Аймақтар • 02 Қараша, 2018

Германиялық сарапшы ақтөбелік қонақүй бизнесінің сапасын арттыруға келді

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде «Аға сарапшылар қызметі» (SES) бағдарламасы бойынша Германия елінің қонақүй бизнесінің шебері Корнелиус Кирш келіп, шеберлік сабағын өткізуде. Бұл жолы сарапшыны Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының «Мейрамхана және қонақ үйлер қауымдастығы» мүшелері арнайы шақыртқан. Бағдарлама бойынша шақырушы тарап сарапшыны тұрғын жаймен қамтамасыз етіп, жүріп – тұру шығынын көтереді.

Германиялық сарапшы ақтөбелік қонақүй бизнесінің сапасын арттыруға келді

«Біздің өңіріміздегі қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарып келеді. Дегенмен халықаралық стандарттарға сай болу үшін шетелдік сарапшыларды тартуды жөн санадық. Қызметкерлеріміз германиялық сарапшыдан біраз нәрсені үйренді. Германиядағы қонақ үй бизнесінің стандарттары біздікінен өзгерек. Оған халықтың тұрмыс деңгейі де әсер етеді. Алайда аларымыз көп екен»,-дейді «Мейрамхана және қонақ үйлер қауымдастығының» төрайымы Бану Тілегенова.

 Корнелиус Кирш - Германиямен қатар, Африка, АҚШ елдерінің "Ramada Hotels International" секілді бірнеше қонқүйлерін, Нью-Йорктегі неміс туризмі орталығын басқарған 50 жылға жуық тәжірибесі бар, білікті маман.

«Ақтөбелік қонақүй және мейрамхана иелерінің ұлттық мәдени мұраларды жаңғыртуға талпыныстары ұнады. Дәстүр-салттарыңыз, тағамдарыңыз да мақтауға тұрарлық. Алайда, белгілі бір стандарттарға сай болу-жаңа деңгейге көтерілуге себепші болады. Мейрамхана мен қонақүй бизнесінде тәртіп пен командада жұмыс істеу шарттарын бұлжытпай орындау керек. Сонда ғана бұл бизнесті табысты етуге болады»,-деп өз ойымен бөлісті  Корнелиус Кирш.

Бұдан бұрын сарапшы Мәртөк ауданындағы «Зәру» шипажайының қызметкерлері және аудандағы мейрамхана басшыларымен кездесіп, Ауылшаруашылығы колледждерінің студенттеріне шеберлік сабағын өткізген болатын.

«Біздің өңіріміздегі дамытуды қажет ететін бағыттардың бірі-мейрамхана мен қонақүй бизнесі. Ол үшін қызметшілердің біліктілігін арттыру маңызды. Бізде, айталық, даяшы, әкімші секілді мамандарды даярлайтын орталықтар кемшін. Бұл үшін мейрамхана иелеріне «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының шетелдік мамандарды шақырту бойынша бағдарламалары тамаша мүмкіндік береді»,-дейді Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының  Дамиля Құнанова.

Темір Құсайын

«Егемен Қазақстан»