Кітапты археолог Ерден Оралбай құрастырып жинақтаса, көркемдеп, ерекше дизайнмен жарыққа шығарып қолдау көрсетуде «Асыл тас» компаниясының директоры Дулат Тастекеевтің еңбегі зор. Биылғы жылы үшінші басылымы жарыққа шығып отырған кітап жеті бөліммен толықтырылған екен. «Алтайдан Арқаға дейін...» бөліміне көне заман ескерткіштері, археологиялық зерттеулер барысы, ғалымдардың зерттеу мақалалары, саяхатшылардың естеліктері енсе, «Ерлікке толы сол заман» бөлімінде қазақ халқының басқыншыларға қарсы ерлікке толы күресі, Шыңғыстау мен Қалбаға, Алтай мен Тарбағатайға қайта қоныстануы, Абылай хан бастаған батырлар жорығы, билер мен қаһармандар туралы мәліметтер келтірілген. Осылайша өңір тарихын айшықтайтын «Халқымның қилы тағдыры», «Ел іші – өнер кеніші», «Қуатты шаруашылық, бұлжымас заң – ел дамуының негізі», т.б. бөлімдер бүгінде осы өңірдің дамуына үлес қосқан азаматтардың ерен ерліктеріне арналады.
Альманах Мемлекеттік сыйлықтың иегері Досхан Жолжақсыновтың алғысөзімен басталыпты. Ал осы игі іске қолдаушы болып жүрген Дулат Тастекеев «Байтақ еліміздің әр түкпірі жайлы қазбалап зерттейтін болсақ, әлі талай кітап жазуға болады. Біздің арманымыз – осы жобаның үлгісімен әрбір өлкенің белсенді азаматтары туған өңірі жайлы қызықты жазбалар беретін парақша ашса, сөйтіп Қазақстанның бүкіл аумағында өлкетану ғылымын жандандырып, экотуризмді дамытса... Туған өлке жайлы жастарға білім беретін, насихаттайтын, сол арқылы Отанына деген сүйіспеншілігін арттырып, ел тарихына деген құрметін асқақтататын осындай әлеуметтік жобалар көбейе берсін» деген пікірін білдірді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ