Аймақтар • 02 Қараша, 2018

«Атырау» газетіне- 95 жыл

790 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау аймағының тыныс-тіршілігін қалың оқырманға жеткізіп келе жатқан облыстық газеттің осыдан 95  жыл бұрын алғашқы нөмірі  шыққан болатын. Мерейлі датаға байланысты шаралар облыс орталығындағы Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынованың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.

 «Атырау» газетіне-  95 жыл

«Атырау»  газетінің мерейтойына орай «Атырау-ақпарат» орталығында медиа-музей мен интернет-канал ашылды.

Атырау журналистикасында тұңғыш рет ашылған медиа-музейге  400-ге жуық жәдігер қойылды. «Шежірелер сыр шертеді», «Журналист – оқиға ортасында», «Тарихы терең төларна» атты  3 бөлімнен тұратын  музейде екі облыстық, жеті аудандық газет пен облыстық телеарнаның шежірелі жолы туралы мәліметтер бар.

«Атырау» газетінің 95 жылдық мерейтойына арнайы келген Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен «Атырау» газетінде көптеген жылдар редакторлық қызмет атқарған Қилыбай Қуанышбайұлы медиа-музейдің  салтанатты ашылу лентасын қиды.

– Бүгін біз тағы да ерекше оқиғаның куәсі болып тұрмыз. Бұл музей – 95 жылдық тарихы бар газеттің ғана емес, бүкіл облыстың шежіресі. Осы өңір үшін терін төккен, көзінің майын тауысқан қажыр-қайратын жұмсаған адамдардың  тыныс-тіршілігі – осы музейде. Оның ар жағында облыстың экономикасы ғана емес, әдебиетіміз бен мәдениетіміз де тұр. Медиа-музей келешек ұрпақтар үшін үлкен қызмет атқаратына сенім білдіремін, – деді Қазақстан Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Медиа-музейде алғыс хаттар, танымал тұлғалардың қолжазбалары, ардагер журналистердің фотосуреттері мен құралдары қойылған. Сондай-ақ, «Атырау» телеарнасында 1967 –1977 жылдары қызмет еткен журналистердің фотосуреттері ілінген қабырға және «Атырау-Ақпарат» баспаханасының өнімдері де бар.

«Атырау-Ақпарат» медиа порталы да бүгін ресми түрде ашылды. Мұнда журналистерге барлық мүмкіндік қарастырылған.

Мерекелік шара  аясында өткен «Қазіргі қазақ журналистикасы: жаңа трендтер мен технологиялар» тақырыбындағы республикалық медиа-конференцияда облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атаулы күнмен құттықтап, табыс тіледі.

«Атыраудың» 95 жылдығына арналған шаралар легі «Ұлтқа–мұра, ұрпаққа – рух!» атты тарихи-танымдық экспедициямен жалғасады.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

Атырау