Қоғам • 05 Қараша, 2018

Жазықтыны жарылқау

632 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жазықтыны жарылқау

Өмірде талай қызық бар. Кейде адам сенбейтін ғажайыптар да кездеседі. «Шаруам бітті-ау» деп үмі­тін үзіп тұрған жан ойда-жоқта ты­ғырықтан шығып кетеді. Мұны кейде кездейсоқтық деп те жатамыз. Сон­дай бір қызықты әңгімені айтқалы отырмыз.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары болса керек. Ол кезде алыс жайылымдарда автокөлік жүргізушілері де жүздетіп жү­реді. Онсыз өмірдің мәнісі жоқ сияқты. Кеңшар орталығынан ұзай жүргізушілер өздері межелеген жерге міндетті түрде аялдап өтеді. Өңештен «ақмағамбет» бір өтіп алған соң арғы жағы көңіл көтеретін суды қанша құйсаң да көпсінбейді.

...Асқар бұл жолы да армансыз сілтеді. Қасындағы серіктері де кілең бір «сен тұр, мен атайындар» еді. Әр қыстауға келген сайын «денсаулық үшін», «ынтымақ үшін» бір бөтелке босап қалып жатты.

Бір кезде Асқардың буын-буыны босап, қалғи бастады. Қасындағылар әлдеқашан қо­рыл­ға басыпты. Осының өзі оған жеткілікті еді. Әттең, енді бір асуға іліксе болды. Арғы жағында шопанның үйі бар. Осыны ойлап келе жатып ұйықтап та кетіпті...

«ГАЗ-53» жүк машинасы солқ етіп әлденеге соқтығысқанда жүр­гі­зуші оқыс оянып, көзін ашып алыпты. Не болғанын түсінбей қалған ол әуел­гіде мәңгіріп ұзақ отырып қалды. Есін жиғанда Қасымбек қойшының тұр­ған үйінің бір қабырғасын құлатып, маши­наның ішіне сұғына кіріп тұр­ғанын көрді. Құлағына адам­дардың шулап жүрген дауысы келді. «Бітті деген осы. Қасым­бектің отбасындағы біреуді мыжып кеткен екенмін ғой» деп ойлады Асқар. Не істеу керек? Ол орнынан зорға қозғалып, кабина есігін әрең дегенде ашып, жерге түсті. Қабырға опырыла құлапты. Машина кабинасындағы үшеу әлі түк те сезер емес, қорылға қорыл қосып, дүниені дүрліктіріп жатыр.

Асқардың ендігі бір ойы қашып құтылу. Осы оймен сытылып шыға беріп еді, оны біреу тас қылып ұстап алды.

– Асеке, қайда барасыз? Біз бір қой сойып, сіздің оянғаныңызды күтіп отырмыз, – деді ол.

«Қой сойылып, қазан көтеріліп жатса, тошно кінәлімін, кінәлімін. «Кешіріңіздер» деп ол жерге сылқ етіп отыра кетті.

– Қайдағы кінәлісің? Біз сіздің құрметіңізге қой сойып, қол қусырып, қызмет жасағалы отырмыз, – дейді қойшының баласы.

«Е, милиция қызметкерлері келгенше мені алдап-сулап ұстай тұрмақ қой, мына зәлімдер» деген ой келді Асқарға. Бірақ, қашып қайда барады? Үкіметтің құ­ры­ғы ұзын, қайда барып тығылса да итпен іздеп тауып алады. Сосын түрменің тереңіне кетеді. Үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздары бар.

Олардың жағдайы қалай болмақ? Бұл сотталып кетсе көздері жәутеңдеп кімге телміріп жүреді? Осыны ойлап Асқардың жүрегі қан жылады. Әй, атаңа нәлет, қу арақ-ай!

– Үйге жүріңіз, – деп Қасым­бектің үлкен ұлы Нұрғали оны жетектеп келе жатты.

Есік ауызында шопанның тағы бір ұлы құман мен сүлгі ұстап тұр екен. Иісті сабын да қойыпты. «Не ­де болса болары болды, бояуы­ сіңді» деп ойлаған Асқар жақ­сылап жуынып алды. Ағайын-жекжатқа көрсетуге бет те керек. Ісініп кеткен табақтай бетпен олардың жүзіне қалай қарамақ?

Жуынып алған жүргізушіні үй иелері қауқылдап үйге кір­гізді. Құ­ламай қалған бөлмеге ұзыннан-ұзын дастарқан жайылыпты. Шал­ғай­дағы шопан үйінде бүгінгідей ас­та-төк азық-түлік қайдан болсын, дас­тарқанға барын қойыпты. Қазаннан жаңа түскен ыстық бауырсақтың иісі танау қыттықтайды. Отағасы жазықты жүргізушіні қолтығынан демеп, төрге оздырды.

– Құтқарушымсыз. Сізді Құдай айдап келген шығар, – деп қояды өзі.

Бұл не құрмет? Жұрт неге дау­рығып жүр? Түсінсе бұйырмасын. Осы кезде үйге тұмсық тірей тоқ­таған машинаның қалған жолаушылары да оянып, жуынып-шайынып, қонақ бөлмеге кіре бастаған еді. Асқардың көзі алақандай, айналасына жалтақ-жалтақ қарайды.

Әп-сәтте буы бұрқырап қуыр­дақ келді. Оған ілесе көкмойындар да тізбектеле қалды.

– Ал ағайындар, көктен күт­кен құт­қарушымыз жерден табылды. Құт­қарушы үшін бір-бір­ден алып қоялық, – деп Қасым­бек ста­кандарға жағалай арақ құя ­бастады.

«Ақыры айыпты болдым. Бас жазып алайын. Сосынғысын көре жатармын» деп ойлаған Асқар қырлы стакандағы мөлдірді сарқа ішті. Енді айналасындағылар бұлыңғырланбай, анық көріне бас­тады. Байқайды, бәрі мәз-мейрам. Үй иелерінің де қас-қабақтары жадыраңқы. Бұл не жұмбақ?
Табақтағы қуырдақ тақұл-тұ­қыл таусыла бастағанда күні бойы жұмбақ болып келген жайттың де құпиясы ашылды-ау. Мәселенің мәнісі мынада екен.
Қасымбектің бір ағайыны көп­тен бері сал болып ауырып жатыр екен. Дәрігерлер де сірә одан күдер үзсе керек. Таң енді бо­зарып атып келе жатқанда қабырға сарт етіп құлап, екі көзі шоқтай жанып гүрілдеп әлдене кіріп келгенде төсек тұтқыны болып жатқан Тұңғыш орнынан атып тұрып, сыртқа жүгіріп шыққан ғой. Бірнеше жыл сал болып жат­қан ағасының үйден жүгіріп шық­қанын көрген Қасымбек қуанбай кім қуансын енді. Содан Тұң­ғышты ұстап алып «қане, жү­ріңізші» десе ол тоқтамай жүріп кетеді. Тіптен, ешқашан ауыр­маған сияқты. Қабырға деген не тәйірі?! Ертең-ақ қайта көте­реді. Ал, ағасының орнынан тұрып, жүріп кеткені үлкен қуаныш емес пе? Жазықтыны жарылқап жатқандағы мәселенің мәнісі осында екен.

Содан Асқар бастаған топ сол күні әйда, бір аттың басын жіберді-ай.

– Өмірімде арақтан тартқан азабым көп. Бірақ тап мынадай жақсылыққа себепші боламын деп ешқашан ойламаппын. Сол күнгі қуанғаным-ай. Қазір Тұңғыш көкем жер басып жүр. 

Сол бір оқиғадан соң да талай уақыт өтті. Міне, жазықтыны қалай жа­рыл­қады дегенде айтпағымыз осы еді.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ