеяның әр қырынан таныту қабілетін, ерекше көркемдік-образдық түсіндіру мен авторлардың шетелде танымалдылығын ескере отырып, сарапшылар тізім жасауда үлкен жұмыс атқарды. Бейнелеу өнері каталогының жарыққа шығарудағы мақсат – осы көп­қырлы өнерді әлемге таныту, – деді.

Қысқасы, ұсынылған суретшілер тізімі қазіргі заманғы қазақ бейнелеу өнері антологиясының соңғы тізімін бекітетін Мәдениет және спорт министрлігінің қарауына беріледі. Дегенмен осы арада мықты суретшілердің туындыларын таңдау барысында олқылықтар кетті деген ой айтылмай қалған жоқ. Мәселен, сүйегі қурап кеткен қылқалам шеберлерін айтпағанда, әлеуметтік желілерде бел­сенді жас авторлар аға буынға қара­ғанда көп танымал, сәйкесінше көп дауыс жинайды...

Үздіктерді іріктеу маңызды

Осыдан кейін 19 қазанда Қазақстан тәуелсіздігі жылдарындағы әдеби шығар­маларды (проза және поэзия) іріктеу жөнін­дегі Сарапшылық топтың отырысы өтті. 

Осылайша алдағы уақытта «Ж­а­­һан­­­дағы заманауи қазақстандық мә­дениет» жобасы аясында 30 ақын мен 30 про­­зашының ең таңдаулы деген туындылары әлемдік әдебиеттің айдынында жел­кен кереді.

– Ұлт әдебиеті таңдаулы туынды­ла­рының Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне (ағылшын, француз, испан, орыс, қытай және араб) аударылып басылуы – бұған дейін болмаған тарихи оқиға.

Аталған антологияға енгізілген авторлар – қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген тұлғалар, олардың ұсынылған шығармалары – әдеби ортада стильдік, көркемдік, мазмұндық ерекшеліктерімен танылып, әбден мойындалған, бірнеше рет мол тиражбен жарық көріп, әлі де оқылып келе жатқан таңдаулы туын­дылар. Мысалы, поэзия томына енгізілген Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Мол­дағалиев, Фариза Оңғарсынова, Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет және тағы басқа ақындардың, проза жинағына топтастырылған Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков секілді жазушылардың озық шығармалары дүниежүзі оқыр­мандарының көңілінен шығып, әлем әдебиетінің алтын қорын толықтыруға лайық деп есептейміз, – дейді жазушы, журналист Сәкен Сыбанбай. 

Сол сияқты Сарапшылық топтың отырысында шығармаларды іріктеу ісінен бөлек, аударма мәселесіне қатысты көз­қарастар мен пікірлер ашық ортаға салынды.             

– Бұл жобадағы көркем аударма мә­селесінде біраз қиындықтар баршылық. Шығарманы түпнұсқадан шет тіліне аудару ісінде сол тілді оқып үйренген аудар­машының емес, сол ұлт өкілінің аударма­шысы тәржімалағаны абзал. Мәселен, ағылшын тіліне ағылшын тілі өкілінің немесе франуз тіліне француздың аударуы секілді. Өйткені еуропалық көзіқарақты оқырман шетел авторының кітабын сатып аларда ең алдымен аудармашы мен кітапқа жазылған рецензенттердің пікіріне және кітап авторының өмірбаянына, ға­­ламтордағы рейтингісіне көңіл аударады. Аудармашы сол аударылған тіл­­­дің өкілі болмаған жағдайда кітап са­тылымының немесе көркемдік дең­гейінің, оқырман сұ­ранысының көрсет­кіші төмендей бермек. Аударма ісін шығармашылық деңгейдегі кәсібі еткен аудармашының (сол тіл­дің өкілі) қа­ламақысы жоғары және тәржімелеу уақыты да ұзағырақ. Ал оған мемлекеттік жоба аясында қарастырылған қаламақы көлемі шетелдік аудармашыны жалдауға жете бермейді. Сондықтан да тапсырыс берушінің мемлекеттің бекітіп берген бағасына келісетін аудармашымен жұмыс істеуіне тура келеді. Ондай жағдайда әдеби шығарманың көркемдік деңгейі жайында сөз ету қиындау. Аударылған шығармалардың қай тілге аударылса, сол елдің баспасында басылып шығуы да маңызды. Өйткені өзіміз аударып, отандық баспалардан шығарып алып, оны шетел оқырманына ұсынуымыз бү­гінгі кітап баспасы менеджментінің жұмыс істеу шартына сәйкес келе бер­мейді. Бұл мәселеде жазушы, драматург Дулат Исабековтің шығармаларын бірнеше рет ағылшын тіліне аударып, баспадан шығару кезіндегі тәжірибеде көз жеткізе түскен едік. Сондықтан да Мемлекет басшысының мақаласында ай­тылғанындай «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруда әлемдік баспа ісінің бүгінгі жұмыс істеу принциптерін, жетістіктерін ескермесек, өз туындымызды өзіміз аударып ұсынғаннан қазақ әдебиетін жаһанға таныта алдық деп айтуымыз қиын, – дейді өнертану магистрі Ақмоншақ Ахмет.

Жобаны жетілдіру мен пысықтай тү­суді мақсат тұтқан отырыста Сарап­шылық топтың мүшесі сыншы Әлия Бө­пежанова әдеби шығармаларды ірік­теу ісіне кәсіби көзқарастағы маман­дар тартылғанын атады. Ал аударма мә­се­лесіне қатысты авторлардың өзі де осы үде­ріске араласа алады деді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ