Әлем • 02 Қараша, 2018

Әлем елдері қарттар мен жетімдер үйін біріктіре бастады

592 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір әлемнің бірқатар елінде қарттар мен жетімдер үйін біріктіру қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды Хабар 24.kz.

Әлем елдері қарттар мен жетімдер үйін біріктіре бастады

Мысалы, Ұлыбританияда осындай орталықтың ашылғанына 1 жылдай болған. Балалар мен ересектер бір үйде қалай тұрып жатыр, бұл әдістің артықшылығы неде?

Nightingale House орталығы Лондон қаласында орналасқан. Бұл – Ұлыбританиядағы қараусыз қалған қарттар мен жетім балалар тұратын ең алғашқы орын. Мұнда олар күн сайын бірге уақыт өткізіп, әңгімелеседі. Түрлі буын өкілдерін бір ғимаратта бағып-қағу идеясы 1976 жылы Токио қаласында пайда болды. Ал алғаш болып бұл тәжірибені АҚШ енгізді. «Мұндай әдістің пайдасы көл-көсір», – дейді сала мамандары.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, мұндай қарым-қатынас егде жастағылардың денсаулығына оң әсер етеді. Айтуларынша, күн сайын кішкентай бүлдіршіндермен сөйлескен қарияның көңіл-күйі жақсарып, жалғыздық сезімі ұмтылып, қан қысымы реттеледі.

Олар бірге музыка, би, сурет салумен айналысып, әңгіме-дүкен құрып, тамақ дайындайды. Осылайша мейірімге зәру балалар махаббатқа бөленіп, ал үлкендер өнегесін оларға мирас етеді.

Фэй Гарсиа, қарттар үйінің тұрғыны:

- Балалар келмес бұрын бұл жер мазарға ұқсайтын. Олар бізді энергиясымен қуаттап, өмірге деген құлшынысты оятады. Жасарып қаламыз. Өзімнің балам жоқ. Айтайын дегенім: бұл тәжірибе маған қатты ұнады.

Мұндай орталықтар бірнеше жыл бұрын алғаш рет АҚШ-та ашылды. Қазір Құрама Штаттарда осындай жүздеген мекеме бар. Бұл тәжірибе көршілес Канада мен Аспан асты елінде біртіндеп енгізіліп жатыр. Ал Сингапур үкіметі алдағы жылдары осындай 10 мекеме ашуды жоспарлап отыр.