Қазақстан • 05 Қараша, 2018

Энергетика саласын жетілдіру көзделмек

792 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында энергетика саласына қатысты келіссөздер жүргізілген болатын.  Артынша, «KEGOC» АҚ орталық кеңсесінде ТМД электр энергетикалық кеңесінің 53-ші отырысы өтіп, онда алдағы уақыттағы күз-қыс науқанына дайындық барысы талқыланды. 

Энергетика саласын жетілдіру көзделмек

Жиынға Әзербайжан, Ар­мения, Беларусь, Қазақстан, Қыр­ғызстан, Молдова, Ресей және Өзбекстан елдерінің энерге­тика саласындағы мемлекеттік ат­қарушы органдары мен ком­паниялардың өкілдері, сонымен қатар ТМД атқарушы комитеті мен Еуразиялық экономикалық ко­миссия және «Энергия» БДО өкілдері қатысты.

Жиында электр энергетика­сы саласында ТМД-ға мүше-мем­лекеттер арасындағы өзара  іс-қимыл және ынтымақтастық стратегиясына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, аталған саладағы 13 келелі мәселе талқыға салынды. Ресей Федерациясының Энергетика министрі Александр Новактың айтуынша, аталған ұйымға мүше-мемлекеттердің энергетика саласындағы әріп­тестік байланысы артып келеді. 

– Электр энергия жүйесінде ТМД-ға мүше-мемлекеттердің өзара бірлестікте жұмыс жүргізуі аса маңызды. Бұл ретте, аталған салада қауіпсіздік сақтау шараларын, сонымен қатар халыққа және кәсіпорындарға электр қуатын жеткізуде қызмет көрсету сапасын жақсартуды көздейміз. Біздің жүйені жеке алып қарау мүмкін емес. Барлығы бір-бірімен тығыз байланысқан. Бүгінгі кеңесте күзгі-қысқы науқанға дайындық шаралары, электр энергиясымен қамту мәселелері қарастырылып отыр. Бұл кезеңдерде энергия қуатына сұраныстың екі есе артатыны түсінікті. Сондықтан тапшылық туындамас үшін дайындық шаралары жүргізілуде, – деді А.Новак. Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстан арасында энергетика саласындағы барлық бағыт бо­йынша жұмыс атқарылуда. Таяуда екі ел ара­сындағы мұнай-газ саласында келісім жасалса, сонымен қатар «Байқоңыр» ғарыш айлағын газдандыру бойынша келісім дайындық үстінде.

Қазақстанның Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, аталған жиында ТМД электр энергетикалық кеңесі мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастық арасында ортақ келісімге қол қойылды. Айта кетерлігі, Қазақстан екі ұйымға да мүше-мемлекет болғандықтан екі тараптың ұсыныстарынан қарама-қайшылық көрмейді. Ал Әзербайжан мен Тәжікстан сынды елдер үшін бұл құжаттың маңызы ерекше болып отыр.

– Басқосуда сонымен қатар энергетика саласын қалай дамыту керек деген сұрақ төңі­ре­гінде пікір алмастық. Бұл та­қырыпты көтеріп отырған себе­біміз, Ресей мен Қазақстанда энергетиканың даму деңгейі бір болса, Тәжікстан мен Арменияда басқа деңгейде. Жалпы, кеңеске мүше елдердің энергетика саласын бір арнаға тоғыстыру назарға алынбақ. Сонымен қатар ТМД елдеріндегі ЖОО-да энергетиканы оқытудағы ортақ стандарт енгізу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта ұйымға мүше-мемлекеттердің түлектері еш кедергісіз электр энергиясы саласында өз біліктіліктерін кез келген жерде көрсете алады, – деді Қ.Бозымбаев.

ТМД елдері Үкімет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында бекітілген келісімнің ішінде атом энергетика саласы да бар. Оны іске асыру жолдары ТМД электр энергетикалық кеңесінің 53-ші отырысында кеңінен қарастырылды.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»