Байқауға қатысушыларға Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Кім жазықты?», «Қамар сұлу» туындыларынан сахналық көрініс, поэмалары мен өлеңдерінен үзінді оқу, «Өлең қоржынынан» атты бөлімде өлеңдерін мәнерлеп оқу және ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты сұрақтарға жауап беру сынды шарттар қойылған.
Байқаудың осы шарттарына лайықты өнер көрсеткен облыс орталығындағы №43 мектептің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Инга Гросс 1-ші орынды иеленді.
Инга Гросс өңірдегі Май ауданы, Саты ауылында туып өскен. Өмірден өткен атасы Отто Гросстың әке-шешесі Райнгольдтер отбасы соғыс жылдары қуғын–сүргін көрді. Қазақ жерінен пана тапты. Ұл-қыздары, немерелері қазақ тілінде оқып білім алды.
Ал, 2-орын №25 орта мектептің оқушылары Дамира Түсіпбекова мен Нұр Дәулетқан, 3-ші орын №30 орта мектептің оқушысы Ажар Кеңес пен педагогикалық университеттің 2-курс студенті Ұлжан Әбсадықоваға берілді.
Ал, 27-қазанда «Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» атты қалалық байқауға қатысушылар Баянауылдағы Торайғыр ауылына жол тартты.
Ауыл мектебінде «Мен - қазақ,«қазақпын» деп мақтанамын» атты Сұлтанмахмұт оқулары күні өткізілді.
Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бөлім меңгерушісі Мейрам Нұғыманның айтуынша, жыл сайын өтетін әдеби байқаудың қатысушылары байқаудан соң ақынның өскен жері Баянауылдағы Торайғыр ауылына келеді. Ақынның кесенесіне тәу етіп, музейін аралату дәстүрге айналған.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Сұлтанмахмұттың қоңыр күзі» атты қалалық байқау, ақынның ізі қалған туған жеріне саяхат, мектеп оқушылармен кездесумен жалғасты.
Байқау қатысушылары Торайғыр көлі жағасындағы «Мұртты қорған» аталып кеткен көне қорымдарды аралап, тарихи ескерткіштер жайлы көріп, білді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы
Баянауыл ауданы