Бейбіт ел озады
Қалай дегенде де, соғыстан, қақтығыстардан запы болған әлемдік қоғамдастық үшін ядролық немесе жаппай қырып-жоятын қаруы бар мемлекеттің сүйкімі жоқ. Сондықтан да, қос Корея арасындағы қазіргі жылымық жағдай талқыланып жатқан жоғарғы мінберлерде әлемдік қоғамдастық Солтүстік Корея басшылығына әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстанды үлгі етіп, жеткен жетістіктерін мысал етуде.
Елбасы биылғы Жолдауында сыртқы саясат мәселелеріне арнайы бір тарау арнап былай деді: «Біздің бейбітсүйгіш бағытымыз бен осы саладағы нақты айқындалған қағидаттарымыз өзін-өзі толық ақтап отыр». Демек, 27 жыл бойы ұстанған өзгелермен достық, стратегиялық серіктестік, тең дәрежелі әріптестік, еліміздің табысты жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бастамашыл белсенді сыртқы саясат жалғаса бермек.
Бірер мысал. Корей Республикасының Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чу-Хён жуырда Астанада өткен жиындардың бірінде: «Қазақстан тәуелсіздік алысымен ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, экономикасын дамытуға кірісіп кетті. Дәл осы тұста ядролық қаруға иелік етіп келген Қазақстан мен Солтүстік Кореядағы ахуал адам танымастай өзгере бастады. Қазақстан ашық азаматтық қоғамға таңдау жасап, экономикаға ден қойып, жас мемлекет қарыштап дами бастады. Осы уақыт аралығында Қазақстан өркендеу жолына түсті, ал ядролық қаруын жамбасына басқан Солтүстік Корей әлемнен оқшауланып, ядролық қаруға маңыз беріп, экономикалық дамуы тежеліп қалды», деген еді. Бұл жалғыз елшінің емес, әлемдік қоғамдастықтың пікірі десек, артық айтқандық болмас.
Қос Корея қашан бірігеді?
Бұл туралы дәл қазір тап басып айту қиын. Сондықтан да Солтүстік Кореяның Оңтүстік Корея мен АҚШ-пен қарым-қатынастары туралы түрлі пікірлер желдей есіп тұр. Бірақ, Оңтүстік Корея тарапы жағдайдың тұрақты және бақылауда екендігін айтуда. Екі арада сенім де қалыптаса бастағандай.
Жалпы, Солтүстік Корея мен АҚШ-тың денуклеаризация, яғни ядролық қарудан тазарған аймақ құру жайындағы келіссөздері оңайға соғатын, жеңіл процесс еместігі анық. Кейбір сарапшылар қос мемлекетті біріктіруде Германияны мысал қылады. Дегенмен, Кореядағы жағдайды Германияның біртұтас мемлекетке айналуымен салыстыруға келмейді. Өйткені қос Германия бір-біріне оқ атпаған болатын. Ал Корей түбегі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін оңтүстік пен солтүстікке бөлініп, мұнда талай кескілескен шайқастар болғаны белгілі. Соның салдарынан енді біртұтас ұлтқа айналу оңайға соқпай отыр. Бірақ биыл қос Корея арасындағы келіссөздердің жандануы халықаралық қауымдастықты түбекке үмітпен қарауға итермелеуде. Әсіресе, АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы маусым айындағы саммит, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы қыркүйек айындағы саммит жағымды жаңалықтардың жаршысына айналды. Мұндай қарым-қатынас аймақтағы, ғаламдағы бейбітшілік пен қауіпсіздіктің сақталуына өлшеусіз үлес қосып отырған біздің мүддемізге де сай келіп отыр.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматовтың пікірінше, аймақтағы бейбітшілікті қалыптастыруға Оңтүстік Корея өлшеусіз еңбек сіңіруде.
– Қазақстан тарапы Корей түбегінде уақыт пен техникалық талаптар сақтала отырып толық қарусыздану үдерісінің жүруіне, шиеленістің бейбіт жолмен шешілуіне мүдделі. Қазір мүмкіндіктер терезесі ашылды. Біздің еліміз бейбіт процестерге қолұшын беруге қашанда дайын. Қарусыздануға, бейбітшілікті қалыптастыруға байланысты тәжірибеміз де жеткілікті. Оның үстіне әлемдік қоғамдастық Қазақстанның қарусыздану үлгісін мойындады. Оған қоса шетелдік саясаткерлер де Корей аймағына Қазақстанның үлгісін ұсынуда. Ядролық қарудан бас тарту біздің елімізге әлемдік қоғамдастықпен арадағы интеграцияларға оң әсерін тигізді. Ал Кореядағы мәселе күш қолдану арқылы емес, диалогтар есебінен шешілуі тиіс, – дейді Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Сайып келгенде, қазір денуклеаризация – түбектегі басты тақырып. Осы орайда, жоғарыда аталған Корея Республикасының Қазақстандағы бұрынғы Төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чу-Хённің айтуынша, КХДР ядролық қарудан құтылған бойда екі мемлекет етене жақындаса түспек. Ал АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы келесі саммит Америкадағы алдағы жылға жоспарланған президент сайлауынан соң өтпек.
Елдестірмек – елшіден
Әрине, Корей түбегіндегі жағдайды тек құрлықтың немесе жекелеген аймақтың жан жарасы, проблемасы деп айтуға болмас. Әлемдегі қырғи-қабақ соғыс, жанталаса қарулану шаралары адамзатқа ешқашан опа әкелген жоқ. Санкциялардың шырмауында қалған Солтүстік Корея да әлеммен арпалысудың жөнсіздігін ұға бастаған кейіп танытуда. Бірақ КХДР-дың алдында бейбітсүйгіштіктің жарқын үлгісі мен нақты ұсыныстар бар.
Мәселен, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Майкл Гиффорд: «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы ұсынысын әлем құптады. Бұл – бейбітсүйгіштік саясаттың жарқын үлгісі. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап сыртқы әлемге ашықтықты, нарықтық экономиканы таңдады. Ал Корей түбегіндегі ахуал енді қос мемлекетке байланысты», дейді. Елші бұл пікірін Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған халықаралық семинарда жеткізді.
Жалпы, жуырда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның төрағалығымен өткен «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: КХДР» деп аталған жоғары деңгейдегі отырысында Қазақстан Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ядролық қарусыздану кезеңділікті, шыдамдылықты, келісімді және барлық мүдделі тараптардың адал ниетін талап етеді және Қазақстан оны өз тәжірибесінен біледі деп атап өткен еді. Сонымен қатар Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен ядролық қарусыз жолды таңдаудың арқасында Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың сенімді серіктесіне айналғандығын, инвестиция тартып, экономикалық дамуды қамтамасыз еткендігін атап айтқан болатын.
Шынтуайтына келгенде, қазір қос Корея ажырап қалған туыстарды біріктіру, темір жол желілерін тұтастыру, алдағы жазға Олимпиада ойындарын бірлесе өткізу мәселелерін қарастыруда. Бұл – нағыз бірліктің бастауы болмақ.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»