Балабақшадағы тәрбиешілердің жүктемелерін азайтып, жалақыларын өсірсе
Әуелі балабақшадан бастайық. «Ел боламын десең бесігіңді түзе» дейді ұлы Мұхтар. Бала тәрбиесінде балабақшаның орны айрықша. Бүгінде балабақшалардағы бір топтағы баланың саны отызға дейін барады. Үйде екі балаға әзер ие боласың. Балабақшадағы тәрбиеші мұнша баланы қалай тәрбиелейді? 25-30 бала дегеніңіз өте көп. Әр топта кем дегенде 15 баладан болғаны дұрыс секілді. Әлі дұрыс сөйлеуді білмейтін 15 баланың әрбірінің тілін табу, бағып-қағу оңай шаруа емес. Сондықтан балабақшадағы тәрбиешілердің жүктемелерін азайтып, жалақыларын өсіру мәселесін қарастырған ләзім.
Қазір балабақша мен мектептің арасында байланыс үзілген. Бала балабақшада екі-үш жыл болады, бітті, мектепке қоя береді. Оны қалай дайындады, бала қай деңгейде, баланың бойында қандай қабілет бар, қандай өнер бар, талант бар? Оны ешкім білмейді. Сөйтіп, мектепке келеді. Мұғалім баланы дұрыс танымайды. Танып білгенше қанша уақыт өтеді. Әр мекеме өзімен өзі. Балабақша бір мемлекет, мектеп бір мемлекет, колледж бір мемлекет, университет бір мемлекет. Төрт мемлекет.
Енді мектепке келейік. Мектептерде педагогикалық кеңес бар. Кеңес шешім қабылдағанымен, көбіне ол шешімді ешкім орындамайды. Осы педагогикалық кеңестің мәртебесін көтеру керек сияқты. Және педагогикалық кеңес ережесі еліміздің Конституциясына, «Білім туралы» және басқа да заңдарға қарама-қайшы болмауы қажет.
Жапонияда мұғалімдерге арналған дүкендер бар
Мектептердегі ең өзекті мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Орыс мектептері болсын, қазақ мектептері болсын, білікті кадрға зәру. Мектепке мұғалім қайдан келеді? Педагогикалық колледждер мен университеттерден келеді. Мектепті үздік бітірген, «Алтын белгі» иегерлері мектепке бара ма қазір? Бармайды. Себебі, жалақы мардымсыз. Ары барса, 50-60 мың. Бұған кім барады? Біздің лицей түлектерінің 90-95 проценті мемлекеттік грантпен оқуға түседі. 100 түлек бітірсе, соның бір-екеуі ғана ағылшын тіліне немесе информатикаға баратын шығар. Ағылшын тілі мен информатиканы таңдағанның өзінде мектепке келмейді, аудармашы немесе бағдарламашы болып кетеді. Кез келген мекемеге үш тілді білетін маман керек. Ірі кәсіпкерлер оларды лезде жұмысқа алады. Мектептен үш-төрт есе жалақы төлейді. Кадр проблемасын шешу үшін мұғалімдерді дайындайтын университеттер мен колледждерде оқитын студенттердің стипендиясын басқа мамандықтарға қарағанда бір жарым-екі есеге өсіру керек. Сосын гранттар саны көбейтілсе. Жас мамандарға әлеуметтік пакет жасалуы қажет. Біздегі банктер несиені өте жоғары процентпен береді. Алатын жалақыларын жоғарыда айттық. Тамағын іше ме, киімін кие ме? Коммуналдық қызметтерді төлей ме? Шет елде бізге қарағанда несиенің проценті 6-7 есеге төмен. Бізде неге процентті азайтпасқа? Ауылдағы мұғалімдердің жалақыларына 25 процент үстеме қосылады. Және коммуналдық көмек көрсетіледі. Қаладағы мұғалімдердің де коммуналдық қызметтерінің 25-30 процентін мемлекет төлеп берсе қандай ғанибет болар еді.
Мәселен, Жапонияда Мұғалімдер күні деген арнайы мереке жоқ. Жылдың 365 күні мұғалімдер үшін мереке деуге болады. Мұғалімдерге арналған арнайы дүкендер бар. Кез келген мекемелерде, қоғамдық көліктерде тіпті жасы үлкен кісілердің өзі мұғалімді құрметтеп, орын береді. Жапонияда сенің дүкеніңе мұғалім келсе, үлкен мәртебе. Дүкендерде мұғалімдерге көп жеңілдік жасалады. Біз бір күн ғана еске аламыз. Нәтиже көрсеткен мұғалімдерге бір жапырақ мадақтама, Алғыс хат, Құрмет грамотасын береміз. Бітті. Елімізде үздік мұғалімдерге «Қазақстанның білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның білім беру ісінің құрметті қызметкері» деген төсбелгілер мен Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль беріледі. Көрші Ресейде осындай атақ алған ұстаздарға 30 мың рубль, яғни 150 мың теңге көлемінде жалақыға үстемақы қосылады екен. Бізге де неге осы жүйені енгізбеске? Мысалы, спортшылар спорт шебері болса үстіне ақша қосылады ғой.
Жалақы еңбегіне, нәтижесіне қарай төленсе
Елбасымыз халыққа арнаған Жолдауларының бірінде: «Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы жұмыс нәтижесіне қарай төленуі керек» деген еді. Осыны біз негізге алуымыз керек. Талай шет мемлекетте, Батыс елдерінде, Англияда, Америкада болдық. Солардың көпшілігінде оклад дейміз ғой, жалақы жоқ. Мысалы, еліміздегі кез келген мектеп директоры 100 мың теңге жалақы алады делік. Жұмысты жақсы істесін, жаман істесін - сол жалақы. Ынталандыру, көтермелеу жоқ. Мұғалім де солай. Ғылыми жоба әзірлеп, оқушыларын қала, облыс, республика, тіпті халықаралық деңгейдегі түрлі сайыстарға қатыстырады. Алатыны - сол жалақы. Қасындағы әріптесі мұның бірін де істемейді. Алатыны – сол жалақы. Бірдей. Әділеттілік бар ма? Егер мектепке жаңадан келген жас маман 60 мың теңге алатын болса, ол ізденіп, талаптанып, өте жоғары деңгейде нәтиже көрсетсе, еңбегіне қарай жалақысы өсіп отыруы керек.
Мұғалімнің жұмысын қалай есептеп, қалай өлшеуге болады? Килограмммен бе, литрмен бе, әлде тоннамен бе? Меніңше, өлшенбейді. Халықаралық деңгейде еліміздің даңқын шығарып, көк туымызды желбіретіп жүрген чемпиондарға сыйлыққа бәленбай мың доллар ақша, пәтер, көлік беріп жатады. Өзінен-өзі чемпион болған жоқ қой олар. Чемпион кімнен шықты? Мұғалімнен шықты. Мұғалімдер де халықаралық деңгейде мерейімізді асырып, Әнұранымызды ойнататын жеңімпаз атанатын оқушы дайындайды. Бірақ бір тиын жоқ. Мұғалімдерді ынталандыру үшін неге шет елге білімін жетілдіруге, біліктілігін арттыруға немесе тегін емделуге жолдама бермеске? Бізге қазір кәсіподақ емделу шығынының 30 процентін ғана төлейді. Қалғаны мұғалімнің өз мойнында.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Еліміздегі мектептерді Назарбаев зияткерлік мектебінің деңгейіне көтеру керек» деді. Дұрыс. Толық қолдаймын. Назарбаев мектебі тест, емтихан тапсырту арқылы облыстың ең үздік оқитын балаларын таңдап алады. Кім жоғары ұпай алады, сол оқушыны қабылданады. Жай мектептер білім деңгейіне қарамастан жүз процент қабылдайды. Назарбаев мектебіндегі мұғалімдердің алатын жалақысын да ескеру керек. Айырмашылық жер мен көктей. Бұл – бір. Екіншіден, онда мұғалімдер тек қана сабақ береді. Тәрбие процесімен кураторлар мен тьютерлер айналысады. Үшіншіден, ол мектепте мұғалімдердің қаламсабына, қағазына, маркеріне дейін мемлекет қамтамасыз етеді. Бізде барлығы мұғалімнің мойнында.
Кезінде 25 жыл жұмыс істеген мұғалім зейнетке шығатын. Зейнеткерлікке жетпеген, қазір жұмыс істеп жүрген мұғалімдер болашақта 63 жаста шығады. Кейбір мекемелердегі кабинетте отыратын әйелдер қауымының жұмысы тыныш. Көз көреді, құлақ естиді. Жаза береді. Ал мұғалім баламен ойнау керек, баламен жүруі керек, баламен ән айтуы керек, баламен билеуі керек. Ойлаңызшы, 63 жастағы апа немерелерімен бірге баламен бала болып секектеп жүруі керек пе? Сондықтан мұғалімдерді бұрынғыдай 25 жыл болмаса да, 30 жыл еңбек еткеннен кейін зейнеткерлікке шығару мәселесі қайта қарауды қажет етеді.
Мың бағдарлама, мың оқулық..
Бүгінде колледждердің де жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Колледждердің мұғалімдеріне де мектептегі секілді әртүрлі санаттар беріледі. Жоғары, бірінші, екінші санат дегендей. Санат алу үшін ақ тер, көк тер болып, күні-түні ұйқы көрмей дайындалады. Бірақ алған санатына лайық жалақысына үстеме қосылмайды. Кейбір колледждер бюджеттен тыс қаражат арқылы санат алған мұғалімдерді ынталандырады деп естимін. Бірақ бәрі бірдей емес. Сонда олар не үшін аттестациядан өтуі керек? Колледждердегі тағы бір мәселе – мектептердегідей жаңа мазмұндағы бағдарламамен оқып жатқан мұғалімдерге де, физика-химия пәндерін ағылшынша жүргізетін мұғалімдерге үстемақы төленбейді. Қосымша жүктеме берілетін кафедра меңгерушілерінің жалақысына да ештеңе қосылмайды. Ал мектептердегі санат алған мұғалімдер, оқу ісі меңгерушілері мен директорлар бес жылда бір рет санатын қорғап, дәлелдеп отыруы қажет. Мәселен, қазіргі жаңартылған бағдарлама бойынша ең жоғары дәреже – педагог-шебер болса, егер мектеп директоры сол дәрежені 20 жыл бұрын алса да, 5 жыл сайын дәлелдеп отырса да жалақысына бір тиын қосылмайды. Санатты дәлелдеген сайын жалақыларына үстемақы қосылып отырса бір сәрі. Бұдан кейін жұмысқа деген қандай қызығушылық, қандай ынта-ықылас болады? Санат дегеніңіз жалған. Мұғалімдерді босқа қинау. Сондықтан санат дегенді алып тастау керек деп ойлаймын. Дұрысы, мұғалімдердің жалақысын өсіріп, жағдайын жасаған абзал. Сонда күнімен, түнімен жүреді. Ұрыспайсың да, тәрбиелемейсің де, қадағаламайсың да. Ал жұмыс істемейді екенсің, сол 60 мыңмен отыр. Жақсылап істейді екенсің, 70, 80, 90, 100, тіпті 200 мыңға дейін ал.
Қазіргі таңда жоғары санат алып, аттестациядан өту үшін кішігірім ғалым болуың керек. Жоғары санат алу үшін іс-тәжірибеңмен бөлісіп, арнайы бағдарлама жасау қажет. Келісемін, егер өзіндік ойы, айтары бар, мықты мұғалім болса іс-тәжірибесімен бөліссін. Газет-журналдарға шығарсын. Елімізде мыңдаған жоғары санатты мұғалімдер бар. Мыңдаған мұғалімдер аттестациядан өту үшін мақала жазу керек. Мың бағдарлама, мың оқулық. Кімге керек? Ешкім оқымайды да, ешкім пайдаланбайды да. Анадан көшірілген, мынадан көшірілген. Бұл құр уақыт кетіру. «Педагог мәртебесі» туралы қабылданатын заңда мұғалімдердің аттестациясы туралы ерекше тарау болуы керек деп есептеймін.
Тағы бір өзекті мәселе – студенттердің тәжірибеден өтуі. Студенттердің тәжірибеден өтуі көзбояушылыққа айналды. Университеттер мен колледждер 10-15 баланы топырлатып мектепке қоя береді. Бір, екі жұмаға. «Айналайындар-ау, мыналарың не? Менде үш-ақ мұғалім. 15 балаға қалай үйретеді? Әуелі келісімшартқа отырайық. Тәжірибеден дұрыстап өткізейік» дейміз. Айтуын айтамыз, ешкім қозғалмайды. Мәселен, біз университет-колледждермен алдын ала хат жазысып, келісімшартқа отырсақ. Келісімшартта мектепке қанша маман керектігін нақты көрсетсек, «4 жылда бізге осынша маман дайындайсың» деп өз талабымызды қойып, олар бізге кейін мектепте қалып, жұмыс істейтін студенттерді ғана тәжірибеге жіберіп отырса қандай жақсы. Сонда студент де алаңдамас еді, мектептің де кадр мәселесі шешілер еді. Бізде бәрі көзбояушылық. Келеді, практикадан өтеді. Өтірік баға қоя саламыз. Өтірік мінездеме жазып береміз. Қай мектепке кетеді, ол мектепке бара ма, бармай ма, онда шаруамыз жоқ.
Мұғалім мамандығын таңдаған талапкерге оқуға түсердің алдында психология мен педагогикадан тест тапсыру міндеттелсе. Мәселен, мен математиканы беске біліп тұрмын. Бірақ баланы жақсы көрем бе? Балалармен жұмыс істеуге дайынмын ба, тілін таба аламын ба? Мәселе - сонда. Қызыл дипломмен бітірген студент бәрін біліп тұрсын, жүрегі бала деп елжіремесе мектепке келудің қажеті жоқ.
Мектеп директоры неге жауапты емес?
Қазір барлық ата-ана баланы қолдайды. Мұғалімді баланың көзінше балағаттайды. Жерден алып, жерге салады. Соны айтқан ата-атаның баласын мұғалім қалай тәрбиелейді? Қалай білім береді? Мектепте тоқсанына бір рет ата-аналардың жиналысын өткіземіз. «Жұмыстамын» деп сылтауратып жиналысқа келмейді. Ал сонда баланың тәрбиесімен кім айналысады? Таңертең кетеді, түнде келеді. Балаларының күнделіктерін айлап тексермейтін ата-аналар бар. Қандай шара қолдануға болады? Әкімшілік Кодексте бар. Бірақ біз оны қолдана алмаймыз. Сотқа беруге де болады. Бірақ сабақ бересің бе, тәрбие процесімен айналысасың ба, соттасып жүресің бе? Сондықтан ата-ананың да жауапкершілігі болу керек.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевпен кездесуде: «Министр мырза, директорға қаншама мың баланың тағдырын сеніп тапсырасыздар. Мектеп директоры барлығына жауапты. Мектеп директоры неге жауапты емес? Соны айтыңызшы» деп сұраған едім. Бұл сұраққа ешкім жауап бере алмайды. Расында, директор нақты неге жауапты? Бұл туралы бір күн айтуға болады. Неге жауапты емес? Жауап жоқ. Бәріне жауаптысың. Ата-ана «баланы мектепке бердім, еті сенікі, сүйегі менікі» дейді. 11 жылдан кейін бір-ақ келеді.
Мектептегі қамқорлық кеңесі, ата-аналар комитеті, оның құқығы мен міндеттері де заңда белгіленуі керек. Бір сөзбен айтқанда, балабақшадан бастап, университетке дейін заңда жан-жақты қамтылуы қажет. Білім және ғылым министрлігі заң шикі болмауы үшін, бүгін қабылдап, ертең өзгеріс енгізбес үшін әр саладан, балабақшадан, мектептерден, колледждерден, университеттерден нағыз патриот қызметкерлерді шақырып, арнайы комиссия құрып, жақсылап талдап, талқылауы керек деп ойлаймыз.
Таңатқан ТҮМЕНБАЕВ,
Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің директоры
Өскемен