Ағылшын тілі ауыл аралап кетті
«Жас Отан» жастар қанаты мен «Болашақ» қауымдастығы бірігіп жүзеге асырып жатқан «English for Jastar» әлеуметтік-ағартушылық жобасына Қарағанды облысы да белсене қатысуға ниет білдірді.
Бүгінде өңірдің алты ауылдық мектебінде 12 ерікті ағылшын тілін үйрете бастады. Олардың ішіндегі екеуі АҚШ-тан келген, осы тілдің уызына қанып өскен жас мамандар. Гарвардтық Кеннет Палмер Осакаров ауданындағы балаларды оқытып жатса, Нью-Йорк тұрғыны Мириам Гринфилд Нұра ауданындағы балаларға ағылшын тілінің әліпбиін үйретіп жүр. Ал қалған 10 ерікті Қарағандыдағы жоғары оқу орындарындағы үздік студенттер арасынан іріктеліп алынған.
Жоба жоспарына сай, екі ай ішінде ауылдық жердің 500-ден астам баласы мен ұстазы күн сайын сөйлесу клубтарында тілдік тәжірибеден өтуі тиіс.
Айта кетерлігі, ауыл балалары бұрын-соңды ағылшын тілі иегерлерінен тікелей дәріс алып көрген емес. Жоба осынысымен қызықты һәм нәтижелі болмақ.
Жобаға облыс басшылығы да қызығушылық танытып отыр. Мысалы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының таяуда өткен есептік-сайлау конференциясы барысында облыс әкімі Ерлан Қошанов бұл турасында былай деді:
– Бізге ағылшын тілді сайттардан өздеріне қажетті ақпаратты, өз бетінше өнімдерін өткізе алатын нарықты іздеп таба алатын, жаңа технологияларды енгізетін, әлемді шарлайтын ақылды, алға жылжыған аргарийлер керек.
Облыс басшысы аталған жоба бір реттік қана болып қалмай, алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілек білдірді.
Айта кету керек, бұл маңызды шараға отандық және халықаралық ірі ұйымдар серіктес болып отыр. Ұйымдастырушылар ағылшын тілін оқытатын еріктілерді уақытша жатын орынмен, тамақпен және басқа да қажеттіліктермен толықтай қамтамасыз еткен.
Құлақты жарған жарнамаға тыйым бар ма?
Кеншілер астанасындағы адам көп жиылатын аялдамалардағы құлақтың жарғағын жаратын дыбыстық жарнамадан жұрт әбден мезі болған. Қала тұрғындарының осы жайтты айтып, шағымданғанынан әзірге нәтиже шығар емес.
Бұл мәселенің ушыққаны сонша, таяуда облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста өңір басшысы Ерлан Қошановтың өзіне қала көшелеріндегі дыбыстық жарнамаларды тәртіпке келтіру және көшедегі ретсіз сауда туралы мәселені қозғауына тура келді. Талқылау барысында облыс әкімі қарамағындағы қызметкерлердің қала тұрғындарының мұң-мұқтажына жеткілікті деңгейде көңіл аудармайтынына қынжылыс білдірді. Жұрт шағымды қарша боратады, ал қалаға жауапты шенеуніктер оны жүре тыңдайтын сияқты. Әйтеуір, мәселені шешуге келгенде құлықсыз...
Бір ғана мысал, облыс әкімінің блогына Қарағанды қаласындағы Пришахтинск елді мекенінің Зелинский көшесіндегі ретсіз саудаға қатысты тұрғындардан 17 шағым келіп түскен екен. Бірақ селт еткен бір де бір әкім болмапты. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров сұрақтың түсінікті екендігін айтқанымен, мәселенің түйіні бүгінге дейін тарқатылмай келеді.
– Егер сұрақ түсінікті болса, онда тәртіпке келтіріңіздер, – деп қатаң ескертті Е.Қошанов.
Жоғарыда айтқанымыздай, облыс орталығындағы қордаланған мәселенің бірі – дыбыстық жарнама. Қала басшылығы осы мәселе қозғалса болды, заңнамалық тұрғыдағы құқықтық олқылықтарға сілтеп, өз бастарын арашалап алуға тырысады. Яғни, олардың айтуынша абаттандыру ережелеріне өзгертулер енгізу қажет. Сонан соң олар бұл жағдайға қоғамдық денсаулық қорғау басқармасы сәйкесінше өлшемдер жасап, ықпал ете алатынын алға тартты.
Әлбетте, мұндай жауап облыс әкімін қанағаттандырмады.
– Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын сіздер бізге децибелдерді өлшейміз деп уәде берген болатынсыздар. Дыбыстық жарнама адамдарға кедергі жасап жатыр. Нәтижелі шаралар қолдануға болмас па еді? Ол небәрі 5-6 нүкте емес пе? Сіздер оның иелерін білесіздер. Шақырыңыздар, әңгімелесіңіздер, бұл мәселені соңына дейін шешіңіздер, – деген Е.Қошанов жауапты қызметкерлер алдына қатаң талап қойып, нақты тапсырма берді.
Жауапты лауазымды тұлғалардың облыс әкімінің тапсырмасын орындауға асықпағандарына қарағанда, дыбыстық жарнама дегеніңіз ауадан ақшаны қарша жаудыратын бизнес көзі сияқты. Дегенмен, жұрттың жүйкесімен ойнауға болмайды. Көшені азан-қазан қылып, дауысы бір сембейтін дыбыстық жарнамаға да тыйым салынар күн жақын дегенге сенгіміз келеді.
Жүйткігеннің жөні осы екен деп...
Жақында облыс әкімдігінде құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы болды. Оған облыстың прокуратура, ҰҚК департаменті, ішкі істер департаменті, жергілікті полиция қызметінің және қала басшылығының өкілдері қатысты.
Сол жиында жолдағы апаттық жағдайлар туралы есеп берген Қарағанды облысының ІІД ЖПҚ бастығының орынбасары Олжас Арыновтың мәліметіне сенсек, биыл өңірде 730 жол апаты орын алған екен. Өткен жылы бұл көрсеткіш 797 болған. Соңғы бес жылдың жалпы статистикасын алар болсақ, жол бойындағы қайғылы оқиғалар саны азайып келе жатқан көрінеді.
– Әрбір үшінші жол апаты жылдамдықты шамадан тыс асырумен байланысты болады. Ал әрбір тоғызыншы апат жаяу жүргіншілер өтетін аумақтарда ереже бұзу және қарсы жолаққа шығып кетумен байланысты болып отыр. Бүгінгі таңда жол апаттарының 80%-ы жүргізушілердің кінәсінен орын алады, – деп атап өтті Олжас Арынов.
Ішкі істер органының өкілі, сонымен қатар, жолдағы апат санын төмендетуге септігін тигізетін бірқатар ұсыныстарды атады. Мысалы, күре жолдарда қарама-қарсы жолақтарды бөліп тұратын бөгеттер орнату, жарық шағылысатын белгілер қою апаттың алдын алуға көп көмегін тигізеді екен. Сондай-ақ жолдың тік өрлеу тұстарында бетпе-бет қақтығыстарды болдырмау үшін полицейлер «қосымша арнайы жолақтар» салуды ұсынып отыр. Олар баяу жүретін үлкен жүк көліктеріне арналады.
Әрине мұның бәріне де қомақты қаржы керек. Әйтсе де адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Полиция өкілінің айтқан ұсыныстары жолдағы қауіпсіздікті күшейтер болса, одан аянар несі бар? Дегенмен, мәселенің шешімі мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Жүйткігеннің жөні осы екен деп, алды-артына қарамай зымырайтындар айналасына зардабын тигізбес үшін күре жолдың бойында темірдей тәртіп болуы керек.
Кемшіліктер түзелсін деген талап қойылды, сәйкесінше жауап соған сай болса, қәні?
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ