«Спандияр Көбеевтің атына дәрісхана беру көптен ойластырып жүрген шаруа болатын. Бұл керек іс. Өкінішке қарай білім саласының қайраткерлерін, белгілі ұстаздарды жастар біле бермейді. Дәрісхана атын беру біздің халқымыздың ұлыларын ұмыттырмай, жастарға насихаттаудың бір түрі деп білеміз. Біздің университетте мұндай іс жалғасын табатын болады», деді Еркін Аманжолұлы.
« Ыбырай Алтынсариннен білім алған, ізін жалғаған ұстаздар Қостанай жерінде аз болмаған. Олардың көшін ұлттың ұйтқысы болған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров бастады, оларды Спандияр Көбеев, Бекет Өтетілеуовтер жалғады. Спандияр Көбеевтің алғашқы кітабына көңіл бөлсек, ол «Үлгілі бала, үлгілі тәржіма» деп аталады. Ол кісі біліммен бірге баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Бұл Әл-Фараби бабамыздың «тәрбиесіз берген білім қауіпті» деген ойымен үндес», деді ақын Ақылбек Шаяхмет.
Дәрісхананың ашылу салтанатында Спандияр Көбеевтің інісі Оспаннан тараған Мағыш Ғаріпқызы, ақын Серікбай Оспанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы, тағы басқалар сөйлеп, ағартушы ұстаздың педагогикалық және әдеби мұраларының маңызы туралы айтты. Студенттер Спандияр Көбеевке арналған өлеңдерін оқыды, келушілер ұстаздың шығармашылығына арналған көрмені тамашалады.
Дәрісхананың ашылу салтанатынан кейін кемеңгер ұстаздың ұрпақтары атасына арнап ас беріп, оның рухына құран бағыштады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»,
Қостанай